Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қоңыраулы жыр киесі, ақ домбыраның иесі» атты еске алу кеші өтті

17.05.2026, 17:18 33

Аудандық мәдениет орталығының ұйымдастыруымен З. Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйінде қазақтың жыраулық өнерін биікке көтерген белгілі жыршы Набат Тілеужанқызын еске алуға арналған «Қоңыраулы жыр киесі, ақ домбыраның иесі» атты жыр кеші өтті.

Еске алу кешін аудан әкімінің орынбасары Ш. Есжанов ашып берді. Өз сөзінде ол Набат Тілеужанқызының жыраулық өнерді дамытудағы өлшеусіз еңбегін, ел руханиятына қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Кеш қонақтары қатарында Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын Оңталап Базарәлиев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Талғат Тілеулесов, жыраулар мен жыршылар, мәдениет саласының өкілдері мен Набат жыраудың туған-туыстары қатысты.

Сондай-ақ, сахна төрінде «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Айбек Тәңірбергенов, жыршы Ғанибек Өмірзақов, Лиза Күптілеуова, Зәуре Зекешова, Демеубай Жолымбетов, халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының мүшесі Шолпан Бимбетова, «Нар қыз» жыр мектебінің жетекшісі Нарқыз Қуанышбайқызы және өзге де өнер майталмандары өнер көрсетті.

Сондай-ақ Қызылорда қаласынан арнайы келген ақын Ә. Ерженіс Набат Тілеужанқызына арналған арнау жыры орындалды. Сонымен қатар Набат жыраудың төл шәкірттері мен ізбасарлары жырдан шашу шашып, ұстаз рухына тағзым етті.

Жыр кешінде Набат Тілеужанқызының өнердегі болмысы ғана емес, оның адамгершілік қасиеті, шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі, туған жерге деген сүйіспеншілігі кеңінен айтылды. Оның қоңыр үні мен тағылымды жырлары халық жадында мәңгі сақталатыны сөзсіз.

Арал ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: