Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Есеп» деген әлемнің тұңғиығын сезіне білдім»

21.06.2022, 18:30 162

HALYQLINE.KZ

Дана халқымыз «бір бала бар – атасына жете туады, бір бала бар – атасынан өте туады, бір бала бар – кері кете туады» деген тәмсілді дұрыс айтыпты. Заманынан оза шапқан азамат-азаматшаларымыз жетерлік. Осындайда «дүниеде ғылымды бірінші орынға қойғандар еш өкінбейді, өссе де бай, өшсе де бай» деген тұжырым санаға сәуле себеді. Өз елінің шырағын тұтатып, әлемнің түкпір-түкпірінде білім қуып, «қазақстандықпын!» деген сөзді жалау еткен азаматтардың қатарында Уалбай Өмірбаев та бар.

Киелі Түркістан топырағында туған математик-алгебраист Уалбай Утмаханбетұлы қазірде әлемге белгілі математик ғалымдар қатарында. Қаншама жыл АҚШ-та тұрып, шәкірт тәрбиелеген. Ізденістің ізін қуған ғалым қазір Германияда тұрады. Пандемия басталғалы елге келу қиындық туғызып, бірнеше жыл өз ісінің «түбін қазған». Қазір Қазақстанда жағдай тұрақталып, зайыбымен бірге туған жеріне қонаққа келді. Жұбайы Сыр өңірінің тумасы болғандықтан, аттың басын Қызылордаға бұрыпты.

Жергілікті БАҚ өкілдері математик-ғалымның ілім жолындағы ізденісі мен шығармашылығы жайлы ашық пікірлесу үшін келелі кездесу өткізді.

«Біз шығармашылық арқылы шабыт, толқыныс, ләззат аламыз, қаламнан туған дүниелер адамға рух береді, ал есеп сіздің өміріңіз үшін қандай ерекшелік жасай алды?» деген сауал қойылды.

Менің әкем де математик болған, мен де осы ғылым жолында жарты ғасырдан аса уақытымды жұмсап, «есеп» деген әлемнің тұңғиығын сезіне білдім. Біреу жазу жазып шабыттануы мүмкін, ал есеп қуған жандардың бұл дүниедегі рақаты – күрмеуі қиын күрделі есепті шешу. Математика философиясын сезіну қиын, бірақ түбіне түскен адам одан ләззат алып, «қосу-көбейту, алу-бөлудің» артынан кетеді, – деді математик-алгебраист.

Ойлағаныңды жүзеге асыру үшін адамға 1 пайыз ғана қабілет беріледі, ал қалған 99 пайызына еңбек, ізденіс пен табандылық көрсету қажет екені сөзсіз. Ғалымның айтуынша, мектеп кезінде оқушыларға  дара сабақтарды қинап түсіндірудің қажеті жоқ, бала психологиясы өзі бейім пәнге аса қызығушылықпен қарап, болашағын таңдайтын көрінеді. Бұл шетелдің менталитетіне саятын дүние екен. Дүниеде ілім жинауды басты орынға қойған перзент өз ісінен жаңылмайды, өмірге тура көзбен қарауды үйренетін болады. Осы ұстанымды ұстанған ұлдың қазірде мерейін тасытқан білім екені ақиқат.

Қазаққа арнап туған дүлдүл математиктер қатарынан көрінген Уалбай Өмірбаев адамзатты ақиқат пен шындық жолында күрескер болуға шақырады. Шетелдің өмірін, менталитетін меңгерген маман үшін өмірдегі ең басты құндылық – туған жер екені айтылды. «Өмір – ол есеп пен теңдеуден құралған». Осынау сөздің астары әл-Фарабидің философиясымен астасады. Өйткені ғылым жолындағы жаңашылдық көп болғанымен, түйсік – біреу. Есеп көп болса да, шешу формуласы – жалғыз. Математика үшін туған талант пен тілшілер арасында өрбіген жылы жүздесу ешқашан бір-бірімен жанаспайтын екі түрлі ғылымды «шығармашылық» деген түсінікпен біріктіргендей болды.

Суретті түсірген Н.Нұржаубай

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: