21 маусым күні Астана–Қорғалжың тас жолында үш жеңіл көлік соқтығысып, бес адам қаза тапты, деп хабарлайды halyqline.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, апат салдарынан көліктердің екеуі толығымен жанып кеткен. Сондай-ақ түрлі дәрежеде дене жарақатын алған тағы бес адам жедел жәрдем бригадасымен жақын маңдағы ауруханаға жеткізілді.
Қазіргі таңда құзырлы органдар оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында тергеу амалдарын бастады. Қажетті сараптамалар тағайындалып, жол ережесін бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
– Оқиға орнында тергеу-жедел тобы жұмыс істеп жатыр. Қайғылы оқиғаның нақты себептері мен кінәлілер тергеу барысында анықталады, – деді Ақмола облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі.
Айта кетейік, соңғы кездері Ақмола облысы аумағындағы тас жолдарда ауыр жол апаттары жиілеп кеткен. Мамандар жүргізушілерді жол ережесін қатаң сақтауға, қарсы жолаққа шықпауға және қауіпсіз арақашықтықты ұстауға шақырады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!