Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Шалқыма» көрмесі ашылды

17.05.2026, 20:35 34

18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай Салихитдин Айтбаев атындағы көркемсурет галереясы алаңында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, талантты суретші Әлжан Рүстем Мансұрұлының «Шалқыма» атты жеке көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.

Іс-шараны Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мансұр Нұрмат Абдуллаұлы ашып, көрменің өңірдің мәдени өміріндегі маңызына ерекше тоқталды. Сонымен қатар, ол Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының алғыс хатын табыстап, суретшіге шығармашылық табыс тіледі. Өз кезегінде Қазақстан Суретшілер одағы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Темірбек Нұрғалиұлы мен ағашты көркемдеп өңдеу шебері Мұратәлі Көшкінбаев автор туындыларының ерекшелігіне жоғары баға беріп, өнер иесіне ізгі лебіздері мен шығармашылық шабыттарын білдірді.

Салтанатты кештің көркем бөлігі күй өнерімен өрілді. Күйші, сазгер, Құрманғазы атындағы халықаралық байқаудың лауреаты Ысқақов Абылайхан Жантөренің «Шалқыма» күйін орындаса, Тоқтар Ағыраев Қорқыт атаның «Қоңырай» күйін қобызбен тарту етті.

Шара соңында суретші Әлжан Рүстем Мансұрұлы қонақтарға алғысын білдіріп, көрменің жасалу ерекшеліктері, қолданылған техникалық тәсілдері мен шығармашылық ізденістері жөнінде кеңінен әңгімеледі.

Көрмеде автордың 70-тен астам туындысы ұсынылған. Жұмыстардан суретшінің шабытқа толы, еркін шығармашылық ізденісі айқын көрінеді. Қалың жағылған бояу мен бедерлі фактура әр туындыға тереңдік беріп, жарық пен көлеңкенің үйлесімі автордың ішкі сезімі мен көңіл күйін әсерлі жеткізеді. Рүстем Мансұрұлы шығармалары мазмұн тереңдігі мен өзіндік стилі арқылы ерекшеленіп, әр туындысы суретшінің ішкі жан дүниесі мен шабыт әлемінен өрілген көркем бейнеге айналған.

жаза кеткен жөн, көрме 2026 жылғы 17 маусымға дейін жалғасады.


Ақпарат: Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі


Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: