Қазақтың өткен ғасырдағы тарихын ресми құжаттардан ғана іздеу жеткіліксіз. Ел басынан өткен ауыр кезеңдердің шын салмағы сол дәуірді өз көзімен көрген адамдардың жүрегінде, жадында, айтқан әңгімесінде жатыр. Өмірзақ ақсақалдың әңгімесі де сондай. Бір әулеттің емес, тұтас бір ұрпақтың маңдайына жазылған жоқшылық пен қасіретті, сонымен бірге адам төзімінің, аналық мейірім мен әкелік арманның қандай құдірет екенін аңғартатын тағдырлы хикая.
Бейбіт баласы Нәрікбай 1890 жылы дүниеге келген. Өмірінің соңғы жылдары ел басына күн туған, жұрттың тұрмысы аласапыранға түскен кезеңмен тұспа-тұс келді. Қызыл қайықтың жанынан үй салып, Сырдарияның жағасына қараша үйін тіккен Нәрікбайдың бар байлығы отбасы, бала-шағасы, маңдай терімен тапқан азын-аулақ малы еді. Сол үйде алты жастағы Өмірзақ та ер жетіп келе жатты.
Бірнеше күннен бері сырқаттанып, аузына нәр татпай жатқан Нәрікбай ақсақалдың көңілі жүдеп жатады. Ас-ауқатқа тәбет жоқ. Сол кезде алты жастағы Өмірзақ Сырдарияға барып, қармақпен екі балық ұстап келеді. Баланың қуанышы әкесінің жанарынан да байқалғандай еді. Нәрікбай әйеліне баласының әкелген балығын асып беруін өтінеді. Асылған балықтан ауыз тиіп, сорпасын ішкен соң, біраз сергіп қалады. Сонда ол: «Баламның тапқан асынан жедім. Енді өліп кетсем де арманым жоқ» деген екен.
Бұл сөз әкенің балаға деген махаббаты ғана емес, өмірден үмітін үзбей жатқан адамның соңғы жұбанышы секілді еді. Нәрікбай ертеңгі күнді отбасымен бірге қарсы алады. Бірақ сол түн оның соңғы түні болып, көп ұзамай дүние салады. Бұл соғыс өрті өршіп тұрған 1942 жыл еді.
Алайда ол дүниеден көшпей тұрып, баласының болашағын ойлап үлгерген еді. «Келесі жылы баламды сүндеттеймін, оқуға апарамын, мінетін тайын аламын» деп армандаған. Сол арманын орындауға ниет етіп, Өмірзаққа киізден терлік жасап, ер-тұрманын да дайындап қойса керек. Әкенің қолымен әзірленген сол ер-тұрман баласының арқасына ерте қонған арманның белгісіндей болып қалды. Бірақ Нәрікбайға баласын сүндеттетіп, оқуға апаруды да, тай мінгізуді де жазбады. Әкенің арманы баланың жүрегінде ғана жалғасты.
Нәрікбай қарт қайтыс болғаннан кейін Мәдениет ауылындағы Кете руынан ағайындары келіп, жетім қалған отбасының жайын ойлап, елге көшіріп алып кетеді. Өмірзақтың өміріндегі жаңа бір ауыр кезең осылай басталады. Әкеден айырылған алты жастағы бала анасы Әлима Татубайқызымен бірге жоқшылықтың бел ортасында қалады.
Әлима ана 1910 жылы туған, 1980 жылы дүниеден өткен. Ол кісі баласының жадында ең алдымен қайсарлығымен, ерекше мейірімімен қалған. Ана мен бала Мәдениет ауылында үш жылдай тұрады. Заман ауыр. Астың аз кезі, бүтін киімді кию мұң, ертеңгі күннің не болары белгісіз. Алты жастағы Өмірзақ анасына қолғабыс етіп, масақ тереді. Кейде аттың үстіне отырғызып, жер жыртқызады. Жасына қарамай еңбекке араласады. Қолдарынан келгенше күнкөрістің қамын жасайды. Киім-кешек болмай, жалаңаяқ қалған күндері де аз емес. Сол қиындықтың бір тұсында үкімет адамдары Мәдениет ауылынан оларды арбамен аудан орталығы Жалағашқа еріксіз алып кетеді. Балалардың күнін көре алмайтынын айтып, балалар үйіне орналастыруды көздейді. Бірақ баласын бөтенге қимайтын ана қайсарлық танытады. Бір күннен кейін-ақ Әлима Жалағашқа жетіп, жылап-сықтап жүріп, балаларын балалар үйінен алып шығады. Ол үшін балаларын алып қалу – ойсыз шешім емес, көзінің ағы мен қарасындай қос тірегін қолдан шығармау, жарық дүниеде екеуімен бірге қалу үшін жасалған соңғы әрі батыл әрекет еді. Енді, не болса да Әлима-ана Қызылордаға көшуге бел байлайды. Есектің арқасына көрпе төсеп, үстіне қоржын салады. Қоржынның бір басына Өмірзақты, екінші басына інісі Қалдыбайды отырғызады. Ана өзі сол есек жетектеп, шығысқа қарай жолға шығады. Жол ұзақ. Күн ыстық, түн суық. Алда – белгісіздік. Бірақ ана жүрегінде бір ғана ой бар: балаларымды аман алып қалу.
Осылайша олар тоғыз күн жүріп, Қызылордаға жетеді. Нәрікбайдың қарындасы Қалжан апаның үйіне түсіп, сонда үш айдай тұрақтайды. Кейін Киров совхозына, қазіргі Ж.Махамбетов ауылына көшеді. Тазагүл анамыз бұларды Мұхамбедиярға алып барып, табыстайды. Нәрікбайдың інісі Мұхамбедияр ұста адам болған. Қаланың шетіндегі есік, терезесіз бос тұрған үйді жөндеп, ретке келтіріп, жеңгесімен балаларды осында орналастырады. Тағдырдың айдауымен талай қиындықты көрген бала осылайша ескі де жаңа ортаға бейімделе бастайды. Бірақ өткен күндердің табы оның жадынан ешқашан өшпейді.
Өмірзақ ақсақалдың әңгімесінде әкесі Нәрікбайдың ел арасында беделді, қарулы адам болғаны да айтылады. Кеңес өкіметі орнығып жатқан алмағайып кезеңде төрт азамат Мұстафа, Нәрікбай, Мұхамедияр және Бисембай – бір үйде тұрып, тағдырдың тіршілігін бірге кешкен бауырлар. Нәрікбай ел ішінде сауда-саттық жасап, айна-тарақ, әшекей секілді ұсақ заттарды малға айырбастап, мал жинаған. Бірақ заман өзгерді. Ауыл ауылға қойған малын әркім өз қажетіне жаратады. Ол сондай кезең, барынан айырылған жұрттың тұрмысы біртіндеп жұтаңдай берді.
Колхоздастыру кезінде Нәрікбайдың да жекеменшігіндегі төрт-бес түйесі колхозға өткізілген. Сол кездегі колхоз басшысы Әбу деген қожа кісі болған екен. Кейінірек Шіркейлі каналының құрылысы басталған жылдары Нәрікбай өз нормасымен ғана шектелмей, әйелі мен інісінің нормасын да бірге атқарып, ауыр жұмысқа белсене араласқан. Сол кезеңді көзімен көрген кісілер «Үш өткелек болып сыртқа топырақ атамыз, әр өткелек арасы 1,5-2 метрдей болады» дейтін. Сонда, Шіркейлі каналының тереңдігі бес метрден асады. Қазірдің өзінде сондай тереңдікте. Мұндай еңбек ақсақалдың қандай қиындыққа да мойымайтын қайратты адам болғанын көрсетеді. Бірақ сол дәуірдің адамды малынан да, тұрмысынан да, кейде ең аяулы дүниесінен де айыратын қатал шындығы бар еді. Өмірзақ ақсақалдың алты жастағы бала кезінде болған бір оқиға өмір бойы есінде қалыпты.
Бір күні колхоздың қажетіне сойып жатқан түйенің басын Құлжан деген кісі: «Сары нар менікі!» деп, түйенің басын бермей тұр екен. Сол кезде Әбдіразақ Қожа: «Сенің қандай малың бар еді, сары нар Нәрікбайдікі» деп айтқан екен. Біршама уақыттан соң Өмірзақтың ойнап жүрген жеріне барып, Әбдіразақ Қожа: «Нәрікбайдың баласы бар ма?» деп дауыстайды. Бала «Мен!» деп алға шығады. Сонда әлгі кісі сойылған сары нардың басын баланың алдына ұсынып: «Мынау әкеңнің сары нарының басы. Ала қой, үйіңе апарып талғажу қылыңдар» деп арқасына таңып береді. Алты жастағы бала әкеден қалған түйенің басын арқалап үйіне қайтады. Сол бастың еті олардың талай күнгі азығына айналады. Бір кезде әкесі мал жинап, балаға тай мінгізуді, оқуға беруді армандаған. Енді сол әкенің артында қалған сары нардың басы баланың отбасы үшін ас болып отыр. Тарихтың ащы шындығы кейде осындай бір ғана көрініске сыйып кетеді.
Нәрікбайдың «баламды оқуға апарамын, тай мінгіземін» деген арманы орындалмады. Бірақ сол арманның өзі баланың ғұмырына із қалдырды. Өмірзақ ақсақал қиындыққа қарамастан өмірден өз орнын тапты. Әке көрмеген балалықтың, аштық пен жоқшылықтың, жетімдік пен бейнеттің арасынан өтіп, тоқсан жылдық ғұмырды артқа тастады.
Бүгінде Өмірзақ ақсақал – талай дәуірдің куәсі болған абыз кеуде қария. Төрт қыз, үш ұлдан тараған немере-шөберелерінің ортасында отырып, өмір жолына көз жүгіртеді. Құдай қосқан қосағы Кеңескүл Кенжеқожақызы да төрт жыл бұрын дүниеден озған. Бірге ғұмыр кешкен жылдардың қызығы мен қиындығы, бір-біріне сүйеу болған күндері енді естелік болып қалған. Ақсақалдың тағдырына үңілгенде, бір адамның өмірін емес, бүтін бір буынның басынан өткен заманның салмағын көреміз. Әкесі Нәрікбайдың соңғы сөзіндегі «баламның тапқан асынан жедім» деген ризалық, орындалмай қалған «баламды оқуға апарамын» деген арманы, Әлима ананың тоғыз күн бойы есекпен балаларын алып жүріп қалаға жетуі, алты жастағы баланың әкесінің сары нарын жоқтап, оның басын арқалап үйге қайтуы – бәрі де бір отбасының тарихынан әлдеқайда үлкен мағына еді.
Бұл – жоқшылықтың ішінде жүріп адамдық қасиетін жоғалтпаған жандардың тарихы. Бұл – баласының болашағын өз өлімінен де бұрын ойлаған әкенің арманы. Бұл – баласын балалар үйіне қимай, тоғыз күн жол жүріп, тағдырмен арпалысқан ананың махаббаты. Бұл – алты жасынан бастап өмірдің ащы дәмін татып, бірақ соған қарамастан ғұмырдың бүтін жүгін көтеріп келе жатқан ұрпақтың тағдыры.
Арада қанша жыл өтті. Заман өзгерді. Ел өзгерді. Қараша үйлердің орнына зәулім үйлер салынды. Сырдың жағасында талай ұрпақ дүниеге келді. Бірақ сол бір кезеңнің үнсіз шежіресі Өмірзақ ақсақалдың жүрегінде сақтаулы тұр. Бәлкім, Нәрікбай қарттың арманы дәл өзі ойлағандай орындалмаған шығар. Бірақ оның «баламды оқуға апарамын, мінетін тайын аламын» деген үміті босқа кеткен жоқ. Әке арманының ең үлкен жалғасы – баласының аман қалуы, ұрпағының өсіп-өнуі еді. Бүгінде Өмірзақ ақсақал немере-шөбересінің қызығын көріп, ұзақ ғұмырдың биігіне жетіп отыр. Әкесінің сары нарынан қалған бір үзім тағдырды жүрегінде сақтап, өткенді бүгінге жалғап отырған тірі шежіренің өзі. Енді сол бейнеттің зейнетін көруге Өмірзақ ақсақалдың толық хақысы бар. Құдай қуат берсін. Өткеннің ауырлығын арқалаған ақсақалдың бүгінгі әрбір тынысы – сол бір кезде ел басынан өткен бір дәуірдің аманаты.
Б.САЙМАҒАНБЕТОВ,
інісі, жыршы,
Әлем Халықтары жазушылар одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!