Бейнеу–Сексеуіл жолын салуға шамамен 800 млрд теңге инвестиция қарастырылған. «Respublica» фракциясының депутаттары осындай ауқымды қаражат жұмсалатын жолды бірден жоғары техникалық санатқа сай жобалау мүмкіндігін қарастыруды сұрады. Ұсыныс Премьер-министр Олжас Бектеновке жолданған депутаттық сауалда айтылған.
Құжатта Бейнеу–Сексеуіл жобасы қазір II техникалық санат бойынша көзделгені көрсетілген. Депутаттардың айтуынша, жолдың трансконтиненталдық маңызы бар. Ол Қытай шекарасын Ақтау және Құрық порттары арқылы Еуропамен байланыстыруға тиіс.
- «Осындай ауқымды қаражат салынатын жағдайда, болашақта кеңейту мен қайта жаңғыртуға қосымша шығын жұмсамау үшін, бүгіннен бастап жолды I техникалық санат параметрлері бойынша салу мүмкіндігін қарастыру қажет», — делінген депутаттық сауалда.
Депутаттар жолды кейін кеңейту қажеттігін жобалау кезінде ескеруді ұсынған. Сауалдың орыс тіліндегі нұсқасында бүкіл дәлізді бірден төрт жолақты етіп салуға қаржы жетпесе, болашақ екінші жүріс бөлігіне жер резервтеу, жолайрықтарды, елді мекендерді айналып өтетін жолдар мен инженерлік құрылыстарды түпкілікті жобаға сай қарастыру қажеттігі айтылған.
Фракция депутаттары Үкіметтен Бейнеу–Сексеуіл бағытын қоса алғанда, жаңа жол жобаларының шешімдерін қайта қарау мүмкіндігін қарастыруды сұрады. Олардың ұсынысы болашақта жолды кеңейтуге кететін қайталама шығындарды азайтуға бағытталған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!