Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жас журналистердің жүйрігі анықталды

26.04.2022, 11:38 587

22-23 сәуір күндері Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде «6В032 – Журналистика және ақпарат» даярлау бағыты бойынша ХIV республикалық пәндік олимпиада өтті. Білім додасында 16 жоғары оқу орнының үздіктері қатысып, өзара бақ сынасты. Осы тартысты бәйгеде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Сыр түлегі» тобы жүлделі IIІ орынды иемденді.

Топқа Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының оқытушысы Асыл Қожабайқызы жетекшілік етті. Ал топ құрамында журналистика мамандығының 3-курс студенті Азамат Абимолда, 2-курс студенттері Әсел Асылбек пен Ердаулет Қалиев болды.

Таланттылар мен талаптылар сынға түскен тартысқа еліміздің алдыңғы шепте жүрген журналистері баға берді. Олардың қатарында «Qazaqstan» РТРК Жамбыл облыстық филиалының директоры, белгілі тележүргізуші Мейіржан Әлібекұлы, отандық танымал тележүргізуші Анна Данченко, «Turkistan» телеарнасының бас редакторы Гүлжазира Ғалиқызы, «Оңтүстік Рабат» газетінің бас редакторы Жәнібек Нұрыш, AЯУ Түлектер қауымдастығының координаторы Мариям Тасболатқызы болды.

Киелі Түркістан топырағында өткен олимпиада 4 кезеңді қамтыды. Бірінші кезеңде «Өңір экологиясы», «Мейірімге мұқтажбыз», «Өңір туризмі», «NEET» секілді тақырыптарды таңдап, кемінде 5 минуттан аспайтын бейнесюжеттерін әзірледі. Алғашқы турдың қорытындысы бойынша Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті «Сырдың суы тапшылық туындатты» тақырыбындағы туындысы мен Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті «NEET санатындағы жастар» бойынша түсірген видеоматериалдары 45 ұпайды жинап, үздік деп танылды. Екінші кезеңде әрбір топтың атынан бір қатысушы «Kahoot!» бағдарламасы арқылы 4 пән бойынша тест тапсырды. Келесі күні газет жанрлары бойынша жазба жұмысын жазып, газет шығару тәжірибесімен бөлісті. «Сыр түлегі» тобы әртүрлі жанрдағы жазбаларымен әділқазы мүшелерін тәнті етті. Әсіресе Анна Данченко мен Мейіржан Әлібекұлының ерекше ықыласына бөленіп, оң бағасын алды.

Айта кетейік, бірінші орын мен келесі жылғы олимпиаданы өз университетінде өткізу жолдамасын Сулейман Демирел атындағы университеті иеленді. Біздің Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің журналистика мамандығының студенттері аталмыш олимпиададан 2016 жылы жеңімпаз атанып, дәстүрлі бәсекені 2017 жылы өткізгенін еске саламыз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: