Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Акушерлердің 93 пайызы – әйелдер

14.05.2021, 10:30 338

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өткен жылды қорытындылағандағы есебіне сүйенсек, бүкіл әлемде мейірбике кадрларының тапшылығы 5 миллионнан асады. Бұл – жай ғана цифр емес, тұтас ғаламдық мәселеге айналып тұрған катастрофа. Өйткені, адам жанының арашашысы саналатын медқызметкерлердің жеткіліксіздігі қоғам үшін қиындық әкелуі мүмкін. Мәселен, БҰҰ-ның мамыр айының басында жариялаған ресми мәліметінше әлемде жүктілік және босану кезінде әр 11 секунд сайын бір әйел немесе бала қайтыс болады. Соңы қайғылы аяқталатын өлімдердің көпшілігі білікті акушерлердің жетіспеушілігімен байланысты. Өткен жылдан бері күллі әлемді уысына бағындырып отырған «COVID-19» пандемиясы бұл мәселені одан әрі ушықтыра түсті.

Медицина қызметкерлері денсаулық сақтау жүйесінің «омыртқасын» құрайды, бірақ олар жетіспейді. Халықаралық күн үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының және Біріккен Ұлттар Ұйымы «Халық қорының» (ЮНФПА) қолдауымен әлемдегі акушерлердің жағдайы туралы есеп шығарылды. Онда миллиондаған болашақ аналар мен босанатын әйелдер акушерлік көмекке қол жеткізе алмайтындығы атап көрсетілген. Сондай-ақ, әлем бойынша 900 мың акушерка жеткіліксіздігі айтылған. Салдарынан әлемде жыл сайын жүктілік пен босану кезінде жүз мыңдаған әйел мен нәресте қайтыс болады. Мыңдаған басқа әйелдер мүгедек немесе ауыр аурулармен ауырады. Олардың көпшілігі білікті медициналық қызметкерлер көмегімен құтқарылуы мүмкін.

 – Әлемдегі акушер мамандарының жетіспеушілігі – алаңдатарлық жағдай. Қазіргі уақытта әлемде жыныстық, репродуктивтік, ана, жаңа туған нәрестелер мен жасөспірімдер денсаулығын қорғау бойынша қызмет көрсетуге 1,1 миллион медицина қызметкері жетіспейді. Бұл тапшылықтың 80 пайызы акушерлерге тиесілі, – дейді БҰҰ «Халық» қорының басшысы Наталья Канем.

Жалпы, бұл маман иелері – жүкті әйелдің және оның отбасының тағдырына жауапты тұлға. Аталмыш қор директоры гендерлік теңсіздік акушерлік персоналдың жетіспеушілігінің бір себебі деп санайды. Осы уақытқа дейін әйелдер мен қыздардың жыныстық және репродуктивті денсаулығына деген қажеттіліктері тиісті деңгейде шешілмеген. Сонымен қатар, барлық акушерлердің 93 пайызы және медбикелердің 89 пайызы – әйелдер. Ерлер бұл саладағы кадр тапшылығын толтыруға асығар емес.

Бұл мамандар тек босандырумен айналыспайды. Олар сонымен қатар антенатальды және босанғаннан кейінгі күтімді, отбасын жоспарлау, емдеуді де ұсынады. Осы мамандыққа қызығушылықты арттыру және акушерлердің біліктілігін жоғарылату үшін олардың біліміне қосымша инвестициялар қажет. 2020 жылдың желтоқсанында «Ланцет» медициналық журналында жарияланған зерттеу нәтижесі бойынша акушерлер жеткілікті болған жағдайда 2035 жылға қарай ана өлімінің 67 пайызы, жаңа туған нәрестелер өлімінің 64 пайызы және өлі туғандардың  65 пайызының алдын алуға болады. Бұл – жылына шамамен 4,3 миллион адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді деген сөз.

Кадр тапшылығы әлемдік өзекті мәселе екенін ескерсек, бұл кез келген елде кездесетін жайт. ҚР ДСМ Ғылым және адами ресурстар департаментінің 2021 жылғы 1 қаңтардағы деректеріне сүйенсек, елдегі дәрігер тапшылығы шамамен 4 мың штаттық бірлікті құрайды. Нақтырақ айтқанда, елімізге қазір 430 жалпы тәжірибелік дәрігерлері, 378 анестезиолог-реаниматолог, 204 педиатр, 378 акушер-гинеколог,  707 терапевт, 250 инфекционист, 97 кардиолог, 108 онколог, 100 эпидемиолог жетіспейді. Демек, бұл мәселе бұрын да болған, қазір де бар, болашақта да бола береді. Жаһандық мәселенің бір ұшы Қызылорда облысына да тиіп тұр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, аймақта жеткіліксіз дәрігерлер қатары айтарлықтай көп емес, дегенмен біз көтеріп отырған акушер-гинекологтың 2-еуі жетіспейді.

 – Дүниежүзіндегі әйелдер үшін босану қаупін төмендетуде акушерлер маңызды рөл атқарады. Бірақ олардың көпшілігі «COVID-19» пандемиясы кезінде өздеріне қауіп төндірді. Біз пандемиядан алған сабақтарды оқып, акушерлерді және басқа медициналық қызметкерлерді қолдау мен қорғауға көбірек қаражат жұмсауымыз керек, – деді ДДСҰ бас директоры Тедрос Гебрейесус.

Ол акушерлік қызметті күшейту үш бағытта тиімді болатынын баса айтты. Біріншісі – денсаулық сақтауды  жақсарту,  екіншісі – гендерлік теңдікті нығайту, үшіншісі – экономикалық өсуге ықпал ету.

Н.ҚАЗИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: