Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұмытыла бастаған ежелгі қазақ салт-дәстүрлері

23.07.2022, 17:00 1002

HALYQLINE.KZ Салт-дәстүрлеріміздің кейбірі халық арасында кеңінен пайдаланылып жүрген болса (айдар тағу, қонақ кәде, бастаңғы және т.б.), кейбірі ұмыт қалып барады. Әсіресе жастарымыз біле бермейтін салт-дәстүрлеріміз жетерлік. Ата-бабаларымыздан мұра боп қалған салт-дәстүрлер әрдайым игі мақсаттар үшін қолданыста болған. Сол себепті оларды біле жүру, кей-кейде өмірде іске асыру міндетіміз.

АҚСАРБАС АТАУ. Қауіп-қатерге ұшырағанында «А, Құдайым оңдасын! Мені осы қиындықтан құтқара гөр! Ақсарбас!» деп құдайы атайтын болған. Мұндай жағдайда «Ақсарбас!» деп үш рет айқайлаған. Сосын қауіп-қатерден аман қалғанында әлгі адам ауыл аймағын шақырып құдайы берген. Ақсарбасқа шалынатын малдар: бозқасқа (қой), көкқасқа (жылқы), қызыл-қасқа (сиыр). Адам ақсарбас атағанда қай малын айтса, соны құдайыға союға тиіс.

АСАТУ. Бұл дәстүр Сәбит Мұқановтың «Халық мұрасы» деген кітабында толық баяндалған. Дастарқан басында ет жеп отырғандар тоғая бастағанында, төрде отырған ақсақал қалған етті қолымен қонақтарға, жас балаларға асатады. Бұрындары ауыл балалары ет асаймыз деп қонақ келген үйдің қасында жүретін-ді.

АТ ТҰЛДАУ. Ер адам қайтыс болғанында мініп жүрген атының жал-құйрығын күзеп, оны бос жібереді де, өлген адамның жылында сол атты әкеліп сояды.

АУНАТУ. Қазақтар үйіне келіп қонақ болған, қонып кеткен адамдардың отырған, жатқан жеріне «баламыз осы атасына тартсын, бойына осы атасының қасиеттері қонсын» деп балаларын аунатып алатын болған. Елге, ағайынға сыйлы азамат кіндік қаны тамған туған жеріне келгенінде халық, туған-туыстары, дос жарандары оны сол жердің топырағына аунатып алған. Шыңғыс Айтматов үйіне Мұхтар Әуезов келгенінде, ол отырған орындыққа ұлын аунатып алған көрінеді.

АЯҒЫНА ЖЫҒЫЛУ. Кешірім сұраудың ең үлкен, кішіреюдің ең ауыр түрі – осы ғұрып. Оны орындағанда айыпты адам жанына абыройлы, қадірлі кісілерді ертіп алып, тисті адамның үйіне рұқсат сұрап кіріп, кешірім сұрайды. Айыбы үлкен болса, айыпкер өзі кінәлі болған адамның аяғына жығылып, оны құшақтаған қалпы жылап, кешірім сұрап, жалынған. «Аяғына жығылу» – әрі ғұрып, әрі жазаның бір түрі.

БАЙҒАЗЫ БЕРУ. Үлкеннің кішіге, яғни балаға беретін сыйы. Жас ұл-қыз, бойжеткен, бозбала жаңа киім кигенде, жаңа зат алғанда аға, апа, ата-әжесінен, туған-туыстарынан оған байғазы сұрайды. Олар байғазыға ақша, мал, мүлік, әйтеуір бір зат беріп, құтты болсын айтады.

Жалғасы бар…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: