Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ

25.04.2023, 14:30 476

HALYQLINE.KZ Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №60 мекемесінде жазасын өтеуші Т. есімді азамат амалсыздан жасаған қылмысы жайлы ағынан жарылды. Айтуынша ол аталған мекеменің кірпішін қалағандардың бірі екен.

–        Мен жазамды өтеп жатқан түрмені өз қолыммен салған адаммын. Осындай да бұйрық болады екен-ау! Әкем, бауырларым – бәріміз құрылысшымыз. 2003 жылы соңғы кірпішін қойып, шатырын жауып жатқанда осы түрмеде қанша бейбақтың көз жасы көл болып, қанша адамның тағдыры тас-талқан болар екен. «Алла адастырып, осындай тар қапасқа қамағаннан сақтасын!» – дегенім әлі есімде.

Кейін отбасы құрдым. Үш ұлымның соңынан жарым төртіншісін көтерді. Қыз болатынын естігенде төбем көкке бір елі жетер-жетпес қуанғаным көз алдымда. Дәрігерге тексеріс барысында «Баланы алдырып тастаңыздар. Денсаулығында ақау бар. Өмірге келгенімен, ертең орнынан тұрмайды, миы да дамымайды» – деп шорт кесті.

Бармаған дәрігеріміз қалмады. Барлығының айтары бір. Соңында әйелім екеуміз ақылдасып, балаға өмір сыйлауға шешім қабылдадық. Қызым дүниеге келді. Бұл өмірге келген күннен бастап ауруханадан шықпайтын болдық. Дәрі-дәрмегі бар. Ақша жетпейді. Үлкен үш баланың тамағы, киімі, сабағы тағы бар. Әбден таршылық көрдік, қиналдық. Оның үстіне орнынан тұрмайтын сал адамды қараудың қандай азап екенін басына сынақ түспеген қайдан білсін?! Бір тәулікте 24 сағат болса, байқұс әйелім 20 сағат сол қызды қарайтын. Ауру қараған адамның өзі ауру болады екен. Әйелімнің де, бала-шағаның да берекесі кетті. Мен болсам ескі көлігіммен Шиеліден Қызылордаға келіп, жолаушы тасып жан бағып жүрдім.

Бір күні Алматыдан келген бір кәсіпкер мінді көлігіме. Жақсы ақша төлейтінін айтты. «Екі-үш күн ары-бері алып жүре аласың ба?» – деді. Келістім. Екінші күні. Түс кезі. Ол бір жерге кіріп кеткен. Мен сыртта күтіп отырмын. Үйден, үшінші балам қоңырау шалып «әке, қарындасымның ауызы қисайып, көбік шығып жатыр. Көзі ағарып кетті» – деп жылап тұр. Шешесі медбике. Бірақ сол күні жұмыста еді. Үлкен ұлым ойнап кетіпті. «Ағаңды шақыр. Басына жастық қойып жатқыз» – деп қоя салдым.

Көз алдымда көптен күткен баламның күннен күнге солып бара жатқанын көріп, көзімнен жас еріксіз тамшылай түсті. Ауру дендеп, әлсіз денесі дертпен күресе алмай, қиналып жатыр. Соның бәрін ойлап, егіліп еңіредім. Сөйтіп отырғанда әлгі «клиентім» келді. Менің сора-сора болып отырғанымды көріп, мән-жайды сұрай бастады, Басымдағы жағдайды мұқият ыңдады да, Мәскеуде бір мықты зертхана барын айтып, баламды сонда апаруға кеңес берді. Айтуынша, танысының да баласы осы дертпен туылып, зертханадағы дәрігерлерге қаралғаннан құлан-таза айығыпты.

Сол үмітпен күнді түнге, түнді күнге жалғап, жаман көлігімді саңғырлатып шапқылап жүрген кезім. Бір күні жақын досым «Егер, сен маған бір қап «қарасораның» басындағы гүлін әкеліп берсең, сұраған ақшаңды берем. Қызыңды Мәскеуге апарып емдетесің» – деп үміт отын жылт еткізді. Басында қырыққа келгенде қылмыс жасамаспын деп ат – тонымды ала қаштым. Арада тағы бір айдай уақыт өтті. Қызым күн өткен сайын сола берді. Өзіміз де тұрмыс таршылығын әбден азап тарттық. Туыс – туған, дос-жараннан қарызға ақша алып, олар да күн сайын соны сұрап, жанымды қыспаққа салды.

Бір үйлі жан бетіне қарап отырған жалғыз көлігімді де ұрып алдым. Сол сәтте миыма әлгі кәсіпкер оралды. Сөйтіп, ауыл жаққа тартып кеттім. Келіскендей бір қап қарасора гүлін жинадым да, қалаға жол тарттым. Жолай бір бекетке келіп едім, кәстөм-шалбар киінген екі кісі Алматыға шыққалы тұр екен. Үлкен қызметте істейтін адамдар екені қолындағы сөмке мен киімдерінен көрініп тұр. «15 мың теңге береміз. Бізге Алматыға тез жету керек» – деді. Көлігімнің жанармайы бітіп тұрған. Оның үстіне 15 мың теңге көкейімді тесіп бара жатыр ма? Ойланбай келістім. Артқы орындықта дөңбектей болып әлгі қап жатқан-ды. Артқы жүк салғышқа да сыймады. Содан Алматыға жүргелі тұрған автобусқа салдым. «Сайран» бекетінен күтіп алатын болып келістім де, Шиеліден шығып, шуылдатып отырып Алматыға бір-ақ кірдім. «Сайранға» келіп әлгі автобусты күтіп отырмын.

Ойымның бәрі қызымда. Ақша қолыма тисе, тезірек Мәскеуге апарсам, жазылып кетсе – деген үмітпен отырмын. Автобус кешіккен соң жүргізушінің ұялы телефонына қоңырау шалып едім, жолай бұзылып қалғанын айтып «Өзіңіз алып кетіңіз затыңызды» – деді. Көз алдыма сал қызымды елестетіп, оның шауып кететінін есіме алып, алып-ұшып жетіп бардым. Шофер автобустың көлеңкесінде отыр екен. Жүзі шаршаңқы көрінді. Жолаушылардың бәрі кетіп қалыпты. «Менің затым қайда?» – дедім бара салып. «Әне» – деді, таудай үйілген жүкті нұсқап. Шөптің нілі шықпасын деп, үш қаппен қаптап салғанмын. «Таудай үйілген сөмкелердің астында қалып, езіліп кетпеді ме екен» деген оймен, қапты жұлып алғаным сол, екі қолтығымнан екі адам жабыса кетті. Қарасам – мұздай қаруланған екі полицей. Арт жақта – сапқа тізілген жасауыл. Сонда ғана есім кірді…

Сот шешімі бес жарым жыл берді. Қазір осы мекемеде екі жыл жеті айын өтедім. Енді жартысы бар. Түрмеге жетіскен адам отыра ма? Мен құсап адасқандар да бар, әдейілеп қылмыс жасағаны да бар. Пендешілікке салынып, осындай қылмысқа бардым. Бұнда есі бар адам түзеледі. Ессіз адамға бостандықта да, түрмеде де дауа жоқ. Менің бұл қапастағы досым да, сырласым да – Абай. Абайдың өлеңдері мен «қара сөздерін» жата-жастанып оқимын. «Абай жолын» бірнеше қайталап шықтым. Данышпан ақын кісіліктің көрсеткішін, адам болып өмір сүрудің қағидасын жазып-сызып беріп кетіпті ғой. Мендей жаза басқан жанға «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» – деген Абай сөзінен артық ұғым бар ма?!- деп сөзін қорытындылады жазасын өтеуші.

         Адина Ұзақбай,

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД №60 мекемесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: