Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Пияз тураған министрлер

17.06.2025, 7:00 77

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі сатира

(«Далбаса дөкейлер» сатиралық романымнан үзінді)

Премьер-министрдің реформалары министрлер мен кландардың, улы жыландардың, басқарма басшыларының, мақтабастардың, есекбастардың тіпті әкімдердің ауыздарына ұшық шығарып, қан айналымдарын қоюлатып, бетонды беттерінің өзін жыбырлатып, «енді не істейміз?» деп сыбырлатып, тыныштарын танкімен таптағанадай болды. Премьер Жүндібаев министрлер мен сала басшыларының бас қосуында қалтасынан пияз шығарып:

– Мынау не? – деп сұрады.

– Пияз! – деді бір министр.

– Жоқ!

– Домалақ! – деді тағы бір министр.

– Өзің домалақ!

– Лук! – деді бір сала басшысы.

– Өзің жук! – деді Жүндібаев. Дауысы зәрлі. Қуырып барады.

– Білмедік, – деп міңгірледі Халықтың қарнын қампитамыз министрі.

– Сені кім деп атаймыз?

– Министрмін.

– Жоқ, сен бос, даңғырлаған канистрсің. Мұны пияз демейміз, халықтың көз жасы дейміз. Қырш-қырш жей бастағаннан, көздеріңнен сораларың ағады. Демек, көз жасы. Халық өтірік есептеріңе, уәделеріңе тойды. Кландардың қолшоқпарлары әр салаға жасырынып алып, халықты теспей сорып, жылатып жатыр. Тіпті кейбірің билікте болсаңдар да, сол кланға бағынасыңдар. Сондықтан бәрің жаппай пияз жеуді бастаңдар. Халықпен бірге жылаңдар. «Пәленшеев пияз жемей жүр» деген ақпарат түссе болды, жылы орындарыңнан хош айтысасыңдар. Х-хе-хе-хе…

– Министр басымызбен ыңғайсыз емес пе екен? – деген минстрдің сөзі үкімет басшысының жынын келтірді. Пиязбен жіберіп ұрып еді, маңдайына сарт ете қалды, тіпті артына қарай жалп ете қалды Сол екен өзгелері:

– Пияз қандай тамаша, пияз сондай тамаша, пияз, пияз, пияз, пиязеке… – деп әндете бастады. Сол екен, олардың қалталарында бір-бірден пияз болды. Тіпті бір қапшық пиязды кабинетіне әкеліп қойып, қыршылдатып жеп, көз жастары көл болып отырғандарды көргендер бар. Басқарма, департамент басшыларының кабинеті төрінде пияздың «портреті» ілініп тұрды. Ол ол ма, оңтүстік жақтағы бір жылмақай, өтірікші, уәде бергіш қалалық мәслихаттың төрағасы пиязға «қаланың құрметті пиязы» деген атақ беріп, жұртты таң қалдырды. Пияз ұранға айналып, билбордтарда «пияз ащы да болса тәтті, тәтті болса да ащы» деп жазылды. Көше тәртібін бұзған шопырлар МАИ инспекторларына пара ретінде пияз беріп кететін болды. Қара базарларда пияздың бағасы күрт өсті. Қабығының өзі – қырық мың теңге! Килосы – елу мың! Ойпырмай, осылай пияздың қадірі бірден өсіп кетеді деп кім ойлаған?

Мұхтар  ШЕРІМ,

Шымкент  қаласы

Фото: enigma-project.ru

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: