Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шекараға апаратын жолдар көлік ағынына ілесе алмай отыр

30.09.2026, 15:20 47

Қазақстандағы бірқатар халықаралық автомобиль бағытына түсетін жүктеме артып келеді. «Respublica» фракциясының депутаттары шекарадағы өткізу пункттерін жаңғыртумен қатар, оларға апаратын жолдардың өткізу қабілетін арттыруды ұсынды. Бұл мәселе Премьер-министр Олжас Бектеновке жолданған депутаттық сауалда көтерілген.

Құжаттағы мәліметке сәйкес, ұзындығы 871 шақырым болатын Талдықорған–Өскемен–Шемонаиха–Ресей шекарасы бағытымен тәулігіне 10 мыңға дейін көлік жүреді. Курорттық маусымда олардың саны 15 мыңға дейін жетеді. Жекелеген бағыттарда қозғалыс қарқындылығы жыл сайын 15–20 пайызға өсіп отырғаны да көрсетілген.

«Алайда оларға апаратын жолдар қажетті параметрлерге сәйкес келмесе, бұл өз кезегінде халықаралық бағыттың тұтастай өткізу қабілетіне кері әсер ететін “тар орынға” айналады», — делінген сауалда.

Депутаттар Атырау–Астрахань, Ақтөбе–Орал–Ресей шекарасы және Павлодар–Семей–Қалбатау–Зайсан–Майқапшағай–Қытай шекарасы бағыттарына да жоғары жүктеме түсіп отырғанын атап өткен. Осы үш бағыт пен Талдықорғаннан Ресей шекарасына дейінгі дәлізді I техникалық санатқа жеткізу мүмкіндігін бірінші кезекте қарастыру ұсынылған.

Үкіметке трансшекаралық жолдарды түгендеп, олардың техникалық санатын, көлік пен жүк ағынын, апаттылық деңгейін және транзиттік әлеуетін бағалау жөнінде ұсыныс берілген. Депутаттар осы талдау негізінде жаңғыртылатын басым дәліздердің тізімін анықтап, жол құрылысы мен шекара бекеттерін дамыту жұмыстарын үйлестіруді сұрайды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: