Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Синтетика» сергелдеңі

29.07.2021, 12:30 81 0

Шарасыздық. Тәуелділік. Бұл – есірткінің ығына жығылып, нашақор атанғандардың бейнесі. Есірткі саудасы әлемде кеңінен таралып барады. Заманға сай түрленіп, жаңарып, оны сату жолдары да дамып кеткен. Өкінішке қарай, есірткі бизнесінің заманауи түріне полицейлердің өзі шарасыздық танытып отыр. Ал синтетикалық есірткі болса бозөкпелердің басты «ермегіне» айналған. Осы тұрғыда, «синтетикалық есірткі деген не, оны әлеуметтік желі арқылы қалай сатып жатыр және оларды құрықтауға не кедергі?» деген сұрақтарға жауап беруге тырыстық.

ИНТЕРНЕТ  САУДА  ҚАЛАЙ   ЖҮЗЕГЕ  АСАДЫ?

Елімізде жиырма төрт мыңға жуық адам есірткіге тәуелді. Осыншама адам арнайы орталықта тіркеуде тұр. Бұл – ресми дерек. Ал бейресми дерек көрсеткіші одан да жоғары. Тәуелсіз қоғамдық ұйымдардың мәліметінше, нашақорлар саны жүз жиырма мыңнан асып кеткен. Өте қорқынышты көрсеткіш. Ақпараттық технологиялардың дамыған уақытында бұл көрсеткіш жылдан-жылға көтеріліп келе жатыр. Біреуге қайғы болған «синтетика» екіншісіне пайда әкеліп, ақшаға қарық қылуда. Ішкі істер министрлігі өткен жылдан бастап есірткіні насихаттайтын және сататын интернет сайттардың сілтемесін таратуға байланысты қылмыстық заңнамаға өзгерістер енгізген еді. Ол бойынша үш жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Осы қылмысты топпен, бірнеше рет, білім беру ұйымдарында немесе адам көп жиналатын орында, бұқаралық ақпарат құралын немесе электрондық ақпарат ресурсын, қызметтік жағдайын пайдаланып жасалса, 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгіленді. Десе де, бұл онлайн саудаға кедергі келтіре алмады. Себебі, «саудагерлер» мессенджерлерге көшті. Мұндай жолмен «сатушыларды» құрықтау мүмкін болмай тұр.

Ағымдағы  жылы  облысымызда  есірткі сату  бойынша 111 құқықбұзушылық  анық­талған.  Оның  ішінде  19 адам есірткі  сатумен айналысқан. Аса ірі  мөлшерде сақтаған – 1 дерек  және  есірткі  өсірудің     21  дерегі анықталған. Заңсыз айналымнан  47 кг есірткі заты тәркіленген. Бұл сандар  тек полицейлердің құрығына іліккендер ғана. Облыстағы есірткі айналымы бұдан да көп болуы мүмкін. Себебі, жоғарыда айтқандай сатылымның жаңа түрі белең  алып  кеткен.

Онлайн сауда қалай жасалады? Сауда WhatsApp немесе Telegram мессенджері арқылы жүзеге асады. Құрыққа ілінбеймін дегендері екіншісіне көшіп алған. Себебі, Telegram арқылы қылмыскерді бақылау һәм аңду қиындық тудырады. Саудагер мен сатып алушы бір-бірін бетпе-бет көрмейді. Себебі, арасында есірткіні арнайы белгіленген жерге жасырып, оны суретке түсіріп, тұтынушыға жіберетін үшінші адам бар. Осы арқылы наша­қор сурет арқылы жасырын тұрған есірткіні іздейді. Тиісінше, қылмысқа қатысты үшеуі де бір-бірін көрмейді. Араларында біреуі полицейлерге ұсталған жағдайда да сыбайластарын ұстап бере алмайды. Себебі, шын өмірде олар байланыспаған және мүлдем бөтен адамдар. Тиісінше,  бір-бірін  танымайды.

Ал есірткі сататын сайттар мен Telegram арналарды нашақорлар қалай табады? Бұл сұрақтың жауабы оңай. Сайттың мекенжайын граффити арқылы жазып, жасырын жарнамалайтын тағы бір адам болады. Осылайша, нашақорлар керек сайтты оңай тауып алады. Дәл осы граффити сызу дерегі бойынша өңірімізде екі азамат құрықталған. Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің қабырғаларына 110 граффити-сурет салған 20 жастағы азаматша ұсталған. Сондай-ақ, жастар «синтетиканың» жарнамасын Instagram желісінен де көргендерін айта­ды. Қысқасы, интернеттегі кез келген қосымша арқылы жарнамалануы мүмкін. Топан судай толастаған жарнаманың барлығын бірдей  бақылау  мүмкін  емес.

– Есірткі мәселесі қай кезде де өзекті болған. Сол үшін де бұл кеселмен күресті одан әрі күшейте береміз. Қазіргі таңда есірткі саудасымен айналысқан бірнеше адамды құрықтап үлгердік. Бұнымен жұмыс тоқтамайды. Тек түрлі мессенджерлер арқылы есірткі саудасымен айналысып жатқан адамдарды құрықтау қиынға соғып тұр. Көбінесе олар басқа мемлекеттен болады. Сауданы солай жүргізіп отырады. Біздің өңірде жасырын жеткізушілері бар. Олармен де күресіп жатырмыз. Осы жылы есірткі сататын мессенджерлер мен сайттардың атын тұрғын үй қабырғаларына жазып, жарнамалап жүрген 20 жастағы қызды құрықтадық. Ол жұмысын интернеттен тапқан. Қазіргі таңда тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Тұрғындарға есірткіден аулақ болуларын сұраймын. Себебі, одан келетін зардап көп,  – деді Қызылорда облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Мейрамбек Сұлтанханұлы.

«СИНТЕТИКА»  ДЕГЕНІМІЗ  НЕ?

Синтетикалық есірткі бүкіл әлемді әбігер­ге салып отыр. Ақпараттың қолжетімділігі, жылтырлаған жарнаманың көптігі жастардың қызығушылығын тудыруда. Иә, көбіне «синте­тиканың» қармағына жастар ілінеді. «Дәмін бір  татып  көремін» деп, қармауынан шыға алмай қалады. Соңғы жылдары «Альфа-ПВП», «мефедрон», «фен», «спид», «кристал» дейтін ұнтақтар мен таблеткалар көбейіп кетті. Бұлардың кәдімгі шегетін немесе егетін есірткілерден де зардабы ауыр. Адамның асқазанын шірітіп жіберуге дейін қауқары жетеді. Бүгінде тізімде 100-ге тарта синтетикалық есірткі түрі бар. Бір пайдаланып көрсең, зардабын өмір бойы тартасың. Мамандардың айтуынша, тіпті героин пайдаланушылар азайып, осы «синтетикаға» ауысып жатқандар көп.

Синтетикалық есірткіні пайдаланғаннан кейін неше түрліні сезінуіңіз мүмкін, күш тасып, эйфория, белсенділік пен энергияның жоғарылауын сезінуге болады. Есірткіні қабылдаған соң, 25-45 минуттан кейін өз әсерін бере бастайды және 3-4 сағат есіңнен айырады. Синтетикалық есірткіні жалғыз қолдану өте қауіпті. Себебі, оны пайдаланған адам өзін-өзі басқара алмайды. Бұл әсерлер ұйқысыздық пен күш жоғалтуға әкеп соқтырады. Сондай-ақ, қорқынышпен өмір сүру басталады. Ашуланшақ болып, оған бүкіл әлем қарсы һәм қауіпті болып көрінеді.

Бұл есірткіні бір пайдаланған кезден бастап тәуелді боласың. Ағза бұрын-соңды бұндай уды татып көрмеген. Сондықтан да оны шексе де, ексе де, иіскесе де, әйтеуір бір жолмен ішке түскен жұлынқұрт уақыт өте ағзаны ірітіп, жеп тауыспай қоймайды. Өлімге тәуелділік пен азаптың пайда болуы осыдан басталады. «Ал ең сорақысы – жас ағзаның бір тәуелділіктен кейін одан бас тартуы өте қиын. Сол себепті бұл тажалдың тырнағына ілінген жасты тез арада арашалап алып қалу керек», дейді мамандар.

ТАНЫСЫҢЫЗДЫҢ  «СИНТЕТИКАҒА» ТӘУЕЛДІЛІГІН  БАЙҚАСАҢЫЗ, НЕ  ІСТЕУ  ҚАЖЕТ?

Жақын  адамыңызға  көмек  керек екенін қалай білуге болады? Есірткіге тәуелді адамның үнемі қарашығы ұлғайып, аузы құрғап жүреді. Қайта-қайта су іздей береді. Қолы  салқындап, тәбеті болмайды және  денесі  тітіркене  беретін  болады. Бұл  –  «синтетикаға»  тәуелділіктің  басты белгілері.

– Нашақорларды емдеу процесі негізінен екі әдіспен жүргізіледі. Біріншісі – медикаментозды. Яғни, дәрі-дәрмек арқылы ағзаны тазарту үшін ем жасалынады. Мұнан кейін, есірткіге құмар азаматтарға психологиялық көмек беріледі. Яғни, науқаспен нарколог, психиатр және психологтар жұмыс істейді. Көп жағдайда науқастың емделуі өзінің күш-жігеріне байланысты. Сонымен қатар, метадонды терапия көмегіне жүгінетін науқастар да бар. Танысыңыз немесе жақыныныздың наша тұтынып жүргенін білсеңіз, байбалам салудың қажеті жоқ. Оған ұрысып, қорқытып-үркіткен дұрыс емес. Күшпен, таяқпен көмектесе алмайсыз. Дереу, маманға жүгініп, кәсіби кеңес алған жөн. Азаматтар өз еркімен нашадан бас тартуы қиын.  Дәрігердің  көмегі  міндетті түрде керек,  – деді облыстық психикалық денсаулық орталығы  директорының орынбасары Аман Бөкенбайұлы.

Қазіргі таңда әлемде 300 миллионға жуық нашақор бар. Дәл осы кеселдің кесірінен жылына жарты миллионнан астам адам қайтыс болады. Біздің елімізде де жағдай мәз емес. Әлі де нашақорлар мен заңсыз есірткі саудасымен айналысатындарды бақылай алмай отырмыз. Бұл дерттің алдын алмасақ, кейін кеш болуы мүмкін. Барынша сақтану керек…

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: