Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Су – сенің досың және дұшпаның

18.06.2026, 7:20 60

Қызылорда қаласында бірнеше күннен бері із-түзсіз жоғалған 6 жастағы қыз баланың денесі Сырдария өзенінен табылды. Оны іздестіру жұмыстарына құтқарушылар, полиция қызметкерлері мен еріктілер жұмылдырылған болатын. Өкініштісі сол, іздеу жұмыстары қайғылы аяқталды.

Құтқарушылардың мәліметінше, жасөспірімнің денесі қаладан шамамен 20-30 шақырым қашықтағы «Әйтек су» торабынан табылған. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы тексерілуде. Бұл қайғылы оқиға Қызылорда жұртшылығын бейжай қалдырмады. Қыршыннан қиылған періштенің қазасы көпшіліктің қабырғасын қайыстырып отыр. Өкінішті  жағдай.

Иә, су – тіршілік көзі, бірақ… Бірақ, оның тілсіз жау екенін де ұмытпаған абзал. Судың адамзатқа тигізген зияны да орасан. «Сақтансаң, сақтармын» деп бекер айтыл­маса керек-ті. Өкініштісі сол, кейінгі уақытта жасөспірімдердің суға кету жағдайы  жиі  болып  жатыр.

Мәселенің себебі көп, салдары аз. Қазіргі уақытта жазғы демалыс кезі болғандықтан, балаларға ата-­аналар жауапты. Өйткені, бала тәулік бойы үйде ата-анасының жанында. Дегенмен, суға кетудің алдын алуға болмайды  емес, болады  ғой.

Расымен де, қазіргі уақытта күннің күрт ысуына байланысты суға шомылу көбейіп, қайғылы жағдай жиі болуда. Бұл өзекті мәселе қауіп­сіздік шараларын ширата түсу қажет екендігін көрсетіп отыр. Баланың суға кету жағдайы қала аумағында су айдындарының қараусыз қалғанының  салдары  екенін  көрсетіп  берді.

Жаз басталса, елдің су айдындарынан сая іздейтіні белгілі. Әсіресе, суға түсу десе, балалардың қуанатыны белгілі. Биыл да күннің күрт ысуына байланысты су айдындарына барушылар қатары артқаны байқалады.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2025 жылы облыс аумағындағы су айдындарында 26 адам қайғылы жағдайда қаза тапса, оның 11-і бала болды. Бұл судағы қауіпсіздік талаптарын сақтамаудың салдары әлі де өзекті мәселе екенін көрсетеді.

Ал биылғы жылдың басынан бастап шомылу маусымы басталғанға дейін суға кетудің 6 дерегі тіркеліп, соның салдарынан 6 адам көз жұмды. Олардың екеуі – бала.

Өкініштісі сол, шомылу маусымы басталғаннан кейін де қайғылы оқиғалар тоқтаған жоқ. Жуырда қауіп­сіздік ережелерін сақтамау салдарынан бір бала суға кетіп, ажал құшты.

Мамандар тұрғындарды су айдындарында аса сақ болуға, балаларды қараусыз қалдырмауға және тек арнайы рұқсат етілген орындарда ғана шомылуға шақырады. Су қауіп­сіздігі  талаптарын қатаң сақтау – адам өмірін сақтап қалудың басты кепілі екенін ескерген жөн.

Жаз басталмай жатып, суға кеткендер неге көп? Балалар бақылау­сыз қалды ма? Мәселенің мәнісін Қызылорда облысы бойынша Төтен­ше жағдайлар  департаменті Төтенше жағдайларды жою басқармасының инженері, азамат­тық қорғау капи­таны Мерей Раманқұл тарқатып айтып  берді.

– Қызылорда облысында су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесі әлі де өзектілігін жоғалтпай отыр. Әсіресе, жазғы шомылу маусымы кезінде азаматтардың, оның ішінде балалардың суға кету деректері қоғамды  алаңдатуда.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сәйкес, 2025 жылы өңірдегі өзен-көлдер мен су арналарының бойында 26 адам қаза тапса, оның 11-і бала болған. Сондай-ақ, бес төтенше жағдай тіркелген. Ал биылғы жылдың есепті кезеңінде су айдындарында 7 адамның өмірі қиылып, оның 3-еуі бала екені анықталды. Осы уақыт аралы­ғында 2  төтенше  жағдай  болған.

Мамандардың айтуынша, қайғы­лы оқиғалардың басым бөлігі қауіп­сіздік талаптарының сақталмауынан туындайды. Атап айтқанда, азаматтардың өзендер мен каналдардың зерттелмеген әрі ағысы қатты жерлерінде шомылуы, мас күйінде суға түсуі, балалардың ересектердің қарауын­сыз су жағасына баруы, жүзу құралдарында құтқару кеудешелерін пайдаланбауы және пирстерден суға секіруі адам өміріне үлкен қауіп төндіреді. Жағажайлар жұмысы бақылауда. Облыс әкімінің қаулысына сәйкес өңірде 9 ресми жағажай белгіленген. Олар – Арал ауданындағы «Аққұмшық», Қармақшы ауданындағы «Мұратбаев», Сырдария ауданындағы «Қалғандария», Шиелі ауданындағы «Бәйгеқұм», Қызылорда қаласындағы «Сыр толқыны», «Эдельвис» және «Сыр самалы», Жаңақорған ауданындағы «Борықтай» мен Жалағаш ауданындағы «Асар» жағажайлары. Алайда, биыл олардың 7-еуі ғана жұмыс істейді. Қызылорда қаласындағы «Сыр самалы» және Жаңақорған ауданын­дағы «Борықтай» жағажайлары қызмет көрсетпейді.

Суға шомылуға тыйым салынған қауіпті аумақтарда қауіпсіздік шара­лары күшейтілген. Қызылорда облыстық мәслихатының шешіміне сәйкес өңірдегі 63 қауіпті аймаққа 398 ескерту тақтайшасы орнатылған. Бұдан бөлек, төтенше жағдайлар департаменті қауіпті орындарға арнайы инновациялық тыйым салу белгілерін қойып, 20 мобильді бақылау  бекетін іске қосты, — дейді  ол.

Жазғы маусымда тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстың су айдындарында тәулік бойы рейдтік іс-шаралар жүргізілу­де. Бұл жұмыстарға төтенше жағдайлар қызметкерлерімен қатар полиция, жергілікті атқарушы органдар өкілдері және еріктілер жұмылд­ырылған.

Жыл басынан бері өңірде  550 рейдтік  іс-шара өткізіліп, 14 мың 954 тұрғынға судағы қауіп­сіздік талаптары түсіндірілген. Оның ішінде 7 мыңнан астамы – жасөспірім. Профилактикалық жұмыстарға 180  ерікті  тартылған.

Құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында да нақты шаралар қабылдануда. ҚР Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы кодексінің 412-бабы бойынша 11 әкімшілік хаттама рәсімделіп, жалпы сомасы 166 мың теңгеден астам айыппұл салынған. Сонымен қатар полиция қызметкерлерімен бірлескен жұмыстар нәтижесінде 38 азаматқа  ескерту  берілген.

Балық шаруашылығы инспекциясы тарапынан заңсыз балық аулаудың 75 дерегі анықталып, құқық бұзушыларға 1 миллион 654 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Халық арасында түсіндіру және ақпараттық жұмыс­тар тұрақты жүргі­зілуде. Қауіпсіздік ережелері сауда орындарында, базарларда, теміржол вокзалы мен автовокзал­дарда LED экрандар және дауысзорайтқыш құрылғылар арқылы  насихатталуда.

– Биыл облыс бойынша 38 мыңнан астам оқушыны қамтыған 238 интерактивті және ашық сабақ өткізілді. Жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіз­дігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жалғасып, ата-аналарға WhatsApp арқылы бейнероликтер мен  жадынамалар  жолдануда.

Сонымен қатар жыл басынан бері әлеуметтік желілерде 325 мақала мен 230-дан астам бейнематериал жария­ланып, 6 брифинг ұйымдастырылды. Республикалық және облыстық телеарна­ларда 38 сұхбат беріліп, бұқаралық  ақпарат құралдарында   51 мақала  жарық  көрді.

Облыс аумағы арқылы ұзындығы 1274 шақырым болатын Сырдария өзені ағып өтетінін, сондай-ақ өңірде 19 ірі канал, 220 шағын канал және 207 көл бар екенін ескерсек, судағы қауіпсіздік  талаптарын сақтау әрбір  азаматтың  жауапкершілігі  болуы тиіс.

Мамандар тұрғындарды тек арнайы белгіленген жағажайларда демалуға, балаларды қараусыз қалдырмауға және судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Өйткені, бір сәттік салғырттық орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін, — дейді Қызылорда облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайларды жою басқармасының инженері, азаматтық қорғау капитаны Мерей Жантөреұлы. 

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәлі­метіне сәйкес, биылғы шомылу маусымы бас­талғалы еліміздің су ай­дындарында 93 адам суға кетіп, қаза болған. Оның 35-і – бала. Соны­мен қатар құт­қарушылар 160 адамның өмірін арашалап қалса, олардың 44-і – кәмелетке  толмағандар.

– Әр адам өзін де, балаларын да қайғылы оқиғалардан, қауіп-қатерлерден сақтандыруы тиіс. Олар айтылған ескертулерге құлақ аспастан, жайбарақат барып суға түседі. Жаз мезгілі болғандықтан, балалардың суға шомылуға асығатынын түсінеміз. Алайда суға түсудің соңы қайғылы жағдайға душар ететінін қаперден шығармау керек. Соңғы уақытта болған жағдайлар жаға ұстатарлық. Бұл жақсы көрсеткіш емес. Дегенмен, тиімді және уақытылы қабылданған шаралардың арқасында апатты жағдайлардың алдын алып отырамыз. Балаларға суға түсу ережесін жиі түсіндіру керек. Су айдындарында адамдардың қаза болуының себебі әртүрлі. Көпшілігі суға түсу қауіпсіздік қағидалары туралы білетіндігін айтып, рұқсат етуін талап етеді. Ескертпе ережелердің барлығы тектен-текке айтыла салған жай сөз емес. Оның бәрі де төтенше жағдайлар комитеті арқылы бекітілген. Балаларға арнап тегін суға шомылу алаңдарын көптеп салып берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Сонда ғана бала өміріне қауіпсіздік артар еді, — дейді қала  тұрғыны  Алмас  Дәрібеков. 

Суға кеткен адамды құтқарғаннан кейін алғашқы көмек қандай болуы керек? Мұны біреу білсе, біреу біле бермейтіні белгілі. Осы сауал бойын­ша облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының фельдшері Саят Қыстаубаевтан сұраған болатынбыз. 

– Әрине, мұндай жағдайға ешкім де душар болмасын. Алайда мұндай келеңсіздік кездескенде алдымен жәбірленушіні құрғақ жерге алып шыққан жөн. Егер суға шашалып, есінен танып қалса, ондай жағдайда оны ішімен өз тізесіне жатқызу керек. Бұл судың өкпе мен асқазаннан ағып кетуіне септігін тигізеді. Ал егер адам бірден есін жимаса, оған «ауыздан-ауызға» жасанды дем берген жөн. Бұдан кейін де тамыр соғысы байқалмаса, жүрекке жасанды массаж жасау қажет. Ол үшін екі қолмен, яғни бір қолды екінші қолдың үстіне жүрек тұсындағы кеудеге жеткілікті түрде қатты және екпінмен басу керек. Массажды жасанды дем берумен кезектестіріп отырған жөн. Зардап шеккен адам ес-түссіз жатқанда, «жедел жәрдем» көмегі келгенше үздіксіз қайталап отыру қажет. Тіпті адам есін жинап демалысы мен тамыр соғысы қалыпқа келгеннің өзінде оған медициналық көмек қажет болуы әбден мүмкін. Кей кезде асқынулар туындап жатады. Сол себептен оны дәрігер қарауына берген жөн, — дейді облыстық медициналық жедел жәрдем стан­сасының фельдшері Саят Балғабайұлы  бізбен  әңгімесінде.

Жаз айының басталғаны кеше ғана. Ендеше шомылу маусымы әлі де жалғасатыны жасырын емес. Біздің облыста күннің аптап ыстық кезі әлі алда. Сол себептен қауіпсіз шомылу ең алдымен әрбір адамның жауапкершілігіне байланысты. Мүмкіндігінше балаларды назардан тыс қалдырмай, қамқорлық танытқан абзалырақ. Өйткені, күннің ыстығы да, ауа райының құбылмалы мінезі де басылар. Ал, адам, оның ішінде бала өмірі бәрінен де маңызды. Су – суық, су – сұйық. Суық суға түсемін деген бала өміріне суық ажал төніп тұрғанын білмеуі мүмкін. Ал, оған араша болу – біз бен сізге бұлжымас міндет.

Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: