Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мұғалім жақсы болса, ата-ана неге репетитор жалдайды?

25.08.2022, 12:20 842

Бірінші қыркүйек те әне-міне дегенше таяп қалды. Оқушылар биылғы жазғы демалысын аяқтап, білім алу қамына кіріседі. Осы кезден бастап, репетитор, қосымша білім беру орталықтарының да жұмысы қыза түседі. Негізі олар жаздай жұмыс істегенімен, балалар оқу уақытында баратыны анық. Облыста қосымша білім беретін орталықтар мен әлеуметтік желіде кез келген пән бойынша репетитор көп. Әрине, жыл сайын бітіруші түлектер де мектеп білімінен сусындай алмағандықтан, мықты маман іздеп, қосымша білім беру орталықтарына жазылып жатады. Құдды бір он бірінші сыныпқа келгенде репетиторға барып дайындалмасаң, сынақтан өтпей қалатындай сезілетін секілді. Бұнымен біздің білім жүйеміз жүйесіз кеткен деуден аулақпыз, бірақ өз мұғалімі тұрғанда репетитор іздеп ата-аналар неге шыр-пыр болатыны қызық? Ал олардың берген білімі сапалы ма? Бүгін осы тақырыпта қалам тербететін   боламыз.

ЖАЛДАМАЛЫ  ҰСТАЗДАР  КЕРЕК  ПЕ?

Мектеп табалдырығын аттағаннан бастап, оқуға машықтанған баланы қосымша репетиторға сүйрейтін ата-аналар қоғамда жеткілікті. Иә, ата-ананың ойлайтыны баласының қамы екені белгілі. Бірақ енді ғана бастауыш сынып оқып жатқан оқушыны «ана тілді меңгер, мына тілді біл» деп, оның үстіне жұрттан естіген, біреудің мақтағанына сене қалатындарға таңғаласың. Уақыт өткен сайын білімге деген сұраныс артып келеді. Сондықтан болар ата-аналар балаларын кішкентай кезінен бастап оқытып, дамытқанды қалайды. Тіпті, кейбірі мектептегі ұстазының берген білімін қанағат тұтпай, қосымша репетиторға тапсырады. Иә, мектепте бір ғана емес, бірнеше баламен жұмыс істейтін ұстаздар да барлық баланың оқу үлгерімін жақсартуға үлгермей жатады. Осындайда ата-аналардың репетитор жалдайтындары дұрыс па деп қаласың. Себебі күніне қаншама балаға сабақ беріп, түсінбеген оқушыларға сабақтан кейін түсіндіру де оңай емес. Сондықтан жалдамалы ұстаздар да керек  екен.

Елімізде репетиторлық қызмет бо­йынша сұраныстың жоғары екенін сайттағы жарнамалардан көруге болады. Әлеуметтік желіні ашсаңыз, барлық керегіңізді табасыз. Сол сияқты жеке репети­торды да, қосымша білім беру орталықтарын да осы жерден табуға болады. Олардың жеке парақшаларында қандай пәннен сабақ беріп, алған жетістіктерін, неше бала оқытып, дайындағандарын жарқыратып салып қояды. Соған қарап, бағасы тиімдісін, білімдісін тауып жалдайсыз. Осы тұрғыда, репетиторға барып, қажет сабақтарына дайындалып жүрген оқушымызға сауал қойғанды жөн көрдік.

«Қосымша қандай пәннен сабақ алып, айына қанша теңге төлеп, қатысып жатырсыз? Қосымша репетиторыңыздан алып жатқан біліміңізге қанағаттанасыз ба?» деген сауал барысында Айгерім Өтеп есімді қала тұрғыны қосымша білім беру орталықтарының тиімді жақтарын айта кетті.

– Ағылшын тілін үйрену үшін қала­мыздағы «Speak English» қосымша білім беру орталығына барамын. Онда әр бала білім деңгейіне байланысты қабылданады. Мен «Beginner» деңгейінде оқып жатырмын. Бұл деңгейді 3 ай оқып, қорытынды тест тапсырып, сертификат аласың. Келе­сі  одан  да  жоғары деңгейге өтіп, ағылшын тіліңді жетілдіресің. Маған тиімді әрі сапа­лысы осы ағылшын курсы болды. Ағылшын тілін жақсы үйреніп шықсам, мамандығымды ауыстыратын шығармын. Айына 16 мың теңгеге дейін курс ақшасын төлейміз. Аптасына 3 реттен сабаққа барамыз. Репетиторым өте білімді, бәрін жақсы түсінікті етіп үйре­теді. Ұғына алмаған сабағыңды немесе қалып қойған тақырыпты міндетті түрде қайтадан түсіндіріп, сен үйренгенше шаршамайды. Менің «Beginner» курсым аяқталуына аз уақыт қалды. Жақында тест тапсырып, сертификат аламын. Айтпақшы, сертификат тек «4» пен «5» алған оқушыларға ғана беріледі. Төмен баға алсаң, қайта тапсыру кезеңіне өткізеді. Уақытымды зая кетірмей  ағылшын  тілін үйренуді жөн көріп, осы ағылшын орталығына келгеніме қуанамын, – деді  ол.

БАЛА  ҮШІН  НАҒЫЗ  РЕПЕТИТОР  –  ӨЗ  ҰСТАЗЫ

Финляндияда баланың сабақ үлгерімі нашарласа, мұғалімнің біліктілігі төмен деп бағаланады. Үлгерімі төмендеген оқушымен мұғалім жеке жұмыс істеп, оқу үлгерімін жақсартуға тырысады. Ал оқушысының білім көрсеткіші төмендеген мұғалімнің білімін жетілдіріп, тәжірибе алмасу үшін түрлі оқулар жетерлік. Біздің де өңірімізде мұғалімдер тәжірибе алмасу арқылы шыңдалып жата­ды. Алайда олардың жалдамалы репе­титорға  көзқарастары  қалай  екен?

– Балаға  төменгі буыннан сабақ беретін мұғалім оның білім деңгейін, қабылдауын репетиторға қарағанда жақсы біледі. Сондықтан бала үшін нағыз репетитор – өз ұстазы. Ал ата-ананы көп жағдайда белгілі бір репетитор туралы өзгеден естіген жақсы ақпараты қызықтырып, ол да баласын сол репетиторға бергісі келеді. Ата-ананың ақылымен бала репетиторға барады. Сол себепті бұл мәселеге әр қырынан қарағанда, өзіндік уәжі шығады, – дейді  мұғалім  Әсем  Пірімова.

Расында да ата-аналардың балала­рына жалдамалы репетитор жалдауының бірнеше себебі болатыны айқын. Бірі жұмыс­тан қолы босамай, балаларымен сабақ қарауға уақыты болмаса, енді бірінікі басқа жағдай. Сондықтан репетитор болу да үлкен күш-жігерді талап етеді. Өйткені қаншама ата-ана балаларының  болашағын  соларға  тапсырады.

– Әлбетте, бала мектепте толықтай білім алады. Бірақ әлі де сауатын арттырып, тақырыпты талдап түсінуі үшін қосымша білімнің де артықтығы жоқ. Мен осы мақсатта баламның қосымша білім алуына жағдай жасап, репетитор іздестірдім. Балам мектепте өткенін қайталап, білмегенін үйреніп, атаулы пәндерден оқу көрсеткіші де жоғары. Енді жаз бойы оқудан қол үзбегендіктен, жаңа оқу жылында ұлым тағы да озат аталатынына сенемін. Негізі көп жағдайда білікті репетитор табу қиын. Баланың жақсы нәтиже көрсетуі репетитор еңбегімен өлшенеді, – дейді ұлына 2 жыл қатарынан репетитор жалдап жүрген Гүлзат есімді ата-ана.

ҮЗДІК  МҰҒАЛІМ  ҒАНА  ҮЗДІК  ШӘКІРТ  ТӘРБИЕЛЕЙДІ

Ал 15 жылға жуық уақыт қосымша білім  беріп, репетитор болып жүрген рес­публикалық «QAZBILIM» орталы­ғының директоры Аятжан Ахметжанұлы «Қосым­ша репетитор іздегенде неге мән беру керек?» деген сұраққа ерекше тоқ­талып  кетті.

– Басты мәселе — мұғалімде. Репетитор немесе орталық мұғалімі кім? Орталық осыған дейін қандай үздік шәкірттер тәрбиелеген? Кәсіби ме? Қандай бағдарламамен жұмыс істейді? Осы сұрақтар төңірегінде ізденген дұрыс. Себебі, үздік мұғалім ғана үздік шәкірт тәрбиелейді. Сондықтан, үйге жақын, немесе үйге келіп оқытады деп кім көрінгенге жүгіне салуға болмайды.

Екінші, оқу орталықтарының бәрі озық па? Әрине, жоқ. Сондықтан, орталықтардың әкімшілігіне, әдістемелік кеңесіне мән берген дұрыс. Өзі мектеп көрген, мектепте үздік мұғалім болып жетістікке жеткен, әкімшілік ұйымдастыру қабілеті бар адам ғана шын үздік мұғалімдердің басын қосып, жүйелі бағдарлама жасай алады.

Үшінші, орталықтың тәрбие бағытына баса назар аудару керек. Себебі, әлдебір кері идеологиялық бағыттарда жұмыс істеп жүрген Тіл үйрету орталықтары да, Білім беру орталықтары да жетерлік. Орталық­қа балаңызды беремін деп ертең балаңыздан айырылып қалмаңыз. Әбу Насыр  әл-Фараби бабам «Балаға білім беруден бұрын тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі» деп бекер ескерткен жоқ. Сондықтан, орталық тек білім емес, тәрбиені қоса беретінін, ол тәрбие сіздің балаңыздың келешегі екенін ескеріңіз. «Тәрбие — тал бесіктен» десек те, баланы бүгінде ата-ана­дан гөрі қоғамдық ортасы көбірек тәрбиелейтінін  ұмытпаған  жөн, – дейді.

Қорыта келе, мектептердің бәрінің сапасы әр қилы. Мектеп оқушыларының қосымша білім беретін орталықтарды жаппай іздеп кетуі білім саласында басты түйткілге айналуы керек. Ал репетитордың көптігіне дауымыз жоқ. Тек жақсы репетитор  табу  – өз  қолыңызда.

Оразкүл  БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: