Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов Қазалы қаласындағы және Ақтан батыр ауылындағы бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, алдағы жылу беру маусымына дайындық барысын тексерді, деп жазады баспасөз қызметі.
Аудан басшысы алдымен Қазалы қаласындағы Қ.Нұрмаханов атындағы №95 орта мектептің жылу маусымына дайындығымен танысты. Биыл білім ошағының жылу жүйесіне жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жұмыстар толық аяқталған. Сонымен қатар мектептің кіреберіс бөлігіне де ағымдағы жөндеу жүргізілген.
Бұдан бөлек Қазалы қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы №17 орта мектеп, М.Горкий атындағы №16 мектеп-лицей, Қазалы аграрлы-техникалық колледжі және «Ақерке», «Өрімтал» бөбекжай-балабақшаларының жылу беру маусымына дайындығы, жылу жүйелерінің техникалық жағдайы мен қысқы кезеңге әзірлігі толықтай тексерілді.
Биыл Қазалы қаласындағы қалалық мәдениет үйі ғимаратының жылу жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ғимарат газ отынына бейімделді. Жөндеу жұмыстарын мердігер мекеме «АҢСАТ-ҚҰРЫЛЫС и С» ЖШС жүзеге асырған болатын. Ағымдағы жөндеу барысында ғимараттың жылу жүйесіндегі ақаулы бөліктер қалпына келтіріліп, қажетті жөндеу және алмастыру жұмыстары жүргізілді.
Қазалы қаласындағы нысандардан кейін аудан әкімі Ақтан батыр ауылдық клубының жылу жүйесін көрді. Биыл ауылдық клубтың жылу жүйелерін ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы бөлініп, жылу жүйесін газға бейімдеу мен ақаулы бөліктерді қалпына келтіру, жөндеу бойынша тиісті жұмыстар атқарылды.
Аудан әкімі барлық әлеуметтік нысандағы жылу қазандықтары мен инженерлік жүйелердің жағдайын жіті тексеріп, жауапты мекеме басшыларына жылу беру маусымына дайындықты сапалы аяқтау, анықталған кемшіліктерді дер кезінде жою және жылу жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ жылу беру маусымын қауіпсіз әрі тұрақты өткізуде, әлеуметтік нысандарда қолайлы жағдай қалыптастыруда ешқандай мәселе туындамау керектігін қатаң ескертті.
Айта кетейік, 2026-2027 жылдардағы жылу беру маусымына аудан бойынша қажетті қатты отын көлемі 11 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде халық тұтынуына 8,6 мың тонна, әлеуметтік нысандарға 2,4 мың тонна жоспарланған. Сонымен қатар 1,9 мың тонна сұйық отын қажеттілігі белгіленген.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!