Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жолы жақсының ісі өнімді

13.08.2026, 7:20 83

Қаладағы  жолдың  жағдайы күн сайын көзге түседі. Қызылордада жыл басынан бері бірқатар көшеде жол кеңейтіліп, тозған жабын жаңартылып, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Қала аумағының кеңеюі, жаңа тұрғын аудандардың көбеюі мен көлік қозғалысының артуы жолға түсетін салмақты да еселеді. Соған сай биыл негізгі көшелермен бірге шет аймақтардың жолын реттеу, жаңа көпірлер  салу, теміржол өткелін  жаңарту  жұмыстары  қолға  алынған.

Қаладағы осы жұмыстардың басы-қасында Қызылорда қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тұр. Жыл басындағы жоспардың өзінде қаладағы 8 автомобиль жолын күрделі жөндеуге 2,6 млрд теңге қаралған еді. Қала әкімдігіне қарасты елді мекендердегі 29 көшені қайта жаңғырту және орташа жөндеуге тағы 2 млрд 659 млн теңге жоспарланды. Кейін бюджет нақтыланып, қолға алынған жобалардың қатары көбейді. Сәуір  айында қала мен оған қарасты кенттер,  ауылдық  округтерде 35,4 млрд теңгенің 21  жобасы  жүзеге  асырылып, 70 көшенің 69,7 шақырымы жөндеуден өтетіні айтылды. Шілде айын­дағы соңғы мәліметте жұмыс көлемі 38 млрд теңгеге жетіп, жобалар саны 23-ке, жөнделетін көшелер 71-ге дейін өсті. Қамтылған жолдың ұзындығы 71,1 шақырымды құрап отыр.

Қала әкімі Нұржан Ахатов та биыл жол мәселесіне қомақты қаржы бағытталғанын айтты.

– Биыл бюджет қаржысының ауқымды бөлігін халықтың сұранысы мен талабы жоғары болып отырған жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға бағыттап отырмыз, — деді қала әкімі.

Қазіргі кезде 32 көшеде күрделі жөндеу жүріп жатыр. Оның бір бөлігі – өткен жылдан жалғасқан жұмыстар. Нұржан Ахатов атқары­лып  жатқан істің мерзіміне де тоқталды.

– 32 көшеде күрделі жөндеу жұмысы қарқын алды. Өткен жылы 8 көшедегі шаруа толық аяқталса, биыл қалған 24 көшедегі жұмысты жыл соңына дейін қорытындылаймыз, — деді Н.Ахатов.

Жөндеу жұмыстарының ішінде қала қоз­ғалысына тікелей әсер ететін ірі жобалар бар. Соның бірі – Бәйтерек тұрғын ауданындағы оңтүстік магистралды канал арқылы өтетін жаңа көпір. Жыл басындағы бюджетте көпір құрылысына 975,9 млн теңге қаралған. Құрылыс қазір жүріп жатыр, нысанды қыр­күйек айында пайдалануға беру көзделген. Бәйтеректегі тұрғындар үшін бұл бағыттың маңызы жоғары. Жаңа көпір тұрғын ауданның қалаға қатынасын жеңілдетіп, көлік ағынын реттеуге мүмкіндік  береді.

Ірі жобаның тағы бірі Сағымбаев көшесіне қатысты. Сұлтанмахмұт Торайғыров көшесі­нен Қызылорда – Құмкөл автожолына дейінгі аралықты қайта жаңғыртуға 1,6 млрд теңге қарал­ған. Мұндағы жұмысты да қыр­күйек айын­да аяқтау жоспарланып отыр. Жаңа көпір мен Сағымбаев көшесі іске қосылған соң Астана бағытынан кіретін көлік жолы мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің арасындағы қатынас жеңілдейді. Қала­ға кіретін негізгі бағыттардың бірі болғандықтан, мұнда жолдың өткізу мүмкіндігін арттыру­ға басымдық  берілген.

Тасбөгет  бағытындағы  жолдарда да жұмыс аз емес. Мамыр айындағы мәлімет бо­йынша кенттегі 4,4 шақырым көшені жөн­деуге 5,1 млрд  теңге  қаралған. Соның ішінде Назарбаев даңғылының 1,2 шақырым бөлігі күрделі жөндеуден өтті. Есенов пен Амангелді көшелерін төрт жолаққа дейін кеңейту қолға алынып, нәтижесі жұртшылықтың көңілінен шықты. Жол бойына жаяу жүргіншілер жолы салынып, су ағатын лотоктар мен жарықшамдарын орнату да іске асып жатыр. Соңғы мәліметтерде Иманов, Бозғұл-1, Наурыз және Ш.Есенов көшелеріндегі жұмыстар да аталды. Бұл көшелерді бөгетке дейін кеңейту көзделіп отыр. Жолдың енін ұлғайту Тасбөгет пен қала арасындағы  көлік  ағынын  реттеуге  қажет.

Күрделі жөндеумен бірге орташа жөндеу жұмыс­тары да жүріп жатыр. Соның нақты мыса­лы – Тасбөгеттегі Мұстафа Шоқай, Сапар­бай Олжабайұлы, Қабыл Әбенов және Абай Құнанбаев көшелері. 2026 жылғы мемле­кеттік сатып алу құжаттарында осы төрт көше­ге орташа жөндеу жүргізу қарастырылған. Мұстафа Шоқай көшесінің Ш.Есенов пен С.Майқанова аралығы, Абай Құнанбаев көше­сінің С.Майқанова мен С.Олжабайұлы аралығы секілді қоғамдық көлік жүретін учаскелер де осы жұмысқа енген. Мұндағы мақсат қол­даныстағы жол жабындысын қалпына келтіріп, күнделікті көлік қатынасына қолайлы жағдай  жасауға  саяды.

Қалаға қарасты  өзге аумақтардағы жұмыс та  жалғасып  келеді. Сәуір айындағы мәліметте Қызылжарма ауылдық округіндегі 14 көшенің 10,2 шақырымы, Ақсуаттағы 10 көшенің 8 шақырымы жөндеумен қамтылған. Қызыл­өзек ауылдық округінде екі көшенің 1,8 шақырымы, Белкөл кентінде 0,8 шақырым жол, Талсуатта 0,4 шақырым көше жөнделіп жатыр. Шілдедегі есеп бойынша кенттер мен ауылдық округтерде жөндеу жүріп жатқан көшелер саны 32-ге жетті. Сабалақтағы жол мәселесі де назарға алынған. Мұнда биыл 35 көшеге тас төсеу жоспарланған. Шет аймақтағы әр көшеге бірден асфальт жеткізу уақытты қажет етеді. Сондықтан, жолдың негізін әзірлеу, қиыршық тас төсеу жұмыстары кейінгі жөндеуге жол ашады.

Қаладағы көлік қозғалысына әсер ететін жобалардың бірі – Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол өткелі. Жоба бойынша екі жолақты өткел, көпір, тіреу қабырғалары мен жаяу жүргіншілер жолы салынып, жол жабыны жаңартылады. Бүгінде айналма теміржол желілері төселіп, электр, байланыс, сыртқы жарықтандыру және ауызсу желілерін көшіру аяқталған. Қала жағында және Шанхай тұрғын ауданы тұсында тіреу қабырғаларын бетондау, көпір тіректерінің іргетасын салу секілді жұмыстар атқарылған. Теміржолды кесіп өтетін бағыттардағы көлік қозғалысын жеңілдетуде  бұл  өткелдің  орны  бөлек.

Алдағы ірі жобалардың қатарында Сол жағалау мен қаланы жалғайтын жаңа авто­мобиль көпірі де бар. Қала әкімі бұл жоспарға арнайы тоқталды.

– Жоспарымыздағы тағы бір ілкімді іс – сол жағалау мен қаланы байланыстыратын автожол  көпірі, — деді  шаһар  басшысы.

Жоба бойынша Иса Тоқтыбаев көшесінен Сырдарияның арғы бетіне автомобиль өткелі салынбақ. Жобаның құны – 19,5 млрд теңге. Құрылыс әлі басталған жоқ. Қажетті қаржыны республикалық бюджеттен бөлуге өтінім берілген.

Жолға қаржы бөліп, асфальт төсеумен жұмыс тамамдалмайды. Оның қанша жыл қыз­мет ететіні құрылыс сапасына байланысты. Қаладағы ірі жол жобаларына «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мамандары да бақылау жүргізіп жатыр. Мамандар жол жабынынан сынама алып, пайдаланылған материалдың талапқа сәйкестігін зертханада тексереді. Орта­лықтың Қызылорда облыстық филиалының зертхана меңгерушісі Мағжан Қасымхан жолдағы кемшілік анықталған жағдайда мердігерге  оны  түзету  міндеті қойылатынын айтты.

– Жылжымалы зертхана арқылы жол жабындысынан сынамалар алынып, орталықта сынақтан өтеді. Нормативтік талаптарға сай келмесе, мердігер мекемеге кемшіліктерді түзету бойынша міндеттемелер беріліп, олқылықтар дер кезінде  түзетіледі, — дейді  Мағжан  Қасымхан.

Күрделі жөндеуде жолдың үстіңгі қабатын ауыстырумен жұмыс бітпейді. Жекелеген көше­лерде жол кеңейтіліп, жаяу жүргіншілер жолы, суағар жүйе мен жарықтандыру қоса қарастырылып отыр. Орташа жөндеу жүргізілетін көшелерде қолданыстағы жолдың тозған бөлігі қалпына келтіріліп, жаңа жабын төселеді. Осындай жұмыстардың әрқайсысы қаладағы көлік  қозғалысын  реттеуге  бағытталған.

Алдағы негізгі мерзімдер де белгілі. Бәйтерек тұрғын ауданындағы жаңа көпір мен Сағымбаев көшесіндегі қайта жаңғырту қыркүйек айында аяқталуы тиіс. Күрделі жөндеу жүріп жатқан қалған 24 көшедегі жұмысты жыл соңына дейін бітіру жоспарланған. Қалалық бөлім мен мердігер мекемелердің ендігі міндеті осы межені сақтап, салынып жатқан жолдарды талапқа сай тапсыруға келіп тіреледі. Өйткені, жолдың жақсы-жаманын қағаздағы есептен бұрын сол көшеде күн сайын жүрген халық аңғарады. Жұмыстың нәтижесін көретін күн алыс  емес  деп  сенеміз.

Ердәулет  ҚАЛИЕВ.

Суреттер  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: