Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Асқар Жұмаділдаев атындағы байқау қорытындыланды

17.05.2023, 16:15 530

HALYQLINE.KZ Бүгін жас математик мұғалімдердің кәсіби шеберлігін дамытуға, студенттер мен оқушылардың білім деңгейін арттыруға арналған «Асқар Жұмаділдаев атындағы жас математиктер арасындағы халықаралық байқау» өз мәресіне жетті. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен дәстүрге айналған байқау Қызылорда облысында биылғы жылы екінші рет халықаралық деңгейде ұйымдастырылды.

Жас математиктер арасындағы білім додасына еліміздің барлық аймақтары мен көршілес Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінен 18 бен 28 жас аралығындағы жас математиктер қатысты. Байқауға 1700-ден аса үміткер өтінім беріп, ең мықты деп іріктеліп алынған 100 қатысушы байқауда бақ сынасты.

Байқауға қатысушылар құрамын сапалы іріктеу мен тапсырмаларды әзірлеуге «Математика пәні мұғалімдерінің Қазақстандық қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі атсалысты. Комиссия құрамына еліміздегі және көршілес елдердің ең мықты деген мамандары тартылды.

Халықаралық байқаудың салтанатты жабылу рәсімінде Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Сақтағанов Нұрымбет Аманұлы, академик Асқар Серқұлұлы Жұмаділдаев сөз сөйлеп, барлық қатысушыларды құттықтап, ризашылықтарын білдірді.

Іс-шара барысында дарындылар додасының жеңімпаздары марапатталып, арнайы диплом мен «Үздік математик» номинациясы берілді. І орын иеленген Алматы қаласынан қатысушы Жолдасов Қуанышқа 1 миллион теңге, жүлделі ІІ орын иегерлері Кунгожин Нұрбек (Алматы қаласы) пен Сәбит Бәйменге (Қызылорда қаласы) 500 мың теңгеден, ІІІ орын иегерлері Исатай Ақылбек (Астана қаласы) пен Кеңесов Бауыржанға (Тараз қаласы) 300 мың теңгеден қаржылай сыйлық сертификаттары табысталды.

Сонымен қатар, байқауда белсенділік танытқан 10 қатысушы Әнуарбек Тынышбек (Өскемен қаласы), Нәжмадинов Марат (Ақтөбе облысы), Басар Әділет (Тараз қаласы), Мақұлбек Аслан (Тараз қаласы), Күбенқұлова Гүлжас (Батыс Қазақстан облысы), Жаруллаев Дастан (Алматы қаласы), Кулболдин Данияр (Тараз қаласы), Жәлдешқожаев Бекасыл (Қызылорда облысы), Тыныштықбай Абылай (Алматы қаласы), Рахметуллаев Айтымбет (Маңғыстау облысы) 100 мың теңгеден ынталандыру сыйлығымен марапатталды.

Халықаралық байқауға қатысушылар бұл байқауды жыл сайын дәстүрге айналдыру қажеттігін айтып, шараның ұйымдастырылуы мен ерекше форматына ризашылықтарын білдірді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: