Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҰБТ – өмірдің соңы емес

11.06.2026, 6:20 113

Көктем жақындаған сайын 11-сынып оқушыларының әңгімесі бір арнаға бұрылады. Әлеуметтік желіде де, мектеп дәлізінде де, үйдегі дастарқан басында да ҰБТ туралы сөз көбейеді. Біреу күн сайын тест шешіп жүр. Біреу әлі де нақты жоспар құра алмай жүр. Тағы біреу уайымын білдірмегенімен, іштей қобалжиды.

Меніңше, ҰБТ-дан қорқатын оқушы көп. Өйткені қоғам бұл емтиханға тым үлкен салмақ артып қойған. Кейде «ҰБТ бәрін шешеді» деген сөзді естиміз. Осындай сөздер түлектің иығына ауыр жүк салады. Ал шын мәнінде, ҰБТ – маңызды сынақ, бірақ адамның бүкіл өмірін өлшейтін жалғыз таразы емес.

ҰБТ оқушыға өз білімін тексеруге, уақытты дұрыс бөлуге, жауапкершілікті сезінуге көмектеседі. Бұл жағынан оның пайдасы бар. Бірақ оны қорқынышқа айналдыру дұрыс емес. Қатты қобалжыған адам білетін нәрсесін де ұмытып қалуы мүмкін. Сондықтан дайындық тек кітап пен тесттен тұрмайды. Демалыс, ұйқы, дұрыс тамақтану, көңіл күй де нәтижеге әсер етеді.

Кей оқушы соңғы айларда бәрін бірден жаттап үлгергісі келеді. Бірақ бұл әдіс көп жағдайда шаршатады. Менің ойымша, ең дұрысы – аздан болса да тұрақты дайындалу. Бір күнде он тақырыпты шала оқығаннан, бір тақырыпты жақсы түсінген пайдалы. Қате шықса, одан қорықпай, себебін қарау керек. Қате – дайындықтың бір бөлігі.

Тағы бір қиын нәрсе – өзіңді өзгемен салыстыру. Бір сыныпта біреу 120 балл жинап жүруі мүмкін, біреу 80 балдан аса алмай қиналады. Мұндайда адам өзін төмен сезініп кетеді. Бірақ әр оқушының бастапқы деңгейі, таңдаған пәні, дайындық жағдайы әртүрлі. Өзгенің нәтижесіне қарап күйінгенше, кешегі өзіңнен бүгін бір қадам алға жылжыған дұрыс.

ҰБТ-дан жоғары балл алу – үлкен қуаныш. Ол – еңбектің жемісі. Ал нәтиже күткендей болмаса, бұл өмір тоқтады деген сөз емес. Гранттан бөлек те жол бар. Колледж, ақылы оқу, қайта тапсыру, басқа мамандық таңдау, бір жыл дайындалу сияқты мүмкіндіктер бар. Ең бастысы, адам өзіне сенімін жоғалтпаса болды.

Мен ҰБТ-ны жаңа есікке апаратын кілт сияқты көремін. Бірақ кілт біреу ғана болмайды. Кей есік бірден ашылады, кейбіріне уақыт керек. Сондықтан ҰБТ-ға жауапкершілікпен қарау керек, бірақ оны өмірдің соңғы нүктесіне айналдырмаған жөн. Емтихан өтеді. Ал адамның ізденісі, мінезі, арманы әрі қарай жалғасады.

Нұркемел АЙДЫНҰЛЫ,

«Сыр жұлдыздары» шығармашылық инновация академиясы «Жас тілші» үйірмесінің оқушысы,

Қызылорда  қаласы

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: