Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Сезім тақырыбын түсіндірген қойылым»

03.04.2024, 22:00 96

HALYQLINE.KZ

Жастық шақты көзбен көру – қас қағым сәт. Ал сол өткен дәуренді театрдың көрермен залында отырып көру кері қайтпайтын уақытты артқа жылжытқандай сезім сыйлайды. Көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, жастық жалынды сезіндірген «Сезімді қайтейін?» туындысы театрға келгендердің көзінен жас шығара білді. Халықаралық театр күніне орай Қызылорда қалалық «Жастар» театры қойған кезекті қойылым  көрермендердің жоғары бағасын алып, ыстық ықыласына бөленді.

«Сезімді қайтейін?» – қос ғашықтың баянсыз махаббатына құрылған, музыкалық және поэзиялық диалогтар үйлесімін тапқан ерекше махаббат көрінісі.

Мектеп бітіру кешіндегі түлектердің түрлі арман-тілектерімен басталған қойылым Америкаға оқуға кеткен Аружан есімді қыздың сезімге адалдығы, ол сүйген жанның тағдыр жолындағы шешімдерімен шиеленіседі. Қойылымның режиссері Берік Ахмед жастарға өтімді спектакль қоюды мақсат еткенін айтты.

Қойылымды қойғандағы мақсатымыз – тек ғана драма, трагедия қоймай, ән мен биден құралған, жастарға да, ересектерге де өтімді ностальгия әндерді пайдаланып, ерекше әсер қалдыратын қойылым қойғымыз келді. Бізде көп уақыт болған жоқ. Мереке, наурыздың қарсаңына орай екі апта дайындық жүргізіліп, осы қойылымды қойып отырмыз, – деді режиссер.

Қойылымның негізгі кейіпкері болған Аян мен Аружан мұндай тағдырлар өмірде бар екенін көрсетті. Махаббатты бір сәттік құбылыс деп ойлайтындар осы қойылымның арқасында мәңгілік махаббат пен ыстық сезімнің ғұмыр бойына жалғасатынын түсінетіндей туынды болды. Актерлердің көбі оқушы болғандықтан, жастар бұл қойылымды ерекше қабылдап, шынайы сезінгенін жасырмады.

Байқауымша, актердің көбі – оқушы. Өзіміз де оқушымыз. Сондықтан, мен үшін спектакль шынайы әсер берді. Аружанның орнына өзімді қойып көрдім. Сүйген жігітіңді 5 жыл бойы сағынып, күтіп келгенде оның келіншегі мен жөргектегі сәбиі бар болып шығады. Бұл – махаббаттың ең ауыр жауабы. Сол үшін болар, көзіме жас алып көрдім. Жалпы, сезім тақырыбын түсіндірген қойылым болды, – деді көрермен Сабина Ерталапқызы.

Ал Аян рөлін сомдаған актер Нұртуған Әбдіразақов өз кейіпкерін ашу қиын болмағанын айтты.

Мен Аян есімді кейіпкердің кішкентай кезін, яғни оқушы кезін ойнаймын. Бұл рөлді маған алып шығу ондай қатты қиындық тудырған жоқ. Себебі біз өзіміз де оқушымыз. Мектептегі атмосфераны сезіндіру қиын болмағанымен, сөздерді әсерлі жеткізу, ғашықтардың кездесуін шынайы түрде сомдау – дайындықпен келген жұмыс. Көрерменге ұнады деген ойдамын, – деді Нұртуған Әбдіразақов.

Қойылым соңында театр ұжымына Қызылорда облысы әкімі аппараты, облыстық мәдениет басқармасы, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының алғыс хаттары табысталып, театрдың қоюшы суретшісі Жарқынбек Елеусінұлы «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды.

Қойылым көрермендері Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық театрының басшысы Мұхтар Ниязов, қалалық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Жағыпар Тажмаханов, облыстық кәсіподақ төрайымы Раушан Балтабайқызы жылы лебіздерін білдірді.

Е.СӘРСЕНҰЛЫ

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: