Қоғамның жарқын болашағы бүгінгі бүлдіршіндердің сапалы тәрбиесі мен жан-жақты білім алуына тікелей байланысты. Осы бағытта әлеуметтік жауапкершілікті басты құндылықтарының бірі ретінде ұстанып келе жатқан «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы ширек ғасырдан бері Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы «Балдәурен» балабақшасына тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Балғындардың болашағына бағытталған жүйелі қолдау мен әлеуметтік жауапкершіліктің нақты көрінісі жуырда «Балдәурен» балабақшасында өткен «Аттандық балалық шақтан болашаққа!» атты салтанатты кеште тағы бір мәрте айқын байқалды. «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясының қамқорлығымен тәрбиеленген биылғы бүлдіршіндер легі балабақшамен қоштасып, мектеп өміріне алғашқы қадамын жасады.
Ширек ғасырлық тарихы бар «Балдәурен» балабақшасы осы жылдар ішінде «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясымен әлеуметтік әріптес ретінде бірге жұмыс істеп келеді. Компанияның тұрақты демеушілігі арқасында бүгінге дейін мыңдаған бала сапалы тәрбие мен мектепке дейінгі білім алып, үлкен өмірге қадам басты. Биылғы қоштасу кеші де дәл осы игі дәстүрдің жалғасы болды. Салтанатты іс-шараға Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Нариман Жақудаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Жанболат Бекмағанбетұлы және «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Тұмар Балтабайқызы қатысып, бүлдіршіндердің қуанышына ортақтасты. Қонақтар өз сөздерінде жас ұрпаққа сапалы тәрбие мен білім берудегі балабақшаның рөлін атап өтіп, бұл бағыттағы серіктес мекеменің әлеуметтік қолдауына оң бағаларын білдіріп, аудандық әкімдік пен білім бөлімінің атынан балабақша ұжымына теледидар мен көрнекі сурет және бітіруші түлектерге арнайы сыйлықтарын табыс етті.
Мерекелік іс-шара бүлдіршіндердің әсем әндері мен мың бұралған билеріне ұласып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлаған әсерлі концерттік бағдарламамен жалғасты. Балғындардың әрбір өнері олардың балабақша қабырғасында алған тәлім-тәрбиесі мен шығармашылық қабілеттерін айқын көрсетіп, сахна төріне шыққан балалар жүрек тебірентер әндер орындап, ұлттық және заманауи билерді нақышына келтіре билеп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Бір сәтте балғындардың шат күлкісі залды қуанышқа бөлесе, енді бір сәтте олардың ұстаздарына арнаған алғысқа толы сөздері мен қоштасу жырлары көпшіліктің көңілін толқытты.
Бүгінде «Балдәурен» балабақшасы – әлеуметтік әріптестіктің нақты нәтижесін көрсеткен жобалардың бірі. Осынау 25 жыл ішінде мұнайшылар балабақшаның тұрақты жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Компания мекемені заманауи құрал-жабдықтармен, төсек-орын жабдықтарымен қамтамасыз етіп, қызметкерлердің еңбекақысы мен балабақшаны ұстауға қажетті барлық шығынды толықтай өз мойнына алған. Бүгінде тәрбиеленушілер үшін барлық жағдай жасалған. Балалардың қауіпсіз әрі қызықты уақыт өткізуіне арналған заманауи ойын алаңдары, сапалы ойыншықтар мен дамыту құралдары бар.

Ширек ғасырлық әріптестік барысында балабақша ауласында түрлі ойын кешендері, төбешіктер мен көлеңкелі күркелер орнатылып, топ бөлмелері теледидарлармен, музыкалық құрылғылармен және мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге қажетті техникалармен жабдықталған. Сондай-ақ, балалардың шығармашылық және мерекелік іс-шараларын өткізуге арналған жабық алаң салынған. Осының барлығы ПҚҚР компаниясының әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарына адалдығын және жас ұрпақтың жарқын болашағына қосқан нақты үлесін айқын көрсетеді. Ең бастысы, мыңдаған бүлдіршін сапалы тәрбие мен мектепке дейінгі білім, сонымен қатар, үлкен өмірге деген сенімді қадам басуға мүмкіндік алды. Балалардың жарқын жүзінен, ата-аналардың шынайы алғысынан және ұстаздардың табысты еңбегінен бұл бірлестіктің қоғам үшін қаншалықты маңызды екендігін аңғаруға болады. Осындай игі бастаманың мән-маңызына тоқталған «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Тұмар Шалбаева компания үшін жас ұрпақтың болашағына қолдау көрсету әрдайым басым бағыттардың бірі болып қала беретінін атап өтіп, бітіруші балғындарға ақжол тіледі.
– «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ – облысымыздағы ең ірі мұнай өндіруші компанияларының бірі. Биыл компанияның «Құмкөл» кенішінің 40 жылдығы және Жаңақорған ауданындағы демеушілігімізбен құрылған «Балдәурен» балабақшамызға 25 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде балабақшаға үздіксіз әлуеметтік әріптестік етіп келеміз. Жылдағы дәстүр бойынша мектепалды түлектерінің қоштасу кешіне келіп, арнайы сыйлықтарымыз – мектеп құрал-жабдықтары салынған дорбаларын табыстап, ақжол тілеп, үлкен өмірлеріне аттандырамыз. Балғындарымыздың болашағы жарқын болуына тілектеспіз, — деді Тұмар Балтабайқызы.
Айта кету керек, бұл демеуші кәсіпорын 2001 жылдан бері осы балабақшамен тығыз байланыста әрі әлеуметтік әріптестік етіп келеді. Сондай-ақ, сапалы білім мен жайлы орынды мақсат етіп, әр жыл сайын 22 миллион теңге қаржыны аталған балабақшаға бөліп, мектепке дейінгі білім ордасындағы балғындардың қауіпсіздігі мен сапалы білім алуына үлкен үлесін қосып жүр. Балалардан бөлек, қызмет етуші ұжымның да жақсы жалақы алуына жағдай жасап келеді. Бұл туралы балабақша меңгерушісі Гүлбану Тұрғанбекқызы толығырақ тарқатты.
– «ПетроҚазқастан Құмкөл Ресорсиз» АҚ демеушілігімен бүгінге дейін мыңға жуық бүлдіршін тәрбиеленіп, мектеп табалдырығын аттады. Биыл 59 бала тәрбиеленуде, соның 25-і бүгін бақшамен қоштасып, үлкен өмірге аяқ басуда. Осы ретте, балабақшамызға ұдайы қамқорлығын жасап келе жатқан мұнайшылар ұжымына алғысымызды білдіреміз. Әр мереке, әр осындай кештерде балалардың көңілін көтеріп, сондай-ақ, сапалы ортада білім алуына жағдай жасап келеді. Бүгінгі қоштасу кеші де жоғары деңгейде өтті деген ойдамыз, — дейді балабақша меңгерушісі Г.Бәкірова.
Кештің соңғы бөлімінде сөз кезегі ата-аналар қауымына беріліп, олар жүрекжарды ізгі тілектерін жеткізіп, балабақша ұжымына және демеуші кәсіпорынға бүлдіршіндердің жан-жақты дамуына барлық жағдай жасап отырғаны үшін шынайы ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, ұжымның еңбегіне сәттілік, толағай табыс пен жаңа жетістіктер тіледі.
– Мен үшін бұл балабақшаның орны бөлек. Ең алғашында ұлым осында тәрбиеленіп, алғашқы түлегі болса, бүгінде сол ізбен немерем де осы бақшаның түлегі атанып отыр. Балабақша ұжымы да, демеуші кәсіпорын тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлық та бізді әрдайым қуантады. Балаларымызды еш уайымсыз әкеліп, тапсырып отырамыз. Мұндағы әрбір іс-шараның жоғары деңгейде, мазмұнды әрі жүрекке жылы әсермен өтетіні де көңіл қуантады. Аудан, облыс деңгейінен келетін қонақтардың бүлдіршіндерге деген құрметі, сый-сияпаты осы ұжымның еңбегіне берілген үлкен баға деп білемін. Мұнайшылардың балаларымызға деп жасап жатқан ілтипаттарына аналық алғысымды жеткіземін, қызметтері абыройлы, табысты болсын, — дейді ата-ана Айгүл Өтеген.
Балдәурендік балғындардың ұйымдастыруымен өткен қоштасу кеші естелік суретке түсумен түйінделді. Бала – болашағымыз, ал болашағымызға қазірден қолдау көрсету – келешекке жасаған ең ізгі істің бірі. Салтанатты кеште осы бір ізгі істің куәсі болдық.
Перизат ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ.
Суретті түсірген Андрей Тайгунов.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!