Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Соңғы қоңырау соғылды

25.05.2026, 14:06 63

Бүгін 2015 жылы ел игілігіне берілген Б. Момынбаев атындағы № 278-ші IT мектеп-лицейінде соңғы қоңырау салтанаты өтіп, оған қатысқан қала әкімі Нұржан Ахатов ұстаздар мен оқушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтады. Биыл бітіретін алғашқы 61 жас түлекке алдағы мемлекеттік сынақтан сүрінбей өтіп, қалаған мамандықтарының иесі атануларына тілектестігін білдірді.

«Биыл оқу жылын 1 — 11 сынып аралығындағы 80 621 оқушы аяқтаса, оның 4 436-ы мектеп түлектері.
Ал, озат 409 оқушы «Алтын белгіге», 442 оқушы үздік аттестатқа үміткер. Міне, біздің білімді ұрпақтың деңгейі жыл санап өсіп келеді. Ел Президенті Қасым — Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты» — деген болатын. Бұл бастама баршаға басты бағдар және кемел келешектің кілті – білімде екенін білдіреді.

Бұл жолда ерен еңбегін сарп еткен ұстаздарға ризашылығым шексіз. Балалардың тәрбиесін тыңғылықты қадағалап, білімге дәріптеген ата-аналарға алғысымды білдіремін», – деді Нұржан Сәбитұлы.

Шараға қатысқан қоғам қайраткері Сайлаубай Әбіш түлектерге ақ батасын арнады.
Айта кету керек, Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен Сыр өңірінде жасампаз жобалар жүзеге асуда. Осының ішінде өскелең ұрпаққа арнап салынған әлеуметтік нысандар жетерлік.

Ел Президенті Қасым — Жомарт Кемелұлының «Баланың бәрі бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі де бірдей болуы керек. «Келешек мектептері» жобасының негізгі мақсаты да – осы» деген болатын.

Қазір қалада 5 жаңа дәуір мектебі ел игілігіне берілді. Жас ұрпақтың таным көкжиегін кеңейтіп, қажетті дағдыларға машықтануына «Оқушылар сарайы» салынды. Сол жағалаудан ашылған заманауи білім ордасы – Физика -математика бағытындағы мектеп — лицейі де өркениетке бастайтын өрелі білім ұясы. Мұнымен қоса, «Сыр жұлдыздары» шығармашылық және инновациялық академиясы балаларды қабылдауда.
Жақында «AI-KERIM» оқу — сауықтыру орталығы ашылды. Бұл – жыл он екі ай үздіксіз жұмыс жасайтын 300 орындық заманауи балалар тынығу лагері. Оқушылар үшін аталған лагерь таптырмас тынығу орны болады.

Биылғы жазғы демалыс кезеңінде 70 802 оқушының бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында мектеп жанынан жұмыс жасайтын 61 жазғы тынығу лагерінде 2815 оқушы қамтылса, 61 лагерьде 17904 оқушы демалады. Мұнан бөлек, қала сыртында орналасқан 2 лагерь мен орталықтарда 4 ауысымда 1 564 бала демалыс уақыттарын тиімді өткізеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: