Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

24 мың педагогтің жеке компьютері жоқ

04.08.2020, 11:40 609

HALYQLINE.KZ Білім күнін 1 қыркүйекте онлайн режимінде өткізу жоспарланған. Дегенмен, мәселелер әлі де баршылық. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, мектептерге компьютер сатып алу жұмысы жүргізілуде. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен селекторлық жиында айтылды.

– Жалпы, тапшылық бар. Бұл туралы ашық айту керек. Бүгінгі таңда республика бойынша 185 мың білім алушының компьютері жоқ. Тапшылық әсіресе көпбалалы, аз қамтылған отбасыларда байқалады. 1 қыркүйекке дейін аталған санаттағы 500 мыңнан астам бала компьютер техникасымен қамтамасыз етіледі, – деді білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов.

24 мың педагогтің жеке компьютері жоқ, 2 мың педагог үшін интернет желісі қолжетімді емес. Бұл мәселе мектептегі компьютерлерді оларға уақытша пайдалануға беру арқылы шешілетін болады. IV тоқсанда өз интернет-платформаларын ұсынған ІT компаниялар жазғы уақытта айтылған ұсыныстар бойынша оқу процесіне қажетті жаңа функционалдар жасап, қашықтықтан оқыту сапасын арттыру бойынша бірқатар жұмыстар атқарды.

Мазмұн материалдарын толықтырумен қатар, ІТ компаниялар сабақтарды жазу мүмкіндігі бар стримингтік бейне конференция модульдерін дайындады. Оқу процесін басқарудың автоматтандырылған жүйелері, аналитика, бағалау және т. б. әзірленді.

Бүгінгі күні әр мектеп ІT компаниялардың интернет-платформаларында педагогтардың сұраныстарына жауап беретін кез келген платформаны таңдауға құқылы. Осы қысқа мерзімде бірнеше жаңа платформалар да нарыққа шықты, бәсекелестік пен таңдау бар.

Көктемдегі тәжірбиеге сәйкес телесабақтар әзірленуде. Телесабақтар – өте қолжетімді құрал. Барлығы 6 мыңнан астам телесабақ түсірілуде. Теледидар сабақтары «әл-Фараби» мен «Ел-Арна» арналарында көрсетіледі. Кем дегенде әрқайсысында 9 сағаттан эфир берілді. Оған қоса барлық телесабақтар интернетте орналастырылып барлық оқушылар үшін тегін және қолжетімді болады.

Қазір Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен, әкімдіктермен бірлесіп осы арналармен қамтылу картасы дайындалды. Соның негізінде 604 елді мекен үшін осы каналдардың қолжетімсіз екені анықталды, бірақ оның 314-інде ғана оқушылар бар. Бұл мәселе жергілікті телеарналарға ретрансляциялау, спутниктік антенналар орнату арқылы шешіледі.

Оқулықтармен қамтамасыз етуге қатысты жұмыс жүргізілуде. 11 сынып үшін 160 239 оқулық жиынтығы сатып алынды. Жөнелту кестесі жасалды және келісілді, жалпы жөнелту көрсеткіші 50%, жеткізу 35% құрайды. Шілде айынан бастап оқулықтар балаларға таратыла бастады. Оқулықтардың электрондық нұсқасы оқушылар мен мұғалімдерге QR-код арқылы қолжетімді.

Сөз соңында бас педагог індетпен сырқаттану деңгейінің тұрақты төмендеуіне байланысты білім беру ұйымдары санитарлық талаптарды сақтай отырып, оқытудың аралас және штаттық форматына біртіндеп көшуді жүзеге асыратынын жеткізді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: