Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мектептердегі ағымдағы жөндеу жұмыстарын көрді

12.08.2026, 11:55 58

HALYQLINE.KZ

Кеше Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов білім беру нысандарындағы жөндеу жұмыстарының барысын бақылау мақсатында Ақсуат ауылындағы №100 және Әйтеке би кентіндегі С.Сейфуллин атындағы №165 орта мектептеріне барды. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Аудан басшысы мектеп ғимараттарындағы жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасы мен орындалу барысын көріп, жауапты мамандар мен мердігер мекеме өкілдеріне жұмыс сапасы мен мерзіміне қатысты бірқатар тапсырма берді.

Биыл Ақсуат ауылындағы №100 орта мектебінде ғимараттың шатырын ауыстыру мақсатында ағымдағы жөндеу жұмыстарына 49 млн теңге бөлінген. Жұмыстарды мердігер мекеме «СК Ризалит» ЖШС жүргізуде.

Қазіргі уақытта ғимарат шатырының ағаш конструкциялары толық жаңартылып, суағар жүйесі орнатылған. Алдағы уақытта шатырдың қаңылтыр жабындысын төсеу жұмыстары атқарылмақ. Бүгінде жөндеу жұмыстарының 65 пайызы аяқталған.

Мектептегі жөндеу жұмыстарын аралау барысында аудан әкімі ауыл ақсақалдарымен де кездесті. Ақсақалдар мектеп ғимаратының шатырын ауыстыру мәселесі ауыл тұрғындарын көптен бері алаңдатып келгенін айтып, маңызды мәселенің шешімін тауып, жөндеу жұмыстарының қолға алынғанына ризашылықтарын білдірді.

Өз кезегінде аудан әкімі білім беру нысандарын жаңғырту жұмыстарының маңыздылығына тоқталып, жөндеу жұмыстары сапалы орындалып, белгіленген мерзімде аяқталуы қажет екенін айтты.

Ал аудан орталығы Әйтеке би кентіндегі С.Сейфуллин атындағы №165 орта мектебінде ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 48 млн теңге қаралған. Бөлінген қаржы есебінен мектептің спорт залы мен асханасының еденін жаңарту жоспарланған. Мұндағы жөндеу жұмыстарын «Qaz General Engineering» ЖШС жүргізуде.

Жөндеу жұмыстарын аралау барысында аудан әкімі мердігерлерге жұмыстарды 20 тамызға дейін толықтай сапалы етіп аяқтауды және құрылыс барысында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды тапсырды.

Айта кетейік, биыл Қазалы ауданында Жанқожа батыр атындағы №70, С.Сейфуллин атындағы №165, Қ.Сәтбаев атындағы №216, Қ.Нұрмаханов атындағы №95, Ақсуат ауылындағы №100 және Ү.Түктібаев ауылындағы Б.Әбдіразақов атындағы №88 мектептерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: