Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан уран көлемі бойынша бірінші орында

17.03.2021, 12:00 1017

HALYQLINE.KZ Қазақстан биыл 400 тонна отын таблеткаларын шығаруды жоспарлап отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев айтты.

«Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда уран өндіру көлемі 1997 жылғы 796 тоннадан 2020 жылғы 19,5 мың тоннаға дейін 24 есеге артты. 2009 жылдан бастап өндірілетін табиғи уран көлемі бойынша Қазақстан әлемде бірінші орында. Қазіргі кезде Қазақстан табиғи уранды өндірумен және жеткізумен қатар, сапалы өңделген, қосылған құны жоғары уран өнімін шығаруға және өткізуге де мүдделі», – деді ол.  

Министрдің айтуынша, осы мақсатта ядролық-отын циклінің тігінен интеграцияланған кешенін құру көзделеді. Ол үшін ядролық-отын циклінің барлық жетіспейтін буындарын құру және оларға Қазақстан Республикасының қатысуы бойынша жұмыс жүргізілуде.  

«Бүгінгі таңда «Үлбі металлургия зауыты» АҚ атом энергетикасы, электрондық, аэроғарыш, металлургия өнеркәсібі және басқа да қызмет салаларының қажеттіліктері үшін жоғары технологиялық уран, бериллий, тантал өнімін өндіреді. Үлбі металлургия зауыты уран диоксидінің ұнтақтарын, отын таблеткаларын шығарады және құрамында бөліп алу қиын уран бар материалдарды өңдейді», – деді министр.  

Оның дерегінше, осы зауыттың уран өндірісінде қолданылатын технология құрамында уран бар көптеген материалдарды өңдеу арқылы 235-уран изотопы бойынша 5 пайызға дейін байытылған керамикалық сұрыпты – уран диоксидінің ұнтағын өндіруге мүмкіндік береді. Өндірістің қазіргі қуаты жылына 1 328 тоннаны құрайды. Үлбі металлургия зауыты шығаратын уран диоксидінің ұнтақтары АҚШ, Жапония, Швеция сияқты компанияларда сертификатталған. Уран диоксидінің ұнтағы бүкіл әлем бойынша АҚШ, Еуропа, Жапония және Ресейге жеткізілуде. Бүгінгі таңда отын таблеткаларын өндіру қуаты жылына 107 тоннаны құрайды. 2020 жылы 60 тонна өткізілді. Биыл өндіріс қуатын жылына 400 тоннаға дейін ұлғайту күтілуде.

«Үлбі металлургия зауыты» АҚ реакторларға арналған отын таблеткаларының сертификатталған өндірушісі болып табылады. Францияның Framatome және Қытайдың CJNF компанияларымен сертификатталған таблеткалар экспортталады.  

Сондай-ақ, «Үлбі металлургия зауыты» АҚ құрамында бөліп алуы қиын уранды материалдарды өңдеуге мүмкіндік беретін технологиясы бар әлемдегі аздаған кәсіпорындардың бірі екенін атап өткен жөн. Оның қазіргі өңдеу қуаты жылына 180 тоннаны құрайды. 2020 жылы уран диоксидіне дейін 12,8 тонна күл және уранның тотығы-шала тотығына дейін 43,6 тонна қайта өңделді. 2001 жылдан бастап «Үлбі металлургия зауытының» уран өндірісі мұндай материалдарды коммерциялық негізде өңдеу қызметін көрсетуде», – деді Нұрлан Ноғаев.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: