Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Көктем нұры» айтысы өтті

15.04.2021, 12:30 1023


HALYQLINE.KZ Биыл Қазақ елі Тәуелсіздігінің, арайлы азаттығының отызыншы жылына қадам басып отыр. Түп шежіресі сонау ежелгі түркіден бастау алатын «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы – бағзы заманнан бері өзінің іргелі жұрт. Мемлекеттің қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтап қалғаны – еркіндік сүйгіш жігерінің, асқақ рухының арқасы.

Сол қазақтың әлемге танылуын бастап берген шоғырдың басында Жамбыл атамыз тұр. Ол – екі ғасырдың куәсі, жыршы-жырау, халық ақыны, ірі айтыскер ақын, «Халық поэзиясының алыбы», «ХХ ғасырдың Гомері», «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» деген ұлы тұлға.

Өткен апта соңында Асқар Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде Қызылорда қалалық әкімдігінің қолдауымен, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Тасбөгет кенті әкімдігінің ұйымдастырумен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық және жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы аясында «Көктем нұры» атты республикалық оқушылар айтысы өтті.

Алаштың анасы болған Сырдың жағасында төл өнерімізді ту етіп, тәй-тәй басып келе жатқан жас таланттарымыздың өнерін тамашалаудың сәті түсті. Облыстық деңгейден басталған бұл айтыстың биыл карантин талаптарын сақтай отырып, республикалық деңгейде өтуі тегіннен-тегін емес. Мерекелік жыр додасын ашу үшін алғы сөз қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мұхтар Ниязовқа берілді. Өз кезегінде ол айтыс додасында бақ сынайтын ақындарға асқақ абырой, шалқар шабыт тіледі.

Сөз сайысына белгілі айтыскер ақын, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Бекарыс Шойбеков, айтыскер ақын, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Серік Ыдырысов, ақын, журналист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қаршыға Есімсейітовалар төрелік етті.

1-жұпта қостанайлық Саят Әуезханов пен қызылордалық Піржан Сандыбай қарсылас атанып, дәстүрлі түрде өтіп жүрген айтулы айтысты бастап берсе, екінші жұпта Керекуден келген Шыңғыс Асығатұлы мен жерлесіміз Бағдаулет Әбілдаев бақ сынасты.

3-жұп болып сахна көрігін Ақмола облысынан ат терлетіп келген Нұрғиса Елешұлы мен ақындар әулетінен шыққан қызылордалық жас ақын Нұрахмет Мансұров қыздырды. Айтысты Мыңғыстау облысынан келген Ерсұлтан Аушанов пен Мейіржан Қартбай түйіндеді. Жалпы, жас ақындардың аяқ алысы жаман емес. Оны залдағы аз да болса, сөз құнын түсінетін көрермендердің қошеметінен, ыстық ықыласынан байқау қиын емес. Бірінші айналымда өзін жақсы жағынан көрсеткен, ат сүрінгенше ақыл тауып, ойынан өлең өре білген 5 ақын екінші кезеңге жолдама алып, Құлманбет айтысын жасады. Бұл жерде жас ақындардың суырыпсалмалығы анық байқалды. Айтысқа енді қадам басып келе жатқан жандар үшін шаппа-шап айтыстың берері мол.

Айтыс қорытындысында үшінші орындарды қос қызылордалық ақын Мейіржан Қартбай мен Нұрахмет Мансұров иеленсе, 2-орын Шыңғыс Асығатұлына бұйырды. Бірінші орынға Нұрғиса Елешұлы лайық деп табылса, бас жүлде Піржан Сандыбайдың қанжығасында кетті.

Айтыс соңында қазылар алқасы мен көрермендер айтыстың деңгейі жоғары екенін, ұйымдастырушыларға ұлттық өнерді ұлықтағаны үшін алғысын айтып тарады. Еліміздің әр облысында жаңадан таланттардың түлеп келе жатқанына қуанды.

Халық-хабар

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: