Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада «Болашақ» бағдарламасының түлектері табысты еңбек етуде

20.10.2022, 17:30 199

HALYQLINE.KZ Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алған 20 профессор-оқытушы мен сала мамандары қызмет етуде.

Солардың бірі – биылғы оқу жылынан бастап университеттегі ғылыми зерттеулерді үйлестіру бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалған АҚШ-тағы Джордж Вашингтон университетінің түлегі, философия докторы (PhD) Айнұр Монтаева.

Айнұр Сәрсенбекқызы – қала құрылысы, құрылыстағы экономика және менеджмент, халық денсаулығына қауіпсіз орта қалыптастыру бағытын зерттеуде тәжірибесі бар жас ғалым.

– Джордж Вашингтон университетінде «Болашақ» бағдарламасымен магистратура оқып, шетелдегі ұйымдарда тәжірибеден өтуге мүмкіндік алдым. Бұл университет магистранттардың компанияларда тәжірибе жинақтауына басты назар аударатын. Оқу бітірген соң Дүниежүзілік банк қызмет ұсынғанымен, елде қызмет етуге шешім қабылдадым.

Қазақстанға келгесін 2016-2020 жылдар аралығында еліміздегі ауқымды құрылыс компаниясында «Сапаны бақылау» бөлімінің жетекші маманы болып еңбек еттім. Құрылыстың сапасын зерттеуге арналған сертификатты  иеленгендіктен, жаңа стандарттарға сай үйлердің сапасын қадағалау қызметін атқардым.

Адамдар жақсы өмір сүру үшін ғимараттар денсаулыққа зиянсыз болуы қажет. Сондықтан, энергияны аз қолданатын үйлер, жаяу жүргіншілерге қолайлы қала салу стандарты бойынша зерттеу жүргіздім. Алдағы уақытта университетте жаңа ғылыми жобалардың жүзеге асуы бойынша еңбек ететін боламын, – деді  Айнұр Сәрсенбекқызы.

Шетелде білім алған Гүлназия Әлмаханова да университетте «Халықаралық байланыстар» бөлімінің басшысы қызметін атқарады. Ол «Болашақ» бағдарламасы арқылы 2019-2020 жылдары Ұлыбританияның Уорик университетінде Халықаралық қауіпсіздік магистрі дәрежесін иеленген.

Ал 2016-2019 жылдар аралығында Ұлыбританияның Борнмут университетінде «Халықаралық қонақ үй бизнесі және туризм менеджменті магистрі» дәрежесін алған Бекзат Ырза «Экономика және басқару» кафедрасының оқытушысы болып еңбек етуде. Педагог 2022 жылдың шілде – қыркүйек айларында Ұлыбританияның Суррей университетінде «Қонақ үй және туризм менеджменті» факультетінде ғылыми-зерттеу тағылымдамасынан өтті.

2009 жылы Жапониядағы  Токио, Киото, Тойо университеттерінің  ғылыми  орталықтарында, 2013 жылы Швейцарияның Монтре іскерлік мектебінде, Лондон қаласында, 2022 жылы Ресей мемлекеттік аграрлық университеті – К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу ауылшаруашылық академиясында бірқатар профессор-оқытушылар ғылыми тағылымдамадан өтті.

Айта кету керек, шетелде тәжірибе жинақтап, біліктілігін шыңдаған профессор-оқытушылар университеттерге аса қажет. Бүгінде оқу орнының бірнеше ғалымы АҚШ, Германия, Ресей елдерінде ғылыми тағылымдамадан өтуде. Білім мен ғылым саласының және университеттің дамуына басқа мемлекетте білімін жетілдірген ғалымдардың қосар үлесі зор болмақ.

                                              Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің медиа орталығы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: