Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімі мәдениет қызметкерлерін мерекесімен құттықтады

21.05.2020, 10:10 372 0

HALYQLINE.KZ 

Құрметті мәдениет және өнер саласының қызметкерлері!

Сіздерді 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», – деген болатын.

Бастауы ұлы абыз Қорқыт баба есімімен тығыз байланысты ежелгі сарынның бүгінге дейін жетуі – қазақ жерінің барша түркі халқының атамекені болғанының бір куәсі. «Сыр елі – жыр елі» атанған өңіріміз ежелгі заманнан-ақ ділмар шешендер мен жезтаңдай, жыр жақұтын терген жыршы-жырауларға, күміс көмей әншілерге кенде болмаған, Сыр сүлейлері деген ұғымды қалыптастырған. Қазіргі таңда облыс бойынша мәдениет және өнер саласында 3152 қызметкер еңбек етеді, оның 1674-і – шығармашылық мамандар.

Өткен жылы өңірімізде халықаралық деңгейде «Парасатты поэзия», «Қорқыт және Ұлы дала сазы» фестивальдері мен суретшілер симпозиумы ұйымдастырылып, Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрына «Академиялық» мәртебе берілді. Облыстық филармонияның камералық оркестрі түркітілдес елдердің қатысуымен Босния-Герцеговина мемлекетінде өткен классикалық камералық оркестрлер фестивалінде, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі Мәскеуде өнер көрсетті.Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы өңірімізде әйгелі Е.Төлеубайдың «Абай» драмасымен ашылды. Өкінішке қарай, карантиндік шектеу әлемнің түгел сахналық алаңдарының жоспарын өзгертті. Дегенмен, мәдениет қызметкерлері жұмысын онлайн режимде жалғастырды.

Мәдениет қызметінің ауқымын кеңейту және қолжетімділікті арттыру мақсатында «Youtube» желісінде «Сыр шаңырағы» медиаблогы ашылып, 3 мыңнан астам шаралар ұйымдастырылды.

«Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбу-Насыр әл-Фараби бабамыздың «Музыканың негізгі міндеті – адамның эстетикалық қажетін өтеу», – деген сөзін еске түсірсек, Сыр мәдениеті мен өнерін асқақтатып жүрген сала қызметкерлеріне барша Сыр жұртшылығы атынан зор ризашылығымды білдіремін.Өңір мәдениеті мен өнерін өрістету, ұлттық мәдени мұрамызды әлемге таныту, бүгінгі ұрпаққа кеңінен дәріптеудегі еңбектеріңіз жемісті болсын!

Шығармашылық еңбектеріңізге толағай табыс, отбастарыңызға амандық, өздеріңізге күш-қайрат тілеймін.

Біз біргеміз!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: