Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Теңізге тасталуы тиіс президент

03.09.2026, 6:40 46

1973 жылдың 8 тамызы. Токиодағы «Grand Palace» қонақ­үйінің жиырма екінші қабаты. Уақыт күндізгі сағат бірден асқан. Оңтүстік Корея­ның оппозициялық саясаткері Ким Дэ Чжун отандасымен кезде­сіп, бөлмеден шыға бергенде қара костюм киген бірнеше адам оны қау­малап, көрші бөлмеге сүйреп кіргізді. Айғайлауға мұрша бермей, қолын қайырып, көзін байлап, есінен тандырды. Оны қонақүйден жасырын алып шығып, Осакаға жеткізген соң кемеге отырғызды. Ким есін жиғанда аяқ-қолы матаулы, жанына ауыр салмақ қойылған еді. Ұрлаушылар оны ашық теңізге тастап, қылмыстың ізін суға батырмақ болған. Қашатын жол, көмек сұрайтын жан жоқ. Айнала қара су мен бейтаныс жендеттер. Ким Дэ Чжун ажалдың таяп қалғанын  анық  сезінді.

Кенет кеме үстінен ұшақтың дауысы естіліп, палубадағы адамдар абыр-сабыр күйге түсті. Біршама уақыттан кейін төменге оралған ұрлаушылардың бірі Кимнің аяғына байланған салмақты шешіп жатып, оны өткен президент сайлауында қолдағанын айтты. Жаңа ғана теңіз түбіне кетуге дайындалып жатқан адамның өмірі аяқ астынан аман қалды. Кейінгі деректерде АҚШ пен Жапонияның араласуы қастандық жоспарын тоқтатқаны жазылады. Бірнеше күннен соң Ким Сеулдегі үйінің маңынан табыл­ды, алайда еркіндікке шықпады. Оны өзге елден ұрлап әкелген билік бірден үйқамақ­қа алды. Арада отыз төрт жыл өткенде Оңтүс­тік Корея­ның Ұлттық барлау қызметі бұл әрекет­ті бұрынғы Корея орталық барлау басқармасының қызметкерлері ұйымдас­тырғанын  ресми  түрде  мойындады.

Ким Дэ Чжун 1924 жылы Кореяның оңтүстік-батысындағы Хауидо атты шағын аралда қарапайым шаруа отбасында дүниеге келді. Ел сол уақытта Жапонияның отарында болатын. Мектептерде корей тілінде сөйлеу­ге шектеу қойылып, балаларға жапон­ша есім алуға қысым жасалды. Ким сауда мектебін аяқтап, әскерге күштеп алынудан сақтану үшін кеме компаниясына жұмысқа орналас­ты. Екінші дүниежүзілік соғыс біткен соң кәсіп­орынды өзі басқарып, кейін жергілікті газетке жетекшілік етті. Оның беймарал тіршілігін Корей соғысы бұзды. 1950 жылы Солтүстік Корея әскері Мокпхо қаласын алған кезде Ким ауқатты кәсіпкер ретінде тұтқындалып, екі ай қамауда отырды. Өлім жазасын күтіп жүргенде майдан жағдайы өзгеріп, Солтүстік әскері қаладан шегінді. Қараусыз қалған тұтқындар қашып шығып, Ким ажалдан алғаш рет осылай аман қалды. Бір халықтың екіге жары­лып, бірін-бірі өлтіргенін көзімен көрген сол кезең оның кейінгі бейбітшілік саясатына  өшпестей  таңба  салды.

Ол саясатқа 50-жылдары араласып, бірнеше сәтсіз сайлаудан кейін 1961 жылы Ұлт­тық ассамблеяның депутаты атанды. Бірақ қуанышы екі-ақ күнге созылды. Гене­рал Пак Чон Хи әскери төңкеріс жасап, парламентті таратып жіберді. Ким депутаттық мінберге бір рет те көтеріліп үлгермеді. Соған қарамастан күресін тоқтатпай, 1963 жылы парламентке қайта сайланды. Өткір тілімен, шешендігімен елге танылып, әскери биліктің басты қарсыластарының біріне айнал­ды. 1971 жылы Пак Чон Хиге қарсы президент сайлауына түсіп, дауыстың шама­мен 46 па­йызын жинады. Ресми есеп бойын­ша жеңіліп қалғанымен, сайлаудың әділ өткені­не күмән көп еді. Арада бір ай өткенде оның көлігіне ауыр жүк машинасы соғылып, жүргізушісі қаза тапты. Кимнің жамбас сүйе­гі зақымданып, өмірінің соңына дейін сылтып басып жүрді. Билік мұны жол апаты деп көрсеткенімен, саясаткердің жақтастары қастандық  деп  санады.

1972 жылы Пак Чон Хи президент билігін шексіз күшейткен «Юсин» тәртібін енгізді. Сол кезде емделу үшін Жапонияда жүрген Ким шетелде қалуға мәжбүр болып, әскери билікке қарсы үндеулер таратты. Оның халыққа ықпалы азаймағанын аңғарған құпия қызмет келесі жылы Токиода ұрлап әкеткен еді. Теңіз үстіндегі ажалдан аман қалған соң да қуғын тоқтамады. 1976 жылы демократияны қалпына келтіруге шақырған мәлімдемеге қол қойғаны үшін бес жылға сотталды. Түрме мен үйқамақ алма-кезек ауысып, телефоны тыңдалып, әр қадамы бақылауда болды. 1979 жылы Пак Чон Хи қаза тапқаннан кейін елде еркіндік орнайтындай көрінген. Алайда билік көп ұзамай тағы бір генерал  Чон  Ду  Хванның  қолына  өтті.

1980 жылдың мамырында Кванджу қала­сының халқы әскери тәртіпке қарсы көтері­ліп, қақтығыс кезінде жүздеген адам қаза тапты. Көтеріліс басталмай тұрып қамау­ға алынған Ким Дэ Чжунға билік бүлікті ұйымдастырды деген айып тақты. Әскери сот оны өлім жазасына кесті. Amnesty International Кимді ар-ождан тұтқыны деп танып, әлемнің әр түкпірінде оның өмірін сақтап қалу науқаны басталды. Халық­аралық қысымнан кейін өлім жазасы өмір бойғы түрмеге, кейін жиырма жылға ауыс­тырылды. Өлімін күтіп отырған Ким сол күндері отбасына жазған хаттарының бірінде «Кешіруіміз керек, өйткені кешірім бейбітшілік пен келісімге бастайды» деген ой қалдырды. Бұл сөз сол сәтте балаларының көңілін жұбату үшін жазылғандай көрінуі мүмкін еді. Кейін оның тұтас саяси ұстанымына  айналды.

1982 жылдың желтоқсанында Ким түрмеден босатылып, өз еркінен тыс АҚШ-қа жіберілді. Гарвард университетінде зерттеу жүргізіп, шетелде жүріп Кореядағы демократиялық қозғалысты қолдады. Қауіптің әлі сейілмегенін біле тұра, 1985 жылы еліне оралды. Әуежайдан түскен бетте қайтадан бақылауға алынып, үйқамаққа жабылды. 1987 жылы жүз мыңдаған корей көшеге шығып, президентті тікелей сайлауды талап еткенде әскери билік кейін шегінуге мәжбүр болды. Кимнің саяси құқығы қалпына келтірілді. Ол 1987 және 1992 жылдардағы сайлау­да жеңіліп, саясаттан кететінін жария­лады. Жұрт оның дәуірі аяқталды деп ойлаған. Бірақ 1997 жылы президент сайлауына төртінші мәрте қатысқан Ким Дэ Чжун жеңіске жетті. Кеше ғана мемлекет жауы атанып, түрме камерасында өлімін күткен адам енді  сол  мемлекетті  басқаруға  тиіс  болды.

Тағдырдың тосын таразысы сол, Кимді өлім жазасына кескен Чон Ду Хван бұл кезде бүлік, сатқындық және жемқорлық істері бойынша түрмеде отырған еді. Бір кезде тұтқынға үкім шығарған генерал мен дар алды­нан қайтқан саясаткердің орны ауысты. Кимнің кек қайтаруына барлық мүмкіндік бар болатын. Алайда президент болып сайланғаннан кейін екі күн өткенде ол мемлекет басшысы Ким Ён Самға Чон Ду Хван мен бұрынғы генерал Но Тэ Уға рақымшылық жасауды ұсынды. Қос генерал түрмеден боса­тылды. Ким мұны елді ескі өшпенділіктен арылтып, ұлттық бірлікке бастайтын қадам деп түсіндірді. Түрмеде отырып жазған кешірім туралы сөзін арада он жеті жыл өткенде  билікке  жеткен  соң  іспен  дәлелдеді.

Ким Дэ Чжун 1998 жылғы 25 ақпанда ауыр қаржы дағдарысына тап болған Оңтүстік Кореяның президенті қызметіне кірісті. Кәсіпорындар жабылып, жұмыссыз­дық өскен шақта экономикалық реформалар жүргізіп, елді дағдарыстан шығаруға күш салды. Дегенмен, оның өмірлік мұраты Корей түбегіндегі өшпенділікті бәсеңдету еді. Президент ретінде Солтүстік Кореямен қатынас­ты жұмсартуға бағытталған «Күн шуағы» саясатын бастады. 2000 жылдың маусымында Пхеньянға барып, Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ирмен кездесті. Корей түбегі екіге бөлінгелі екі елдің басшылары алғаш рет жүздесіп, шекараның екі жағында қалған отбасыларды табыстыруға жол ашылды. Сол жылдың желтоқсанында Ким Дэ Чжунға демократия, адам құқығы және бейбітшілік жолындағы күресі үшін Нобель сыйлығы  берілді.

Ослодағы мінберде тұрған адам бір кездері аяғына ауыр салмақ байланып, теңіз түбіне тасталуға шақ қалған тұтқын еді. Ол өмірінде бес рет ажал аузынан қалып, алты жылын түрмеде, талай жылын үйқамақ пен қуғында өткізді. Ким Дэ Чжун 2009 жылы 85 жасында дүниеден өтті. Оның ғұмыры билікке жеткен саясаткердің жеңісімен шектелмейді. Қолына билік тигенде өзіне қиянат жасағандардан кек алмауы оны өзгелерден даралап тұр. Соғыс көрген бала татулықты таңдады, өлімге кесілген тұтқын кешірімді ту етті. Теңізге тасталуы тиіс адам ақырында өз елінің  тарихына  президент  болып жазылды.

Кемел  ҚҰРМЕТ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: