Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Абырой» мемлекеттік қызмет мектебінің аудиториясы ашылды

21.06.2021, 15:20 239 0

HALYQLINE.KZ Мемлекеттік қызметші күні мерекесіне орай Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Абырой» мемлекеттік қызмет мектебі аудиториясының ашылуы болды. Шарада аталмыш мектеп түлектеріне сертификат табысталды.

Бұл атаулы күннің тарихы Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастау алады. 2002 жылдың 20 желтоқсанында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 23 маусымды БҰҰ-ның мемлекеттік қызметшісі күні деп жариялау қарарын қабылдап, оған мүше әр мемлекетті де осыған байланысты бір күнді белгілеуге шақырды. 2013 жылдың 20 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Президентінің №716 Қаулысымен 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні болып бекітілді.

«Әрбір өркениеттің өріне қадам бастаған мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын алға апарушы мемлекеттік қызметкер болып табылады. Сондықтан да ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – мәртебелі міндет. Мемлекеттік қызметші қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді. Дана халқымызда «Билігі мықты елдің – тірлігі құтты болады» деген сөз бар. Сондықтан қашан да жүгі ауыр билік міндетінің ауқымды және мақсатының биік болары барлық мемлекеттік қызметшілердің әрқашан жадында болуы керек. Мемлекеттік қызметшінің басты міндеті туған Отаны мен халқына адал қызмет етумен бағаланады», – деді университет ректоры Бейбіткүл Каримова

Университетімізде ашылған «Абырой» мемлекеттік қызмет мектебі – жас көшбасшыларды оқыту, мемлекеттік органдарда тағылымдамадан өткізу арқылы мемлекеттік қызметтің іс жүзіндегі дағдыларын үйренуге мүмкіндік береді. Мектепке «Мемлекеттік және жергілікті басқару» білім беру бағдарламасы бойынша білім алушы 4 курстың 25 студенті қабылданып, ҚР Президенті жанындағы Басқару Академиясының Қызылорда филиалында біліктілікті арттыру курстарынан өтті және Облыс әкімшілігінде басқармаларда тағылымдамадан өтті. Мұндағы мақсат – келешегін мемлекеттік қызметке арнағысы келетін жас маманның ЖОО дипломымен бірге мемлекеттік қызметтің талап-дағдыларын да қоса меңгеріп шығуына көмектесу.

ҚР Мемлекеттік қызмет істер агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі Кеңес төрағасы Рафхат Төлейғалиұлы Бисенов құттықтау сөз сөйлеп, түлектерге сәттілік тіледі.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінде кафедраның өндірістегі филиалын ашу жөніндегі келісімге келіп, ережеге қол қою рәсімі өтті. Содан соң, «Абырой» мемлекеттік қызметшілер мектебінің түлектеріне сертификат табысталды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: