Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда: Тәуелсіздік алғалы 160 млрд теңгенің құрылыс материалы өндірілген

01.11.2021, 10:45 251

HALYQLINE.KZ Тәуелсіздік алғалы Қызылорда облысында 160 млрд теңгенің құрылыс материалдары өндірілген. Оның басым бөлігін кірпіш пен темір-бетон бұйымдары құрайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Гидравликалық әк пен цемент өндірісі де кең өріс алған. Өңірде бой көтерген нысандарда жергілікті құрылыс материалдарын пайдалану үлесі де артқан.  

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистраль бойында орналасқан өткелдер мен жол айырықтарына қазалылық жұмысшылар құйған темір-бетон бұйымдары пайдаланылды. Одан бөлек, Сырдарияның қос жағалауын жалғаған Әлсейіт көпіріне де жергілікті конструкциялық бөлшектер қолданылған. 1978 жылы іске қосылған Қазалы темір-бетон зауытының өнімдері кезінде Кеңес Одағының түкпір-түкпіріне жөнелтілген еді. Тоқырау жылдары тоқтап қалған өндіріс ошағы 2005 жылдан бері қайта жанданды. Республиканың барлық аймағына 100 түрлі өнім жөнелтетін алып комбинат биыл 9 айда бір миллиард теңге пайда тапқан. Бұған дейін Түрікменстанда жүргізілген темір жол желісіне қажетті материал жеткізген қазалылық зауыт экспортқа сай бұйым түрлерін көбейтуді жоспарлап отыр.

Сәбит ӨТЕГЕНОВ, зауыт директоры:

– 12-16 метрлік жоғары кернеулі бағаналар шығарғымыз келеді. Соның қалыбы мен қондырғысына тапсырыс бердік. Зертхана бар, барлық күнделікті сынама аламыз. Ол кептіріледі. Мысалы, балканың тросын кесу үшін ол 90 процент беріктігін алып барып кесіледі. Барлық өнімнің сертификаты бар. Қазір талап күшті.

Дайын темір-бетон бұйымдарын цехтан шығарып, вагондарға тиеп жіберу – кран жүргізушісі Света Керееваның міндеті. Жүк көтергіш машинаны 20 жасында тізгіндеген құрыш қолды әйел 40 жылдан бері қызметін мүлтіксіз атқарып келеді. Алып, ауыр құрастырма бөлшектерін көтеретін нәзікжанды ең алдымен техникалық қауіпсіздікке мән беру керектігін айтады.

Света КЕРЕЕВА, кран жүргізушісі:

– Жауапкершілігі көп жұмыс. Оңай сияқты көзге қараған кезде. Бірақ адамның қолын басып кетпейін деп балаларға қарайсың, аман-сау шықса екен деп алаңдайсың. Қиын, өзіміз үйреніп кеткенбіз. 10 тонна арматура тасимыз, көліктен түсіреміз. 18 метрлік балка көтереміз, тиейміз, бу қазандығынан бетонды құямыз, оны кептіріп қайтадан шығарамыз. Соның арқасында әйтеуір нан жеп отырмыз.

Аймақтағы құрылыс индустриясы саласын дамыту бағытында өңірде керамзит, арматура, 2 асфальтбетон зауыттары ашылып, құрғақ қоспа өндіретін цех кеңейтілмек. Қаржысы талан-таражға түсіп, жүзеге асуы жылдарға созылған ірі стратегиялық жоба – шыны зауыты Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр.

Қамбар БЕКЕНОВ,

www.24.kz сайты

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: