Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Болашақ Bridge» – алғашқы жастар фильмі

22.01.2021, 16:40 1022

HALYQLINE.KZ

Тұсаукесер

Сыр өңірінде алғаш рет толық метражды жастар фильмі жарық көрді. «Болашақ бридж» атты жаңа туындыны жергілікті «Аслан» киностудиясы түсірген. Атауы айқындап тұрғандай, заманауи бағыттағы фильмде «Болашақ» университеті студенттерінің қызығы мен шыжығы мол сәттері көрініс табады. Облыс орталығындағы «Kinoplexx» кинотеатрында тың туындының тұсауы кесілді.

Жаңа фильм атауы мен мазмұны сабақтаса білуімен ерекше. Яғни, «Болашақ Bridge» «Болашақ көпірі» деген мағынаны білдіреді. Оқиғаның негізгі желісі студенттік өмірде жиі жолы бола бермейтін үш достың арасында өрбейді. Комедия-мелодрама жанрындағы кинотуындыда жастық алаңғасарлық, нәзік махаббат, бастысы достыққа беріктік шебер көрініс тапқан.

Жастардың зор қызығушылығын тудырған фильмның ұзақтығы – бір сағат. Бірақ, осы уақытта кейіпкерлердің өткір әзілі мен шынайылығы көрерменді жалықтырмайды. Қайта оқиға шарықтау шегіне жақындаған сайын жұртшылықтың қызығушылығын тудырды. Бір сөзбен, жаңа кинода студенттік шақты шебер суреттей білген. Ең бастысы, Сырдарияның сол жағалауынан бой көтерген заманауи үлгідегі «Болашақ» университетінің әлеуеті кеңінен көрініс табады.

Қуаныш ДӘУРЕНБЕКОВ, «Болашақ» университетінің ректоры:

– «Болашақ» университетінің ғылыми жетекшісі, экономика ғылымдарының докторы Бақберген Сәрсенұлы Досманбетовтың тапсырмасы негізінде университет «Болашақ бридж» фильмінің бүгін тұсаукесерін жасап отыр. Бұл фильмнің негізгі мақсатының бірі университеттің кәсіби бағдар жұмысында барлық ауданның жастарына көрсету, дәріптеу. Өйткені, жастар оқуға түскен кезде, мысалы, «ертеңгі күні болашағым қалай болады деген сияқты әртүрлі күдіктер болады ғой. Бұл фильмнің ең соңында айтылатын монолог бар, яғни жоғарғы оқу орнында әрбір жас өзінің махаббатын, болашақ жарын да, өмірдегі ең үлкен қадамдарын таба алатыны туралы айтылып өтеді.

Бұл – біздіңөңірде түсірілген алғашқы толық метражды жастар фильмі. Кинотуындыда ойнаған актерлар «Болашақ» университеті студенттері арасынан кастинг арқылы таңдалып алынған. Жалпы, шығармашылық ұжымның барлығы – жергілікті мамандар. «Аслан» киностудиясы соңғы жылдары осы салада жүйелі еңбек етіп келеді. Құрылғанына аз ғана уақыт болса да, 4 фильм, бірнеше бейнебаян түсіріп үлгерді.

– Негізгі мақсатым – Қызылорда қаласында киноиндустрияны дамыту. Бізде өнерлі жастар өте көп, сондықтан кино саласын қолға алып, бұған дейін қысқа метражды 4 фильм, сериалдар, бейнероликтер түсірдік. Бүгінгі «Болашақ» университетінің киносы – толық метражды фильм. Кино түсіру оңай емес, қолдан келгенше тырыстық, – дейді «Aslan films» балалар киностудиясының директоры Жасұлан Алдабергенов.

– Ең алдымен «Болашақ» университетінің ұжымына жастарға осындай мүмкіндік сыйлағаны үшін рақмет айтамын. Бұл барлық жасқа үлкен мотивация болды деп есептеймін. Жалпы, киноны түсіру уақыты 1-1,5 айға созылды. Оңай болған жоқ, жастар бір-бірімізге қолдау көрсетіп, ойдағыдай алып шықтық деп ойлаймын, – дейді әуесқой актер Қалқаман Тұрсынбай.

Әрине, Сыр өңірінде таспаланған алғашқы фильмнің артық-кем тұсы жетерлік. Бастысы, тыңнан түрен салынды. Сондықтан көрермендер де түрлі пікір білдіріп жатыр.

Айта кетейік,«Болашақ бридж» фильмі «Аслан» киностудиясының ютуб каналында жарияланбақ. Жаңа туындыға қызығушылық танытқандар сонда тамашалап, бағасын беруге мүмкіндік туып тұр.

Елжас  Әбділда,

журналист

Н.Нұржаубай (сурет)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: