Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аймағамбетов: «Ата-ананың оқу барысына араласуы азайған»

09.09.2026, 10:00 53

Қазақстандағы PISA нәтижелерінде орташа балдан бөлек назар аударатын маңызды көрсеткіштер бар. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Telegram-дағы жазбасында оқушыға отбасы мен мектеп тарапынан көрсетілетін қолдаудың арақатынасына назар аударды.

Оның келтірген дерегіне сәйкес, Қазақстанда ата-ананың баланың оқуына күнделікті араласуы соңғы жылдары айтарлықтай төмендеген. 2022 жылы оқушылардың 68 пайызы ата-анасы аптасына кемінде бір рет мектепте не істегенін сұрайтынын айтса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 54 пайызға түскен.

Мектепте туындаған мәселелерді ата-анасымен тұрақты талқылайтын балалардың үлесі де 61 пайыздан 45 пайызға дейін азайған. Аймағамбетов мұндай үрдіс өзге елдерде де бар екенін, алайда Қазақстандағы төмендеу ауқымы елеулі екенін атап өтті.

Сонымен бірге мектептегі мұғалім қолдауы, керісінше, жоғары деңгейде қалып отыр. PISA өлшейтін teacher support индексі Қазақстанда +0,65 болса, OECD орташа көрсеткіші +0,03.

Оқушылардың 85 пайызы мұғалім әр баланың оқуына қызығушылық танытатынын айтқан. 86 пайызы мұғалім тақырыпты оқушы түсінгенше түсіндіруді жалғастыратынын, ал 88 пайызы қажет кезде қосымша көмек көрсететінін атап өткен. Бұл көрсеткіштердің барлығы OECD орташа деңгейінен жоғары.

Аймағамбетов осы тұста бір маңызды қарама-қайшылыққа назар аударады. Үйдегі күнделікті оқу қолдауы әлсіреп бара жатқанымен, мектеп пен мұғалім тарапынан көрсетілетін қолдау жоғары деңгейде қалып отыр.

Оның айтуынша, бұл мұғалімдерге түсетін жауапкершіліктің қаншалықты артқанын көрсетеді. Мұғалім тек сабақ түсіндірумен шектелмей, оқушыны қолдап, қиындық туған кезде қосымша түсіндіріп, оның оқуына тұрақты сүйемелдеу көрсетуге мәжбүр.

Сонымен бірге мектеп отбасының орнын толық баса алмайды. Аймағамбетовтің пікірінше, баланың оқу нәтижесі мектеп пен ата-ананың қолдауы бірін-бірі толықтырған кезде ғана жоғары болады.

Осы себепті PISA нәтижесін бағалағанда тек мектептің жұмысын емес, отбасының балаға күнделікті көрсететін қолдауын да ескеру қажет.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: