Байқоңыр қаласында білім беру инфрақұрылымын дамыту және балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Соңғы жылдары қазақстандық білім беру стандарттары бойынша жұмыс істейтін мектепке дейінгі ұйымдардың саны артып, бүлдіршіндерге сапалы білім мен тәрбие беруге қолайлы жағдай қалыптасуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай мәлімдеді.
— Соңғы жылдары атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қазақстандық білім беру стандарттары бойынша 6 балабақша жұмыс істейді. Оның 3-еуі – мемлекеттік, 3-еуі – жекеменшік. Қазіргі уақытта бұл мектепке дейінгі ұйымдарда 1 100 бала тәрбиеленуде. 2022 жылы қалада қазақстандық стандарт бойынша небәрі бір ғана мемлекеттік балабақша жұмыс істеген болса, бүгінде олардың саны алтыға жетіп, мектепке дейінгі біліммен қамту мүмкіндігі едәуір кеңейді. Биыл Мемлекет басшысының мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды кеңейту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында қазақстандық білім беру стандарты бойынша 180 орындық №26 мемлекеттік бөбекжай-бақшасы пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Байқоңыр қаласы әкімшілігінен бір ресейлік мектеп ғимаратын жалдан шығару арқылы 2026-2027 оқу жылынан бастап қазақстандық білім беру стандарты бойынша жаңа жалпы білім беретін мектеп ашу бағытында жұмыстар жүргізілуде, — деді Қайрат Ырзақұлұлы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!