Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ертегі

11.06.2026, 6:00 21

Ақылды  күшік

Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде бір кішкентай қыз өмір сүріпті. Оның аты Айсұлу екен. Айсұлудың «Ақтөс» деген аппақ, сүйкімді күшігі болыпты. Ақтөс өте ақылды әрі иісті жақсы сезетін ерекше күшік екен. Қыз оны қатты жақсы көріп, қайда барса да қасына ертіп жүреді.

Бір күні таңертең Айсұлу:

– Ақтөс, бүгін  орманға  барып  саңырауқұлақ  тереміз, — дейді қуа­нып.

Ақтөс қуана үріп, құйрығын бұлғаңдатып, қыздың соңынан ере жөнеле­ді. Екеуі қолына себетін алып, қалың орманға келеді. Орман іші қандай әдемі еді! Түрлі-түсті гүлдер жайқалып өсіп тұр. Көбелектер ұшып, құстар  сайрап  жатыр.

Айсұлу гүл теріп, көбелектерді қуалап жүріп, орманның ішіне тереңірек кіріп кетеді. Ақтөс те жүгіріп ойнап кетеді. Біраз уақыттан кейін қыз айналасы­на қараса, таныс  жол  көрінбейді.

– Ой, біз адасып кеттік! — деп Айсұлу қорқып жылайды.

Сол кезде Ақтөс бірден құлағын тігіп, жан-жағын иіскелей бас­тайды. Ол әрі жүгіріп, бері жүгіріп, бір нәрсені іздеп жүргендей болады. Біраздан  соң  күшігі  қызға  қарап  үріп  шақырады.

– Ақтөс, сен жолды таптың ба? — дейді қыз үміттеніп.

Ақтөс алға қарай жүгіре жөнеледі. Айсұлу оның артынан ереді. Біраз жүрген соң, екеуі өздері келген таныс соқпақты көреді. Қыз қатты қуанып:

– Ақтөс, сен қандай ақылдысың! — деп күшігін құшақтайды.

Содан кейін олар саңырауқұлақ теруге кіріседі. Бір кезде Айсұлу әдемі қызыл саңырауқұлақты көріп, оны себетіне салмақ болады. Бірақ Ақтөс жүгіріп келіп, саңырауқұлақты иіскеп, басын  шайқайды.

– Демек, бұл улы саңырауқұлақ қой, — дейді қыз.

Ол улы саңырауқұлақты алмайды. Ақтөс жақсы саңырауқұлақтарды тауып беріп отырады. Осылайша екеуі себетті  толтырып  алады.

Күн  кешкіргенде Айсұлу мен Ақтөс үйлеріне аман-­есен  оралады.  Анасы  оларды  қуанып  қарсы  алады.

Содан бері ауыл адамдары Ақтөсті «ақылды күшік» деп  атап  кетіпті.

Мейірімді  ханшайым

Баяғы заманда үлкен сарайда Аруназ есімді кішкентай ханшайым өмір сүріпті. Аруназ өте әдемі, ақылды әрі мейірімді қыз екен. Ол жануарларды жақсы көріп, бәріне көмектесуге дайын тұрады.

Ханшайымның сарайының жанында гүлге толы әсем бақ болыпты. Бір күні Аруназ сол бақта серуендеп жүріп, ағаш түбінде отырған кішкентай құсты көреді. Құс қанатын қозғалта алмай, мұңайып отыр екен.

– Байғұс құс, саған не болды? — дейді ханшайым аяп.

Ол құсты абайлап қолына алып, сарай­ға әкеледі. Алдына су мен дән қоя­ды. Құстың қанатын ақырын таңып, еркелетіп  күтеді.

Бірнеше күннен кейін құстың жағдайы жақсара бастайды. Бір күні құс қанатын қағып, ұшуға талпынады.

– Сен жазылып келе жатырсың! — деп қуанады Аруназ.

Сол сәтте құс терезе алдына қонып:

– Рақмет саған, мейірімді ханшайым! Сен мені ажалдан құтқардың, — дейді.

Аруназ таңғалып:

– Сен сөйлей аласың ба? — деп сұрайды.

– Иә, мен сиқырлы құспын. Жақсы адамдарға ғана тіл бітіп сөйлеймін, — дейді  құс.

Содан бастап құс пен ханшайым айы­рыл­мас дос болады. Аруназ күн сайын құсқа жем беріп, таза су құйып қояды. Ал құс  ханшайымға  әдемі  ән  айтып береді.

Бір күні сарай бағында қатты жел тұрып, ағаш бұтақтары сынып кетеді. Кішкентай қоян қорқып жылап қалады. Аруназ дереу барып қоянды тыныштандырып, қауіпсіз жерге апарады. Мұны көрген  құс:

– Сенің жүрегің өте мейірімді. Сондықтан сені бәрі жақсы көреді, — дейді.

Аруназ тек адамдарға емес, барлық жануарға қамқорлық жасапты. Сол себеп­ті ел ішінде оны «Мейірімді ханшайым»  деп  атап  кеткен  екен.

Содан бері Аруназдың жақсылығы мен мейірімі туралы аңыз халық арасында  ұзақ  уақыт  айтылып  жүріпті.

Аруназ  АЙТМҰҚАН,

Т.Қозыбаев  атындағы  №131  орта  мектептің  оқушысы,

Сырдария  ауданы,

Тереңөзек  кенті

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: