Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әскерилер Ұлы Отан соғысының ардагерін көктем мерекесімен құттықтады

08.03.2022, 17:32 407

Кызылорда гарнизонында жергілікті әскери басқару органының әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысының ардагері Колесник Любовь Сергеевнаны 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтады.

Қызылорда қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығы полковник Алмас Чункунов, «Қарулы Күштерінің ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Мыңділда Ршауов және департамент пен басқарма офицерлері Халықаралық әйелдер мерекесіне орай Ұлы Отан соғысының ардагері Любовь Колесникті құттықтап, арнайы мерекелік сыйлықтарын табыстады. 1944 жылы әскер қатарына шақырылған кезде Любовь Колесник небәрі 19 жаста еді. Ерте жастан бойжеткен соғыс ауыртпашылығын көріп, көп мәрте батылдығымен көзге түсті. Беларусь майданының дала госпиталінде медбике қызметін атқарды. ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуковтың» және «Ұлы Отан соғысының жеңісі» мерекелік медальдарымен марапатталған. Соғыстан кейін Теміржол емханасында 45 жыл фельдшер қызметін атқарып, 1991 жылы зейнеткерлікке шыққан. Осы жылы 97 жасқа толатын Любовь Сергеевна 3 бала тәрбиелеп өсіріп, олардан немере, шөберелер сүйіп отырған аяулы жан.

Әскери қызметшілермен кездесу барысында ардагер ана соғыс басталғаннан бастап сонау Германиядағы жеңіс күніне дейінгі бастан кешкен оқиғаларын еске алып, өзінің өмірбаянын айтып берді. Осы сәтке дейінгі жинаған суреттерінің тарихына тоқталды. Арнайы құттықтап келген әскерилерге өзінің ризашылығын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Өз кезегінде Қызылорда қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығы полковник Алмас Чункунов жеке құрам атынан Любовь Сергеевнаны Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтап, ұзақ өмір, қажымас қайрат және немере, шөберелерінің қызығын көруді тілеп, арнайы сыйлығын табыстады.

Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы лейтенант Мұхит Қонаров

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: