Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Туысы бірдің – уысы бір

23.04.2022, 9:32 847

Қазақ пен түркі елінің ағайындығы күні кеше басталған жоқ. Болмаса, мына ғасырдан бастап байланыс бекіді немесе нығайды дейтіндей де емес. Себебі бұл бауырлас екі халықтың тамыры бір, түпкі тарихы тереңде. Қазақта «қан жібермейді» деген тіркес бар. Сол тіркесті текке қатысты айтқанда, осы екі елдің арасындағы туыстық байланысқа да арнауға болады. Әлқисса…

30 жылдыққа – 30 тарту. Биыл күллі түркі елінің рухани астанасы – Түркістан қаласында орналасқан Қожа Ахмет Ясауи университеті 30 жылдық айтулы кезеңінде атап айтарлықтай 30 жобаны көпшілікке таныстырды. Ауқымды жобалар аспан мен жердің арасын жалғап тұрған сан салалы тіршіліктің бірде-бір қалтарысын қалыс қалдырмаған. Бұлай дейтініміз, жобадағы жұмыстар әуе қызметінен бастап халықтың денсаулығын, білім беруін, әл-ауқатын, ас-суын жақсартып, қарапайым ел игілігін көретіндей мақсатқа жұмылдырылған. Атап айтсақ, «Ана жұрттан ата жұртқа – денсаулық көпірі», «Ана жұрттан ата жұртқа – «Алтын білезік» кәсіби білім курстары», «Тұрақты даму ғылыми-зерттеу орталығы», университеттің 300 студентінің Түркия еліне жазғы мектепке жіберілуі, 100 студенттің Түркияда туризм саласы бойынша тағылымдамадан өтуі, тіпті бариста курсы сынды біршама маңызды жобалар бар. Жаңа сөздің арасында ас-су деп айтып қалғанымыз, осы бариста курстары арқылы енді қазақ жұрты бір шыны аяқ кофе ішу мәдениетін өз ортасында-ақ қалыптастырады.

Аталмыш жобаларды осы Түркістан шаһарының ақ жағалылары мен ардақтыларына, еліміздің жоғары оқу орындары студенттеріне, оқу ордасымен серіктес ұйымдарға таныстыруды жөн көрген университет ректоры Жанар Темірбекова білім ордасы миссияларының бірін қоғамға пайдасын тигізумен байланыстыратындығын ашып айтты. Расында, 30 жобаның әрқайсысы жүздеген адамның өмір сүруіне қолайлы жағдай жасаса, мыңдаған адамның жұмыспен қамтылуына жол ашады.

Университет  жобаларды жоспарлау барысында білім беру процесіне де ерекше ден қойған. Педагогтердің цифрлық сауаттылығын арттыруға арналған біліктілік курстары, инженерия саласына көңіл бөліну, сондай-ақ түрлі тәжірибе алаңына айналатын зертханалармен қамтамасыз етілуі – соның басты айғағы. Тіптен, естігенде елең еткізетін «Ана жұрттан ата жұртқа – 100 оқулық» жобасы еліміздегі кітап қорын молайтпақ. Бұл жоба аясында Түркия мемлекетінің білікті ғалымдарының 100 оқулығы қазақ тіліне аударылады. Бүгінге дейін сол оқулықтардың 11-і оқырмандарға жол тартқан. Бұрын мәдени байланыста шекара болмайды десек, енді екі елдің азаматтары ғылыми тұрғыдан да ортақ көзқарастар қалыптастыратын болады, сондай-ақ сол арқылы бір емес, екі елдің білімімен сусындап, сыни ойлау жүйесін де жетілдірмек.

Ал «Түркістан қызғалдақтары» жобасының жөні тіпті де бөлек. Елімізді қызғалдақтың Отаны ретінде жария етуді мақұл көрген жобаны, қазіргі тілмен айтқанда, «жұмсақ күштің» жарқын мысалы ретінде қарастыруға болады. Жабайы қызғалдақтың эксклюзивті сорттарын, әсіресе «Қызыл кітапқа» енген түрлерін өсіруді, таратуды көздеген жоба өз жемісін берсе, Түркістанға келетін туристердің де саны артқан болар еді.

«Бәрін айт та, бірін айт», бауырлас елдердің бірлескен жобаларының қаржыландырылуына Түркия елінің қарасып отырғанын айта кеткен жөн. «Туысы бірдің –  уысы бір» деген осы. Әйтпесе, қай ел сенің елің дамысын деп, ет жүрегі елжірей қойсын?! Ағайындықтың алтын көпірін орнатқан Қожа Ахмет Ясауи университетінде басталған осындай іргелі істер талай оқу орындарына үлгі болары анық. 

Азамат АБИМОЛДАЕВ.

Суретті түсірген – Қожа Ахмет Ясауи университеті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: