Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Маңғыстау спортында мәселе көп

29.12.2022, 19:16 303

Сурет әлеуметтік желінден алынды.

Кеше, 28 желтоқсан күні Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы жылды қорытындылап, «Жыл үздіктерін» марапаттады.
Отызға жуық номинация табысталып, биылғы үздіктер және спорт саласында белсенді қызмет етіп жүрген 23 маманның мерейі үстем болды.

Бірақ облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бұл шараға келмеді. Неге? Маңғыстаулық спортшыларды аймақ басшысының менсінбегені ме? Тәжірибесі аз орынбасары Ұлықбек Тналиев деген жігітті жиын-тойларға тықпалап, сөз сөйлете береді. Онысы қағазға жазып берген құттықтау мәтінін ежіктеп әрең оқитынын көріп жүрміз. Бұл не басыну?!
Жалпы облыс әкімдері спортшыларға дұрыс көңіл бөлмейтінін байқаймыз. Әлем және Азия чемпионаттарында жүлде алып келген спортшыларды облыс пен аудан әкімдері бір жапырақ алғыс хатпен ғана шығарып салады. Әйтпесе, жылына Маңғыстау облысының бюджетіне 260 миллиард теңге бөлінеді. Сонда да спортқа лайық қолдау болмаған соң, спортшылардан қандай нәтиже күтесіз?! Мықты жаттықтырушылар спортты қойып, мұғалімдік жұмысқа кетіп жатыр.

Мысалы, алдыңғы әкіміміз Серікбай Трұмов Токио олимпиадасының қола жүлдегері, жамбылдық спортшы Елдос Сметовті жеке қабылдады. Демеушілері RIXOS жанынан жер телімін және облыс орталығынан пәтер сыйлады. «Байдың асын байғұс қызғанады» демеңіздер, ақшаларыңыз тасып бара жатса, Мұнайлы ауданының Қызылтөбе-2, Баянды, Батыр, Дәулет ауылдарынан футбол ойнайтын стадион, спорт кешендерін салып беріңіздер. Жеті жылдан бері Басқұдық ауылындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің стадионы жоқ. Салынатын жеріне ауыл әкімдері қызыға да қызғана қарап жүр.

Биыл, облыстық спорт басқарамасына 8 миллиард теңге бөлінген. Бірақ ауыз толтырып айтар нәтиже жоқ. Отыз бір жылдың ішінде Маңғыстаудан жазғы олимпиада ойындарында үш-ақ спортшы өнер көрсетіпті. Олар Магомед Круглев (еркін күрес), Әділбек Ниязымбетов және Берік Әбдірахманов (бокс). Ал қалған спорт түрлерінен неге ешкім бармаған (бара алмаған)?
Тексеріп кетсе, Маңғыстау спортында мәселе көп. Неге басқарма басшылары істі бола береді? Неге «үздік» көп, көрсеткіш төмен?! Өзімізді қашанғы алдаймыз?!

Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы м.а. болып Айбек Имашев келді. Аттас інім Айбекке айтарым, өзіңіз қатысқан дзюдо күресіне ғана назар аударып қоймай, әсіресе, қысқы олимпиада, паралимпиада және сурдлимпиадаға көңіл бөлсеңіз екен. Мүмкін, осылардан нәтиже шығып қалар…

Айбек Мұханов, спорт журналисі,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: