ЖЕЛТОҚСАН КӨТЕРІЛІСІНЕ – 40 ЖЫЛ
(Желтоқсаншы қыздарға арналады)
Желтоқсан оқиғалары басылғандай болды. Бірақ біздің «Желтоқсанымыз» жалғаса берді. Кейбіреулер үшін біз әлі де «жойылып бітпегендер» болып қала бердік. Алғашқы босануым кезінде дәрігер маған тікелей былай деді:
«Қазір мен мұны бірде-бір уколсыз-ақ тігіп тастаймын, қалай шыңғыратынын көрейік!».
Ал оған дейін, толғақ кезінде, қолына түскен құрбанын (жертва) әбден мазақтау үшін ол екі саусағымен менің мұрнымды қысып тұрды. Бұл жауыз алғашқы босануымда бірде-бір ауырсынуды басатын дәрі салмады — ол мені айғайлатуды, шыңғыртуды, жылатуды қалады.
— Тууың керек болса, туа бер, қалай дем алатыныңды өзіңе қалдырдым! — деп маған немқұрайды кекесінмен қарады.
Босану залына бара жатқанда тамырға салынған жүйесі (система) бар флакон-колбаны есік маңдайшасына соғып жіберді.
Өмірімде бірінші рет көрген, екі метрлік креслоны көрсетті:
— Шық!
— Қалай?
— Қалай болса солай.
Баспалдақ жоқ. Сөйтсем, креслоға арналған тіреу баспалдақты әдейі шығармай қойған екен. Тамырымда ине мен түтік тұр. Үлкен іш кедергі жасады. Төбеден табанға дейін омыртқаны бұрап, бүкіл денені электр тогындай қарып өтетін күйдіргіш ауырсыну тырыстырып барады. Ешкім қолын созбайды…
Менің сабырлығым, төзімім және осы шектен тыс, адам төзгісіз ауырсынуға деген немқұрайдығым оны анық ашуландырды. Ол менің мақсатым есімді жоғалтпау және баламның жүзін өз көзіммен көру екенін қайдан білсін, кейін ауыстырып жібермесін деп! Бұған дейін Орал қаласында бүкіл Одаққа белгілі болған үш баланы алмастыру оқиғасы болған еді.
…Босану креслосының бекітілмеген тұтқасы олардың өз әрекетінен гүрс етіп төмен домалағанда, ол «парадты басқарып» тұрып, әдейі арандатқысы келді:
«Онда босануға дейінгі психоз бар!».
Сол сәтте мен Юлиус Фучикті және оның «Дар ағашы алдында жазылған репортажын» еске алдым. Босану кезінде: «Міне, тірі шықсам, міндетті түрде өзімнің «Шап арасына ілмек салынған репортажымды» жазамын!» деп ойладым.
Менің босануым «Қандай жағдай болса да тірі қалу және сәбиіңе өмір сыйлау!» деген атауы бар блокбастерге ұқсайтын…
Ал мүмкін бұл фашизмнің азаптау орындарын еске салған шығар?! Иә, ол гинеколог әйел ақ халаттағы нағыз гестапошы еді!
Енді маған неге перзентхана меңгерушісі мені арнайы кабинетіне шақырып, мерзімінен бұрын қағанақ қабын жарып жібергені түсінікті. Кәдімгі темірден жасалған, сұрақ бегісінше иілген, үлкен әрі өткір шеге сияқты аспаппен. Оның стерилизациядан өткен-өтпегенін бір Құдай ғана білсін?! Қолғапсыз! Осыдан кейін толғақ әлсіз болғандықтан, балам қағанақ суынсыз тұншыға бастады!
Енді маған неге нәрестелер бөлімінде балалардың шыңғырғаны түсінікті болды. Енді ғана түсіндім, кейбір сәбиді «кездейсоқ» басымен төмен құлатып алғанын, кейбіріне бас сүйегіне трепанация жасағанын. Дәрменсіз әкелердің ашу-ызасы соншалық, біреуі жолындағы шыны есіктерді қирата отырып, перзентханаға кіріп кеткен.
Шығарыларда маған қызымды берді, екі жамбасының үстінде үлкен қып-қызыл, қанды дақтар бар, бұл терісі жоқ тірі адам еті еді:
— Бұл не?
— Күтімдегі кемшіліктер!
— Не-е-е?!
— Күтімдегі кемшіліктер! Жүкті кезіңде күтініп жүру керек еді, — деп, ештеңе болмағандай, перзентхана ережесіне сай нәрседей сенімді түрде неонатолог дәрігер қайталады.
Менің курстасым әрі әріптесім, журналист қыз осындай босанудан кейін күйеуі алып келген гүлдерді қоқыс шелегіне тастап жіберді. Бұл жалғыз жағдай емес, тұтас бір құбылыс еді, меніңше, Желтоқсаннан кейінгі алғашқы онжылдықтағы туу көрсеткішіне де әсер еткен!
…Сол кезде, 1986 жылғы жазалаушымен бетпе-бет жалғыз қалғанымда, мен осы он жыл бойы – босанудан әлсіреген әйелдер осындай «күтушілермен» оңаша қалғанда қандай айуандыққа ұшырағанын түсіндім. Мүмкін, мұндай жағдай қазір де бар шығар?!
Босану кезіндегі этикалық бақылау бізде міндетті түрде болуы керек!
Бұл — қорғансыз босанушыларды қорғау үшін айтылған сөз!
Бұрынғы «өмір қожайындарының» кешені, күтіп жүргендердің кешені — жойылмайтын құбылыс, ол қоғамды іштен жейтін тот. Қоғам оған қарсы тұрмаса, ол ешқашан жойылмайды!
Гульмира Сарбасова,
желтоқсаншы-журналист.
Қазақ тіліне аударған Бақытжан Абдул-Түменбай.
Көрнекі фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!