Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Халық» – «дефицит» басылым

21.07.2020, 14:00 661

HALYQLINE.KZ  Еліміздің ақпарат аламанында басылым да, телеарна да көп. Десек те, солардың басым бөлігі бір-біріне ұқсас келеді. Өзіндік сорабымен ерекшеленіп, нақты аудиториясын қалыптастырған ұжымдар аз. Осындай «дефицит» басылымдардың бірі – республикалық «Халық» газеті. «Халық» газеті Сыр жұртшылығына әбден таныс. Республикалық басылымның оқылымы жоғары екеніне ешкім шүбә келтіре қоймасы анық.

«Халықтың» халық ықыласына бөленуі де кездейсоқтық емес. Бұл басылымның басшысы Нұржан Нұрмағамбетов ағамыздан бастап, түгел ұжым – өз ісінің мамандары, саланың адал қызметкерлері. Оған көзіміз жеткен.

Жиырма жылдық мерейтойын тойлап отырған басылымның бізге ыстық болатын жөні бар. Оқушы кезімізде жазған-сызғанымызды түзеп-күзеп жариялаған, білмейтінімізді үйретіп, қатемізді түзеткен кәсіби орта – «Халық» газеті. Бізге редакцияның аурасы, журналистердің қауырт жұмысы ұнайтын. Әрнені сылтауратып қаламы тегеурінді аға-әпкелеріміздің арасына бір барып келуге ынтық болып тұратынбыз.

Журналист болуға деген талпыныс бізді Алматыға жетеледі. Мектепті тамамдап, үлкен шаһарға аттанар күні жазбамды жариялаған, біраз сүзгіден өткізіп, білмейтінімді үйреткен ұжымнан бата алғалы бардым. Газеттің басы редакторы Нұржан Нұрмағамбетов ағамыз бен ұжым қызметкерлері тілегін білдіріп, арқаға қағып шығарып салған. Есікке бет алған тұста сол күні дипломын қолға алып отқан Қозы Көрпеш Жасаралұлы ағам ырымдап лентасын тақты. Осындай дайындықпен, көптің бата-тілегімен жолға шығып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне қабылданған едік. Биыл оқудың соңғы курсына аяқ басып отырмыз.

Жазуымыз біреуді сүйсінтсе, біреудің көңілінен шығып жатса, қаламымды қалыптастырған «Халық» газетіне алғыс айтамын. Ауылымыздағы бір оқиға негізінде жазылған әңгімемізді газеттің айқара бетіне жариялаған күні менен бақытты адам жоқтай қуанғаным да есімде. Бұл – «Халық» газетінің қолдауы, ынталандыруы.

«Халық» газетіне және газет ұжымына амандық тілеймін! Елдің сөзін сөйлеп, жұрттың жыртысын жыртатын басылымның ғұмыры ұзақ болғай! Мерейтой құтты болсын!

Әділет МӘДЕНИЕТ,

ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының

баспасөз хатшысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: