Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Бикештер» – күлкі астарындағы шынайы құндылық

21.08.2026, 17:15 48

HALYQLINE.KZ

Америкалық продюсер әрі режиссер Кен Людвигтің «Бикештер» музыкалық комедиясы – көрерменге күлкі мен көңіл күй сыйлай отырып, адам өміріндегі байлық пен шынайы сезімнің орнын таразылайтын әсерлі қойылым. Қойылымның қоюшы режиссері – Берік Ахмед.

Оқиға Пенсильвания штатындағы Йорк қаласында өрбиді. Бай Флоренс Снайдер ханым әпкесінің балалары Максин мен Стефаниді іздеп, оларға қомақты мұрасын қалдырмақ болады. Бұл жаңалықты естіген театр актерлері Лео мен Джек байлыққа қол жеткізудің амалын ойластырып, мұрагерлердің кейпіне енеді.

Лео – тапқыр әрі айлакер актер. Ол рөлді сахнадағыдай шебер сомдағанымен, Флоренс ханымның қызы Маргаретке деген сезімі оның бастапқы жоспарын өзгертеді. Ал Джек – сырттай аңғал көрінгенімен, шынайы сезімді жүрегімен қабылдайтын кейіпкер. Ол үй қызметшісі Одриге ғашық болып, байлық үшін басталған ойынның мәнін қайта түсінеді.

Қойылымдағы Флоренс Снайдер – оқиғаның негізгі өзегін қалыптастыратын кейіпкер. Оның мұрагер іздеуі күтпеген оқиғаларға жол ашса, Маргарет пен Одри кейіпкерлері шынайылықтың, қарапайымдылықтың және таза сезімнің символындай көрінеді. Ал Максин мен Стефани бейнесіне енген Лео мен Джектің ойыны комедиялық жағдайларды одан әрі шиеленістіре түседі.

«Бикештер» жай ғана күлкіге құрылған комедия емес. Қойылымның астарында «Адам үшін байлық қымбат па, әлде шынайы махаббат пен бақыт па?» деген сауал жатыр. Кейіпкерлер өтірік пен айлаға құрылған ойынның соңында өз шындығымен бетпе-бет келеді.

Жеңіл юмор мен ширақ сюжетке құрылған спектакль көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, адамдық сезімнің кез келген байлықтан биік екенін ұғындырады.

«Бикештер» – күлдіре отырып ойландыратын, сахнадағы ойын арқылы өмірдің өз шындығын көрсететін мазмұнды музыкалық комедия.

Қызылорда қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: