Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазір жағдай тоқсаныншы жылдан да қиын…

07.07.2020, 9:55 1161

HALYQLINE.KZ

Дəл бүгінгі Қазақстан менің көз алдыма екі картинаны елестетеді. Бірінші картина: мұхитта жүзіп бара жатқан кеме. Оның ішінде шенеунік, олигарх, бай-манаптар нөкерімен, тоқалымен, көңілдесімен думандатып, той-тойлап, əндетіп кетіп барады. Екінші картина: ескегі жоқ тесік қайық… Онда өмір үшін жанталасқан халық.

Шын мəнінде, қазір жағдай тоқсаныншы жылдан да қиын… Нан болғанмен, ажал адамзатпен ойнап жүр.

Назарбаев билеген отыз жылдың, жарайды, он жылын еңсемізді көтеруге кетті дейік. Жиырма жыл бұрын əр балаға жəрдемақы төлеуге мемлекеттің шамасы бар еді.

Жоқ, бұлар ішті, жеді, тоқалын тойдырды. Тоқалының құрбыларын тойдырды. Туған-туысын айтпағанда, сыныптасын, сыныптасының, курстасының баласын байытты. Солай кете береді.

Халықтың дəрі алуға ақшасы жоқ. Ақшасы бары іздеген дəрісін таппай жүр. Тапса, үш-төрт есе қымбаттап кеткен. Азық-түлік қой күнде қымбаттап жатыр.

Жақында Жетісайдың базарынан былтыр сексен теңгеден алатын кішкентай лепёшка нанды 200 теңгеге алдым. «Неге қымбат?» десем «газ жоқ, ұн қымбаттады» дейді. Жұмыссыздық қой бұрыннан бар. Коронавирустан соң жұмыссыз қалған адам қаншама?!

Үкімет басшысы Назарбаевтың еркесі болса да, отставкаға кету керек!!! Жүйе өзгермей одан ештеңе өзгермейді білем, еш болмаса, сəл де болса, халықпен санасатынын көрсетсе деймін.

Дəріханадағы дəрілерді қымбаттатып жатқан бизнесмендерді халық қарғап-сілеп жатыр. Жұмыс жоқ, ақша жоқ, қымбатшылық болса, қысып жатыр. Халық – Құдайдың бір аты. Ертең балаң, немерең, бүкіл ұрпағың қынадай қырылып, дəріні қымбаттатып, тапқан пайдаңды мұраға қалдыратын мұрагер таппай қаларсың. Осылай айтпаса, күйдірдіңдер ғой!!!

Қазақтың жаны ашитын билігі жоқ шығар, бірақ Құдайы бар!!! Бұл қиын күн де өтеді.

Covid-пен күрес – бұл «сайлау əділ өтті», «сайлау əділетсіз өтті» деп талқылайтын, сосын əрі қарай мамыражай өмірін жалғастыра беретін күрес емес, ажалмен күрес. Жақынын жоғалтып бір ашынған, дəрі таппай екі ашынған, қымбатшылыққа үш ашынған, биліктің жаны ашымастығына қатты ашынған халық əзер шыдап отыр.

Аягүл  МАНТАЙ,

жазушы.

Әлеуметтік  желідегі  парақшасынан  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: