Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Теңіз табаны орманды алқапқа айнала ма?

11.04.2024, 11:40 203

Қазірге дейін теңіздің құрғаған ұлтанына  15 миллионнан аса түп сексеуіл көшеті егілген. Еске салайық, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Арал теңізі табанына  1,1 миллион гектар сексеуіл екпесін егу жұмысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Республикалық және Қызылорда облыстық бюджет есебінен  2021 жылы – 101 мың гектар, 2022 жылы –  250 мың гектар, 2023 жылы 193,2 мың гектар жерге фитоорманмелиорациялық жұмысы жүргізілген. Бұл шаруаға  енді еліміздегі алпауыт компаниялар мен белгілі меценаттар  да  кіріспек.

– Сексеуіл – шөлге бірден-бір төзімді өсімдік. Бір түп сексеуілдің өзі тонналаған құм көшкінін ұстайтындығы дәлелденген. Бұл жұмыстардың барлығы – мемлекет басшысы тарапынан аймағымыздың экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған іргелі тірлік.

Алдағы уақытта да Президенттің, облыс әкімінің қолдауымен кешенді шаралар жалғасатын болады. Жақын күндері облыс басшысының арнайы шақыруымен ауданымызға Еуро Одақтың 20-дан астам елінің елшісі келмек. Мақсат – өркениетті елдердің меценаттары мен инвесторларын Аралды арашалау жұмысына тарту. Әлем назары Аралға қайта бұрылды. Тек сәті болсын! – дейді Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев.

Сексеуіл көшетін егу – құрғаған теңіз табанындағы құм мен тұздың шаң болып ұшуын тоқтату үшін атқарылып жатқан жұмыс. Жылына Арал теңізінен ауаға 100 миллион тоннадан тұз бен құм ұшатыны анықталған.

Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы сексеуіл егу жұмыстарымен Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаев «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы М.Мырзағалиев, Экология және табиғи ресурстар Бірінші вице-министрі Н.Шарбиевпен бірге танысқан болатын. Делегация құрамы теңіздің табанын әуелі әуеден бақылап, сексеуіл көшетін де екті.

Жалпы, 2024-2025 жылдар аралығында 556,2 мың гектар жерге фитоорманмелиорациялық жұмыстар жүргізу жоспарланған. Бүгінгі күнге құрғаған ұлтанның 51,6 мың гектарына 15,3 миллион дана көшет егілген. Егер көшеттің шығымдылығы жақсы болса, экологиялық жағдай да оңалып, теңіз табаны орманды алқапқа айнала бастайды.

– Теңіз табаны жасыл желекке айналса, шаң мен тұздың көкке көтерілуіне тосқауыл болып, жан-жануарларға қолайлы жағдай туындайды. Фитоалуандылық орнайды.

Бір түп сексеуіл төрт тоннадан астам құмның көшуін тоқтата алады. «15 мың гектар сексеуіл екпесі жеті жылда 15 мың тонна құм, шаң мен тұздың көкке көтерілуіне тосқауыл болады» дейді мамандар. Жобаның маңыздылығын осы деректерден аңғаруға болатындай. Балта мен араның жүзі өтпейтін сексеуіл ағашы шөлге төзімді. Тіршіліктің түрленуіне пайдасы орасан, – дейді  журналист  Нұрлан  Жақыпбеков.

Орман  шаруашылығы  мекемелерінің  материалдық-техникалық  базасын  нығайту  үшін  Қызылорда     облысы әкімінің тапсырмасымен облыстық бюджеттен 1,8 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінсе, теңіз табанындағы 150 мың гектар жердің  топырағын  зерттеу және жобалау жұмыстарына да 58,4 миллион теңге қаралып отыр.

Теңіз  табанына  сексеуіл  егу  тәжірибесі  білікті мамандар  тарапынан  қолдау  тауып  жатыр.   Себебі, сексеуіл  құрғақшылыққа  төзімді, суды  аз  қажет  етеді. Десе де, мамандар  сексеуілді  суарса  шығымдылығы ұлғаятынын  да  айтуда. Сексеуіл  көшеті  тереңге  тамыр жайса,   табиғаттың   тепе-теңдігі  сақталатыны    белгілі.

– Аралдың экологиялық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстарға инвесторларды тарту жүйелі жүргізілуде. Өңір үшін маңызды мәселемен белгілі кәсіпкер, меценат Т.Турлов арнайы танысып, 2 миллион АҚШ долларын бөлу туралы шешім қабылдады.

Бұл бағыттағы жұмыстарға іссапар барысындағы келіссөздер нәтижесінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ компаниясы да 500 миллион теңге бөлетін болды, – деп хабарлайды Қызылорда  облысы  әкімінің  баспасөз  қызметі.

Жақында ғана Астана қаласында Халықаралық Аралды құтқару қорын тұрақты дамыту жөніндегі мемлекетаралық комиссияның кезекті отырысы өткен болатын. Отырыста Қазақстан Республикасының төрағалығы кезеңінде (2022-2024 жылдар) ОДМК атқарған жұмысы, ОДМК алдыңғы отырысының шешімдерін іске асыру және өңірдегі экологиялық ынтымақтастықтың басқа да мәселелері туралы есеп тыңдалды.

Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Е.Нысанбаев өз сөзінде атап өткендей, жаһандық және өңірлік экологиялық проблемалардың өсуімен бірлескен ынтымақтастық қажеттілігі тек артып келеді.

Биыл Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етіп жатыр. Сондай-ақ, жаһандық мәселеге басқа да халықаралық ұйымдармен ынтымақтаса жұмыс істеп келеді. Себебі тағы белгілі, Арал проблемасы әлемдік мәселеге айналғалы қашан!?

Рыскелді  ЖАХМАН,

Бағдат  Есжанов (сурет)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: