Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қойды неге түлен түртті?

11.09.2023, 8:30 318

HALYQLINE.KZ

(мысал)

Өрісте жайылып жүрген Қой шөптің арасынан терісін түлетіп жатқан Жыланды көріп қалады.

Қой:

– Бұл не?

– Жаңарып жатырмын, – дейді Жылан ысылдап.

Мына көрініс көптен бері түлен түртіп жүрген Қойға ой салады.

– Бүгіннен бастап мен де өзгеремін, – деді Қой маңырап. Сол арада үстіндегі жабағы тонын шешіп тастайды. Жалаңаш Қойды көріп басқалары бетін басып тұра қашады.

Қой жантақ жеп тұрған Тайлаққа жақындайды.

– Таке, үстіңдегі жабуыңды маған берші, – деп өтініш жасайды. Тұлдырсыз тұрған соң Тайлақ келіседі. Жабуды сүйретіп Қой тастың үстінде сақалын тарап отырған Текеге келеді.

– Маған сақал керек.

– Неге?

– Өзгеремін.

– Қойда сақал болмайды.

Ақыры Қой Текені «каким то образом» көндіреді. Мұнымен іс бітпейді. Шарбаққа әукесін үйкелеп тұрған Бұқаны көреді.

– Мүйізіңді бере тұрасың ба?

– Не үшін?

– Жаңарамын, – дейді Қой.

Төбесінде мүйізі, иегінде сақалы, үстіне жамылған жабуы бар Қойды жан-жануарлар танымай қалады. Қой қораға кірмейді. Сыртында жатады. Бір күні ауылдың қаңғы иттері бас салады. Түйе құтқарып алады.

– Қойеке, бұл әдетіңді қойсаңшы, – дейді.

– Жоқ, өз жолымды білемін, – деп көнбейді.

Қой енді Есекке келіп құйрығы мен тілін сұрайды.

Ол мақсатына да жетеді. Қазір ол маңырамайды, тек есекше ақырады.

Мұны естіп Қойдың пірі Шопан ата жетеді.

– Бұл жүрісің қалай? Қойдың басқа жануарлардан айырмасы бар ғой. Сенің мына түрің малғұнға ұқсайды. Отарыңнан адаспа, – деп, Шопан атасы ұрысады.

– Жоқ, мен емес сендер адасқансыңдар, – деп Қой қайтпайды. Ақыры Қой өзге қойлармен өріске баруға бас тартады. Жерде өскен жусан мен шағырды арам шөпке балайды. Ағаштың басында банан жеп отырған Маймылды көріп былай дейді.

– Міне,нағыз адал ас аспанда өседі, – деп ағаштың басына өрмелейді. Ұшар басына жетіп бананды үзе бергенде тұяғы тайып кетіп жерге омақата құлайды. Сүйтіп отарынан адасқан Қой сазайын тартты.

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе  қаласы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: