Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Айбек Тәңірбергеновтың мерейтойына орай жыр фестивалі өтті

06.02.2023, 12:10 231

HALYQLINE.KZ Арал өңірінің тумасы, республикаға белгілі жырау «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, ұстаз Айбек Тәңірбергеновтің  50 жылдық мерейтойына орай облыстық фестиваль өтті.

Аталған жыр кешіне аудан әкімінің орынбасары К.Бержанов қатысып:

– «Жауһар жырларымен халқының жүрегінен орын таба білген Айбек Жақсанұлы  жастайынан домбыраны серік етті. Киелі өнерімізді дамытуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан ағамыз тынбай еңбек етіп, бірнеше көлемді дастандар, тарихи туындылар мен тағылымды толғаулар жазды. Ұлттық өнерімізді ұлықтап, елдің рухын көтеріп, аралдық ағайынға жыр кешін сыйлау үшін келген барша өнерпаздарға алғысымды білдіремін. Жыр фестиваліне қатысушы өнерпаздарға сәттілік, шалқар шабыт тілеймін» деп мерейтой иесіне аудан әкімінің құттықтауы мен сый-сияпат табыстады.

Одан соң белгілі күйші-композитор, ақын-жырау Мұрат Сыдықов сөз алып, ұлттық өнерді өрістету жолында еңбек етіп жүрген өнерпаздарға сәттілік тіледі.

Әкеден дарыған текті өнердің шырақшысы болған Айбек Тәңірбергенов алдыңғы буыннан үйренген өнердің қыр-сырын кейінгі ұрпаққа насихаттау жолында еңбек етіп келеді. Ерекше талантымен республикалық, облыстық деңгейдегі жыр жалауын желбіреткен айтулы додаларда топ жарып жүрген жырау – бірнеше көлемді дастандар, тарихи туындылар мен тағылымды толғаулардың авторы. 

Мерекелік кешке арнайы келген Айбек Жақсанұлының өнердегі шәкірттері игі тілектерін арнап, ҚР мәдениет және спорт министрлігінің құттықтауын табыс етті. Сонымен бірге, қазақы дәстүрге сай иығына шапан жауып, домбыра аспабын тарту етті.

Сыр сүлейлерінің сарқыты болған республикаға, аймағымызға белгілі жырдың жампоз жүйріктері «Нұртуған», «Нартай» мектебінің мақамдарын сырлы саз арқылы насихаттап жыр-термелерді нақышына келтіре орындады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: