Қызылордадағы «Студенттер сарайында» Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабын талқылауға арналған өңірлік дөңгелек үстел өтті.
Алқалы жиынды облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет жүргізді. Оған зиялы қауым, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылыми-академиялық орта өкілдері, заңгерлер мен белсенді жастар қатысты.
Жиында Мемлекет басшысының еңбегінде көтерілген негізгі тақырыптар, қоғамдық-саяси, әлеуметтік, рухани-адамгершілік мәселелер мен ел дамуының стратегиялық бағыттары жан-жақты талқыланды.
Мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы «Әділетті Қазақстан, Таза Қазақстан, халықаралық саясат» атты баяндамасында еліміздегі жүйелі реформалар, қоғамдық жауапкершілік және экологиялық бастамалардың өзара сабақтастығына тоқталды.


Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы – ректоры, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Наурызбай Байқадамов өз баяндамасында бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырудағы сапалы білім, ғылым мен тиімді мемлекеттік басқарудың маңызын атап өтті.
Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Қаршыға Есімсейітова «Тарих, мәдениет және руханият туралы пайымдар» тақырыбында ұлттық құндылықтарды сақтау, тарихи сананы жаңғырту және рухани сабақтастық мәселелерін ортаға салды.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры, заң ғылымдарының кандидаты Ақзада Мадалиева «Конституция және Заң мен Тәртіп» тақырыбындағы баяндамасында құқықтық мемлекетті нығайту, заң үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтық жауапкершілікті арттыру мәселелерін саралады.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің философия докторы (PhD) Серікхан Жүзеев «Жастарға арналған ойлар: білім, еңбек, жауапкершілік және болашақ» тақырыбында сөз сөйлеп, жас ұрпақтың бойында білімге ұмтылыс, еңбекқорлық, отаншылдық және жауапкершілік құндылықтарын қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Дөңгелек үстелге қатысушылар Мемлекет басшысының еңбегіндегі әділеттілік, заң үстемдігі, ашықтық, адал еңбек пен жауапкершілік қағидаттарының қоғам дамуындағы маңызын жан-жақты талқылады.
Пікір алмасу кезінде «Заң мен Тәртіп» қағидатын қоғамдық санада орнықтыру, ұлттық руханиятты дамыту, білім мен ғылымның беделін арттыру, жастарды адал еңбек пен азаматтық жауапкершілікке баулу
бойынша ұсыныстар айтылды.
Жиын Мемлекет басшысының еңбегінде көтерілген бастамалар мен құндылықтарды қоғамда кеңінен насихаттауға, ел болашағына қатысты өзекті мәселелер төңірегінде мазмұнды пікір алмасуға мүмкіндік берген маңызды диалог алаңына айналды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!