Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ән қанатындағы Арал» атты байқау өз мәресіне жетті

10.06.2026, 21:44 44

Бүгін аудандық мәдениет үйінде «Ән қанатындағы Арал» республикалық жабық ән байқауының қорытынды кеші өтті.

Ұлттық өнерді дәріптеу, Арал өңірінің тарихы мен табиғатын, туған жерге деген сүйіспеншілікті жаңа музыкалық туындылар арқылы насихаттау мақсатында ұйымдастырылған байқауға еліміздің әр өңірінен кәсіби және әуесқой композиторлар мен ақындар қатысып, 40-тан астам жаңа туынды ұсынылды.

Арал тақырыбы бұған дейін де талай ақын-жазушының шығармаларына арқау болғаны белгілі. Бұл жолы өмірге келген әндердің заман талабына сай жаңа мәнге ие болғаны байқалды. Мұны кеш барысында аймағымыздың талай жылғы тарихында қарымды қолтаңбасы бар қалам иесі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, ҚР Ақпарат саласының үздігі, ақын Дүйсенбек Аяшұлы да тілге тиек етті.

Өз сөзінде ақын Д. Аяшұлы мазмұны мен әуездік көркемдігі жоғары бағаланған, Арал өңірінің келбеті мен қадір-қасиетін ән тілімен өрнектеген туындылар қазылар алқасының жоғары бағасына ие болғанын жеткізді.

Көпшілік көңілін серпілткен қорытынды кеш барысында Арал өңірінің бай мәдени мұрасы, ән мен жыр өнері кеңінен насихатталып, жергілікті және республикалық деңгейдегі өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды.

Бір жылға созылған республикалық жабық ән байқауының бас жүлдесі композитор, ақын, көптеген тамаша әндердің авторы, әнші Елена Әбдіхалықованың «Ақ бесігім – Аралым» атты әніне бұйырды.

Байқаудың бас жүлдесіне тігілген сыйақы мен арнайы дипломды аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев табыстап, жүлдегерді жеңісімен құттықтады.

Байқауға ұсынылған шығармалардың арасынан мазмұндық тереңдігімен, әуездік ерекшелігімен және көркемдік шешімімен дараланған «Аралым махаббатым» әні қазылар алқасының ортақ шешімімен жүлделі І орынға ие болды. Өлең сөзін Еркебұлан Кенехан жазса, әнін Бекнұр Әбдіжәли жазған.

Арал өңірінің келбеті мен қадір-қасиетін ән тілімен өрнектеген «Аралым» шығармасы байқаудың ІІ орнына лайық деп танылды. Әннің авторы – астаналық композитор Нұрлыбек Аманов, сөзін Ерқожа Тілепбергенов жазған.

Аталмыш байқаудың жүлделі ІІІ орнына Аралдың жаңаруы мен жарқын болашағына деген сенімді әсем әуенмен өрнектеген «Үмітті Аралым» әні лайық деп танылды. Ақын Айдар Сайлауовтың сөзіне жазылған Дінмұхаммед Шораевтың әні шығармашылық кеште көпшіліктің құрметіне ие болды.

Сондай-ақ, Арал өңірінің келбеті мен рухын көркем әуенмен бедерлеген Үкітай Ерниязовтың «Аралым» шығармасы Аудан әкімдігінің арнайы жүлдесіне ие болды. Туындының сөзі мен әнінің авторы Үкітай Ерниязовқа қаржылай сыйақы мен арнайы диплом табысталды.

Кеш барысында жүлдеге лайық деп танылған әндер әсем сазбен әуелеп, тыңдарманның жүрегіне жол тапты. Бүгінгі кештің қонағы, композитор әрі ақын Елена Әбдіхалықова топ жарған туындыны өз орындауында айтып, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.

Кеш соңында көрермен көзайымына айналған жерлесіміз, әнші-сазгер Үкітай Ерниязов жерлестеріне ән-жырдан шашу шашты.

Осылайша, «Ән қанатындағы Арал» байқауы ұлттық музыка қорын жаңа шығармалармен толықтырып қана қоймай, туған жердің тарихы мен тағдырын өнер арқылы ұлықтауға бағытталған маңызды мәдени жоба ретінде көпшіліктің жоғары бағасына ие болды.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: