Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ән қанатындағы Арал»: бас жүлде кімге бұйырды?

09.06.2026, 16:20 71

HALYQLINE.KZ

Арал ауданы әкімдігінің қолдауымен және «Арал аудандық мәдениет үйі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының ұйымдастыруымен өткізілген Арал тақырыбындағы жаңа әндерді анықтауға арналған «Ән қанатындағы Арал» атты республикалық жабық ән конкурсы өз мәресіне жетті.

Аталған байқаудың басты мақсаты – қазақ халқының рухани құндылықтарын дәріптеу, ұлттық музыка өнерін дамыту, сазгерлер шығармашылығын қолдау, жаңа авторлық туындыларды көпшілікке таныту және Арал өңірінің тарихы мен тағдырын, табиғаты мен рухани келбетін насихаттайтын жаңа әндер қорын қалыптастыру болды.

Конкурсқа еліміздің әр өңірінен кәсіби және әуесқой сазгерлер қатысып, барлығы 41 жаңа авторлық шығарма ұсынылды. Байқауға түскен туындылар республикалық деңгейдегі білікті музыка мамандары мен ақындардан құралған қазылар алқасының жабық отырысында тыңдалып, арнайы бекітілген бағалау талаптарына сәйкес жан-жақты сараланды.

Қазылар алқасының шешімімен жүлделі орындар төмендегідей анықталды:

Бас жүлде – композитор Елена Әбдіхалықованың «Ақ бесігім – Аралым» әніне берілді.

І орын – ақын Еркебұлан Кенжеханның сөзіне жазылған композитор Бекнұр Әбдіжәлидің «Аралым – махаббатым» әніне берілді.

ІІ орын – ақын Ерқожа Тілепбердиевтің сөзіне жазылған композитор Нұрлыбек Амановтың «Аралым» әніне берілді.

ІІІ орын – ақын Айдар Сайлауовтың сөзіне жазылған композитор Дінмұхаммед Шораевтың «Үмітті Аралым» әніне берілді.

Конкурс барысында ұсынылған шығармалардың ішінде Арал өңірінің өткені мен бүгіні, теңіз тағдыры, туған жерге деген сүйіспеншілік, елге деген құрмет пен сағыныш тақырыптары кеңінен көрініс тапты. Байқау нәтижесінде ұлттық өнер қорын толықтыратын, туған өлкенің рухын асқақтататын бірқатар жаңа әндер дүниеге келді.

Ұйымдастырушылар конкурсқа қатысып, өз шығармаларын ұсынған барлық сазгерге, ақынға және орындаушыларға шынайы алғысын білдіреді.

«Ән қанатындағы Арал» республикалық жабық ән конкурсы туған жер тақырыбын жаңаша жырлаған таланттарды танытып қана қоймай, Аралдың рухани мұрасын насихаттауға бағытталған маңызды мәдени жоба ретінде өз мақсатына жетті.

Сонымен қатар, «Ән қанатындағы Арал» республикалық жабық ән конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі мен қорытынды гала-концерті 2026 жылғы 10 маусым күні сағат 17:00-де Арал аудандық мәдениет үйінде өтеді.

Салтанатты іс-шара барысында байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталып, конкурс барысында үздік деп танылған шығармалар көпшілік назарына ұсынылады. Сонымен бірге аудан өнерпаздары мен арнайы шақырылған қонақтардың қатысуымен мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.

Өнер сүйер қауымды Арал өңірінің рухын асқақтатқан жаңа әндердің тұсаукесеріне куә болып, жеңімпаздарды бірге құттықтауға шақырамыз!

Ұйымдастырушылардан.

tolqyn.kz

 Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: