Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Алтын белгі» – көтермелеудің көсегесі

25.05.2022, 9:00 606

HALYQLINE.KZ

Мектеп тағы бір түлегін ұшыру алдында тұр. Ең жауапты және күрделі маусым осы шақ. Әркім қал-қадірінше қам жасап, жаңа өмірдің жайын ойлап отыр. Бұл ата-анаға да аз салмақ емес.

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оқу процесіне және «Алтын белгі» үміткеріне байланысты тұщымды тапсырма берді. Енді бақылау батыл жүрмек.

Бізден төрт-бес мүшел үлкен кісілердің айтуынша, кезінде алты кластық біліммен мектепте мұғалім болып, олардан ел басқарған тұлғалар, ғаламат ғалым шәкірттер шыққанын естігенбіз.

Қазір заман өзгерді, он бір жылдық білім беру мектебі болды. Бәрі жақсы, қуанарлық, білім сапасы да артты.

Бірақ жыл сайын «Алтын белгі» қатары өскен сайын күдік көбейе түсті. Әрине, көптік көңілге медеу шығар, дегенмен «Алтын белгінің» сапасын түсіріп бара жатқандай. Статистика мен көрсеткіш қуудың кесірінен сапа сан соғып қалды.

Меніңше, «Алтын белгі» иесін мектептен шыққан «ғұлама» ретінде қарастырсақ, ол барлық пәнге жүйрік дегенді білдіреді. Яғни, ол – ғылыми диссертация қорғауға жатпайтын дайын ғылым кандидатына бара-бар дарын! Бұл «гений» деген мағына! Мұндай мәртебемен мектепте ұстаздық етуге де болады деген сөз.

Небәрі екі сынып оқыған Ғабиден Мұстафин, үш сынып бітірген Ғабит Мүсірепов қазақ әдебиетінің классигі атанғанын ескерсек, он бір жыл оқудың нәтижесі, оның ішінде үздіктің үздігі болу үлкен мерей-ақ!

Мектепті статистикалық көрсеткіш қууға итермелеу орынсыз. Қазір түлектің басым бөлігі жоғары оқу орнында оқу бәсекесіне түсті. Көпшілігі ақылы түрде. «Менің балам кімнен кем?» деген жорта жарысуға бейімделіп барамыз. Осының салдары жұмыспен қамтуға дәрменсіздік тудырды. Жұмысшы қолы жетімсіз, көпшілік дардай дипломның иесі! Осы мәселе әлі өзекті. Болашаққа болжам жасалып, қай мамандық тапшы, соған ғана мемлекеттік грант бөлініп, түлекті төрт жылдан кейін сенделтпей, тиісті жұмысы күтіп тұрса қандай ғанибет.

Кеңестік кезеңдей, «қызыл дипломға» қол жеткізу оңай олжа емес, оның иесі үшін барлық мүмкіндік ашылса, конкурссыз қызметке қабылдау жүргізілсе деймін.

Жалпы, білім саласындағы бас қататын шаруа шаш етектен…

Қаныбек  ӘБДУОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: