Асқар Тоқмағамбетов атындағы Қызылорда қалалық мәдениет үйінде қарымды қаламгер, «Ардагер келбеті» газетінің бас редакторы, «Сыр медиа» серіктестігі жанындағы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы, «Қазақстанның құрметті журналисі», «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, Қазақстан жазушылар және журналистер одағының мүшесі, ақын Кенжалы Ерімбетовтың 70 жылдық мерейтойына арналған «Дүркіреп өтті дүр жылдар» атты шығармашылық кеші өтті.
Салтанатты кешке облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, зиялы қауым және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, ақынның замандастары, әріптестері және туыстары қатысты.
Басқарма басшысы мерейтой иесіне аймақ басшысы Мұрат Ергешбаевтың арнайы құттықтауын табыстап, қазақы дәстүрге сай иығына шапан жапты.
«Бүгінгі шығармашылық кеш – бір азаматтың мерейтойын атап өту ғана емес, тұтас бір ғұмыр өнегесін ұлықтап, ел руханиятына сіңірген еңбекті бағалайтын тағылымды басқосу.
Журналистика – қоғам мен уақыттың шежіресін жасайтын, ел өміріндегі маңызды оқиғаларды ұрпақ жадында сақтайтын жауапты сала. Осы жолда қалам тербеп, ақпарат саласының дамуына үлес қосу, ақиқат пен әділдікті ту етіп, оқырман сенімін ақтау – үлкен жауапкершілік. Мерейтой иесіне зор денсаулық, отбасына амандық, шығармашылық шабыт пен толайым табыс тілеймін. Қаламыңыз мұқалмай, ел игілігі жолындағы еңбегіңіз жемісті болып, абыройыңыз асқақтай берсін!», – деді Руслан Мұхамедәліұлы.
Кеш барысында арнайы келген қонақтар мерейтой иесінің шығармашылық жолына тоқталып, жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Қаламгердің өмірі мен еңбек жолынан сыр шертетін естеліктер айтылып, оның журналистика мен әдебиеттегі ізденістері, азаматтық болмысы мен шығармашылық ерекшелігі кеңінен сөз болды.
Сонымен қатар, ақынның өлеңдері оқылып, сөзіне жазылған әндер орындалды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!